Наразылар Ақ үйді алып, Атамбаевты түрмеден босатты. ОСК даулы сайлау қорытындысын жоюды ұйғарды

Your browser doesn’t support HTML5

"Жээнбеков, кет!" Парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразылар полициямен қақтығысып, Қырғызстан президентінің кеңсесіне басып кірді. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Қырғызстан ОСК парламент сайлауының қорытындысын жойған жөн деп шешті. Билік наразы азаматтар Ақ үйді басып алып, экс-президент Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше бұрынғы шенеунікті түрмеден босатқан соң осылай ұйғарды. Наразылар қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің биліктен кетуін, сайлауды қайта өткізуді талап етеді. Дүйсенбідегі қақтығыстан кемінде бір адам қаза тауып, жүзден астам адам зардап шекті.

6 қазан күні түстен кейін Қырғызстан орталық сайлау комиссиясы жексенбіде өткен парламент сайлауының қорытындысын жою туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы ОСК баспасөз хатшысы Марина Гречанная айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Бұған дейін ОСК мүшесі Гүлнура Журабаева сайлаудың қорытындысын жою туралы шешімді қолдап ОСК-нің 11 мүшесі дауыс бергені жөнінде Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазған.

Сейсенбі күні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков елге видеоүндеуінде даулы сайлаудағы заңбұзушылықтар жайлы барлық фактілерді мұқият тексеріп, егер "қажет болса, сайлау қорытындысын жоюды ұсынғанын" мәлімдеген еді. Бұға қоса ол "сайлауды сылтау еткен кейбір саяси күштер қоғамдық тәртіпті бұзып, билікті заңсыз тартып алуға әрекет жасағанын" айтты.

"Қан төгілмесін, бір де бір азаматтың өміріне қауіп төнбесін деп күш органдарына оқ атпауға бұйрық бердім. Жағдайды ушықтырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Мемлекеттің тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы депутаттық мандаттан жоғары" деді Жээнбеков.

Your browser doesn’t support HTML5

Наразылар Жээнбеков кеңсесіне қалай басып кірді?

Қырғыз президенті саяси партияларды жақтастарын тыныштандырып, барлық күштерді заң аясынан шықпауға, елді "арандатушыларға алданбауға" үндеді.

Президент Жээнбеков бұл мәлімдемесін парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразы оппозициялық күштер мен олардың жақтастары дүйсенбі күні Бішкектің орталығындағы митингіден кейін президент кеңсесі мен бір палаталы парламент орналасқан Ақ үйді басып алғаннан кейін жасады.

Дәрігерлердің мәліметінше, дүйсенбіде Бішкектегі қақтығыс салдарынан кемінде бір адам мерт болып, 120 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. 13 адамның реанимация бөліміне жатқызылғаны хабарланды.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қақтығыстан зардап шеккендер арасында "құқық қорғау органдарының" 40 қызметкері бар.

АЛА-ТОО АЛАҢЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС

Жексенбіде өткен парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген оппозициялық партиялар 5 қазанда Бішкектің орталық алаңында наразылық митингісін өткізген болатын. Алаңға жиналғандардың бір бөлігі кешкі сағат тоғыздың шамасында Қырғызстан президенті мен парламенті отыратын Ақ үйдің аумағына кіруге талпынды.

Полиция жасағы құлақ тұндыратын граната, жас ағызатын газ бен резеңке оқ қолданып, наразылардың бетін қайтарған. Алаңнан шегінгенімен наразылар тарап кетпеді, қайта уақыт өткен сайын олардың қатары көбейе берді. Полицияның бірнеше көлігі өртенді.

Полиция жасағына қарсылық көрсетіп жатқан наразылар. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Бірер сағатқа жалғасқан қақтығыстан кейін полиция күшін еңсерген наразы топ Ақ үйге енді. Олар президент Сооронбай Жээнбековтің кабинетіне дейін кіріп кетті деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Жээнбеков бұл кезде кабинетінде болмаған.

Жергілікті басылымдар полиция мен арнайы жасақ наразыларға ешқандай қарсылық көрсетпей, халықпен бірге екенін жеткізді деп хабарлады.

Әлеуметтік желіде жарияланған фотоларда жеті қабатты үкімет ғимаратының ішінде демонстранттардың президенттің жұмыс кабинеті мен өзге де бөлмелерде жүргені бейнеленген. Суреттерде біреулердің ғимараттағы жихазды бүлдіріп жатқаны, тағы бірінде президент Жээнбековтің портретін теуіп жатқаны байқалады.

Наразылардың Ақ үйге басып кірген сәті. Фоторепортаж

Наразылардың енді бір тобы Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті () ғимаратының тергеу абақтысында қамауда отырған бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты қамаудан босатты. МҰҚК өкілдері наразыларға қарсылық көрсеткен жоқ деп жазды жергілікті басылымдар.

Биыл маусымда "кәнігі қылмыскерді түрмеден заңсыз босатуға болысқан" деген айыппен 11 жыл 2 айға сотталған Атамбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Қырғызстан МҰҚК тергеу абақтысында қамауда отырғанэкс-президент Алмазбек Атамбаевты босатуды талап етіп келгендер. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Атамбаевтан өзге бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков (жемқорлық айыбымен 18 жылға сотталған ), экс-премьер Жанторо Сатыбалдиев (жемқорлық айыбымен 7,5 жылға сотталған), парламенттің бұрынғы депутаттары Садыр Жапаров (билік өкілін кепілге алу айыбымен 11 жылға сотталған) пен Равшан Жээнбеков (Қой-Таш