Қырғызстанда еттің қымбаттауына "ашық-шашық киінген әйелді" кінәлаған молданың басы дауға қалды

Қырғызстанда базардағы еттің қымбаттауына көпшілік орында "ашық-шашық киініп жүретін" әйелдерді кінәлаған имамның сөзі қоғамда қатты сынға қалды. Оның сөзі жұртты ашуландырғанымен, елдегі діни басқарма өзгелер "сөзін дұрыс түсінбеген" деп, молданы қолдап отыр.

ҚОҒАМ СЫНАҒАН МОЛДАНЫ ДІНИ БАСҚАРМА ҚОЛДАДЫ

Қырғызстанда Садыбакас Доолов деген имам базарда еттің қымбаттауына "ашық-шашық киініп", "еті арзандап кеткен" әйелдер кінәлі деді.

"Қалада ет қашан қымбаттайтынын білесіздер ме? Әйелдің тәні арзандағанда. Денесін ашық ұстап, санын жарқыратып көрсетіп жүрген әйелдің еті арзандайды" деді Доолов шілденің басында Бішкекте өткен жиында.

Бұрын елдегі ислам университеттерінің бірін басқарған 53 жастағы Доолов ер адамдарды "мұндай масқараны" тоқтатып, әйелге қысқа киінуге тыйым салуға үндеді.

Халқының көбі мұсылман дінін ұстанатын Қырғызстанда әлеуметтік желіде жарияланған Дооловтың сөзі жұрттың ашу-ызасын туғызды. Олардың кейбірі имамды әйелді қорлап, кемсітті деп айыптап, оны қылмыстық жауапқа тартуға шақырды.

Свердлов аудандық соты алдында наразылық митингісін өткізген қырғыз қыз-келіншектер "Әйел ет емес!" деп айғайлады. Бішкек, 8 шілде 2022 жыл.

Бірақ елдегі діни басқарма имамды қолдап, оның сөзі шариғатқа да, адам құқықтарына да қайшы емес деді.

Мемлекет бақылауындағы Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы (ҚМДБ) Дооловтың сөзін үш өлшем бойынша зерттегенін, сөйтіп оның сөзінің ислам заңдарына қайшы келмейтінін, ешкімнің ар-намысына тимейтінін, саясатқа еш қатысы жоғын анықтағанын айтты.

"ИМАМНЫҢ СӨЗІН ДҰРЫС ТҮСІНБЕГЕН"

ҚМДБ өкілдері Садыбакас Дооловтың өзімен де сөйлескен. 2020 жылы оған "Айкөл" медалін берген діни басқарма "жұрттың көбі имамның сөзін дұрыс түсінбеген" дейді.

Қырғызстандық екі белсенді ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет пен бас прокуратураға имамның үстінен шағым түсірген соң, діни басқарма осындай зерттеу жүргізген.

Ал Доолов өзін сынап жүргендер оның отыз минуттық уағыз кезінде айтқан сөзін контекстен ойып алып, дұрыс түсіндірмеген дейді.

Молда адамдар "бәріне билік пен саудагерді" кінәлай бермей, өзінің моральдық құндылықтарына мән беруі керек дегенді меңзегенін айтады.

"Ет бағасының [өскенін] неге айта бересіңдер, бірақ әйелдердің ашық-шашық киінуіне намыстанбайсыңдар дегендей бірнеше сөз болды" деп түсіндірді Доолов. Имам әйелді кемсітетін ойы болмағанын айтады.

"ЭКОНОМИКАДАҒЫ ДАҒДАРЫС ПЕН ЖОЛДЫҢ НАШАР БОЛУЫНА ДА ӘЙЕЛ КІНӘЛІ МЕ?"

Бірақ Қырғызстан қоғамында Садыбакас Дооловтың сөзін әйелді кемсітіп, құқығын таптау деп қабылдағандар оны қатты сынға алды.

8 шілдеде Бішкектегі Свердлов аудандық соты алдына жиналған қыз-келіншектер "Әйел ет емес!" деп айғайлады.

Әлеуметтік желі қолданушылар имам әйелдерді жек көретін, дінді бұрмалайтын наданның сөзін айтты деп жазды.

"Керемет! Енді Google-ға кіріп, [әйелдер бүркеніп жүретін] араб елдеріндегі ет бағасын салыстырып көр және теорияның сол жерде қалай жұмыс істейтінін байқа" деген пікір жазған бір адам.

Тағы бір қырғыз әйел "салдары мұндай ауыр болатынын білгенде, қысқа юбка кимейтін едім" деп сарказммен жауап берген.

"Экономикалық дағдарысқа да, жолдардың нашар болуына да әйелдер кінәлі болуы керек" деп мысқылдаған ол.

Бір адам Дооловтың сөзінен экстремистік идеялар байқалатынын, оны қауіпсіздік органдары тексеруі керек екенін жазыпты. Ал тағы біраз адам күмәнді идеялар айтатын адамның жастарға діни білім беріп жүргеніне алаңдайтынын білдірген.

Садыбакас Доолов әлеуметтік желіде өте белсенді. Оның Instagram-парақшасына 124 мың, YouTube-каналына 200 мыңнан астам адам жазылған.

Ол 1980 жылдардың аяғы, 1990 жылдардың басында Тәжікстанда діни білім алған. Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош мемлекеттік университетінде филология мамандығын оқыған.

Мемлекеттік баспасөз құралдарының хабарлауынша, Садыбакас Доолов Қырғызстанда кемінде екі діни оқу орнын басқарған. Қазір ол Бішкектің Свердловск ауданындағы мешітте имам болып жұмыс істейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қыз алып қашып, өлтірді". Қырғыз халқы неге шулады?"Өлтіру керек!" деп шулады". Бір топ ер адам Қарағандыдағы феминистер шарасының шырқын бұзды"Полициядан түңілдім". Өзін "алып қашқандарды" жауапқа тартқыза алмаған қыздың хикаясыБалаларын өз атына жаздырған жалғызілікті ананы билік сотқа бердіТүркіменстан әйелдер құқығын шектейтін жаңа ережелер енгізді