Суды бекіту мен шекарадағы кептеліс қазақ-қырғыз қарым-қатынасына қалай әсер етті?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров.

Интернетте қазақ шаруасының түсірген видеосы қолданушылар арасында қызу талқыланды.

“Жамбыл облысы. Қант қызылшасы. Су жоқ. Қызылша өліп қалған”, — дейді шаруа.

Тамызда облыстағы қызылша өсірумен айналысатын шаруалар cусыз қалған. Олар ағын суды Қырғызстаннан алатын.

Бірақ шаруалардың бәрі бірдей бұған Қырғызстанды кінәлаған жоқ. Кей кәсіпкерлер жергілікті билікке шағынды.

“Бізге мұндай әкімнің не керегі бар?” деді шаруалардың бірі Азаттық тілшісіне.

Қырғызстанның ауыл шаруашылық министрлігі ағыстың төменгі жағында орналасқан көршісінің алдындағы міндетін толық орындағанын айтады. Бірақ биылғы құрғақшылыққа байланысты бөлісетін артық су жоқ. Министрлік дерегінше, Талас облысының солтүстік-батысында орналасқан Киров су қоймасындағы су көлемі былтырғыдан әлдеқайда аз және өз сыйымдылығының 3 пайызын ғана құрап отыр.

Киров су қоймасы.

Киров су қоймасының жер серігінен биыл және былтыр түсірілген суреттері де осыны дәлелдейді. Қырғызстанның солтүстігіндегі шаруалар да су тапшылығына шағынып отыр.

Қырғыздардың көбі Қазақстан өздерін жазалап отыр деп есептейді.

20 тамыздан бері "Ақ тілек" шекара бекетінде жүздеген жүк көлігі тұрып қалды. Кейінгі күндері Кен Бұлан шекара бекетінде де дәл сондай ұзын-сонар кезек түзілген.

"Ақ тілекте" кептелісте тұрған жүк көлік жүргізушілері қазақстандық шекарашылар күніне 6 көліктен ғана өткізіп отырғанын айтады. Қалыпты режимде сағатына 20 көліктен өтуі керек.

Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 23 тамызда журналистерге ұлттық қауіпсіздік комитеті шекарада есірткіге қарсы операция жүргізіп жатыр деп мәлімдеген. Ол шекарадағы кептеліс әлі қанша уақытқа созылатынын айтпады.

Бұл аздай, 24 тамызда Қазақстан президентінің әкімшілігі аяқ астынан 25-26 тамызда Қырғызстан билігінің ата жауы Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонды қабылдайтынын хабарлады.

Кездейсоқтық па? Мүмкін.

Бірақ осыған дейінгі тәжірибеден Астана Бішкекке наразы болған кезде әртүрлі жолмен өкпесін білдіретінін білеміз.

СУДЫҢ АЗДЫҒЫ ШИЕЛЕНІС ТУҒЫЗАДЫ

Орталық Азияда су ресурстарына қатысты шиеленіс бұрыннан бар. 2016 жылы Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келгелі өңірлік әріптестік жақсара бастады.

Мирзияевқа дейінгі президент Ислам Каримов бұл мәселеде қатқылдық танытып, су сияқты трансшекаралық ресурстарға қолжетімділік үшін әскери кикілжің болуы мүмкін екенін ескерткен.

20 тамыздан бері қазақ-қырғыз шекарасында пайда болған ұзын-сонар кезек.

Биылғы құрғақшылық өңірдегі ауыл шаруашылығына көп шығын келтірді.

Сәуірде Мирзияевтің кеңсесі Сырдария мен Әмудария өзендеріндегі су көлемі 10-20 пайызға азаяды деген болжамнан кейін дабыл қағып, су үнемдеу бойынша төтенше жағдай енгізу туралы жарлық шығарды.

Жыл басында тау өзендерінің суы молаяды деп күтілген еді. “Шекарасыз өзендер” коалициясының халықаралық үйлестірушісі Евгений Симоновтың айтуынша, бұл үміт ақталмаған.

— Өңірдегі барлық өзендерде осы тенденция байқалады. Бірақ Қырғызстан тауларынан бастау алып, Қазақстандағы Шу, Талас, Сырдария өзендеріне құятын өзендердің көлемі азайған сияқты. Жыл басында Орталық Азия елдері құрғақшылық кезінде су үнемдеудің орнына мөлшерден тыс жұмсаған болуы мүмкін. Су жетпеген кезде көршілер арасында келіспеушіліктер болып тұрады. Бұл кикілжіңдерді шешу механизмдерін жетілдіру керек, — дейді Симонов.

Киров су қоймасы.

Қырғыз шенеунігі, ирригация мәселесі бойынша сарапшы Улан Шортомбаев шекарадағы кептелісті су тапшылығымен байланыстырды.

23 тамызда Қырғызстан ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Алмазбек Сокеев қазақстандық әріптестері жағдайға түсіністікпен қарағанын, шекарадағы мәселенің су тапшылығына еш қатысы жоғын айтты.

Жаз басында Бішкек Астанаға суға қатысты қиындықтар болуы мүмкін екенін ескерткен. Бірақ Қырғызстан тамыздың басына қарай сумен қамту бойынша квотасын толық орындағанын айтты. Осыған байланысты су жіберу тоқтатылған.

Қазақ диқаншылары өздеріне қажет су ала алмай отырғанын айтады.

Қазақстан көршісін сумен ойнап отыр деп кінәламады. Бірақ экология министрлігі 9 тамызда жасаған мәлімдемесінде Киров су қоймасының биылғы (32,48 млн м3) және былтырғы (144,8 млн м3) көлемінің арасында үлкен айырмашылық барына назар аударған.

— 2022 жылғы кесте бойынша, тамызда Қазақстанға Талас өзенінен секундына 45 м3 су керек болған. Қазір су келіп жатқан жоқ, — деді министрлік өкілдері. Олар Қырғызстанмен келіссөздерді жалғастыруға уәде берді.

Судың 80 пайызын Қырғызстаннан алып отырған Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Шаруалар былтырғы жылмен салыстырғанда өнімнің 25-30 пайызынан айырылады. Билік су тапшылығынан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлейтін болды.

Қырғызстан билігі "Ақ тілек" шекара бекетінде тұрған жүргізушілерге шатыр құрып, қолдау көрсетті.

— Қырғызстан жағы жақсы жұмыс істеп жатыр. Қазақстан тарабы қиындық туғызып отыр. Адамдар шекарадағы кептеліс Қырғызстанның су бермей қоюымен байланысты деп жатыр, бірақ бұл анық емес, — деді Игорь есімді жүргізуші.

Қазақтар мен қырғыздар – тілі, мәдениеті мен дәстүрі ұқсас халықтар. Қос мемлекеттің саяси қарым-қатынасы онша жақсы емес.

2017 жылы Қырғызстанның отставкаға кетіп жатқан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы сайлауға араласады деп айыптады. Ол Қазақстан басшысын моңғол хандарына ұқсайтын кәрі автократ деп атап, қазақстандық элита өз халқын тонап жатыр деді.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев.

Қазақстанның жауабы ұзақ күттірмеді. Шекарада қазіргідей ұзын-сонар кептеліс түзіліп, билік мұны контрабандағы қарсы күрес операциясы жүріп жатыр деп түсіндірді.

Атамбаев Қырғызстан Қазақстанды 2-3 күнге сусыз қалдырса, бәрі шешіледі деп көкіді. Бірақ артық кеткенін түсінген болуы керек, қоқан-лоқысын жүзеге асырған жоқ.

Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы шекара экспортпен айналысатын кәсіпкерлер мен Ресейге тауар жіберетіндер үшін маңызды. Қос мемлекет те Еуразия экономика одағына мүше. Бірақ бұл Қазақстанға шекарада әртүрлі шектеулер енгізуге кедергі болған емес.

Қырғызстандағы әлеуметтік желі қолданушылары мемлекеттің өзінен әлдеқайда қуатты көршісіне қысым жасау үшін суды пайдаланып отырғанына наразылық білдірді.

31 шілдеде Asia Times сайтында жарияланып, кейін қазақстандық басылымдар аударып басқан материалда Қырғызстанның қысымы Ресеймен байланыстырылып, Мәскеу Қазақстаннан санкцияларды айналып өтуге қатысты көбірек қолдау күтіп отыр делінген.

Бірақ Киров пен Тоқтоғұл су қоймаларының суреті бұл аргументті жоққа шығарады. Орталық Азиядағы су ресурстары дұрыс басқарылмайтыны рас. Бірақ биыл су аз екені айқын көрініп тұр.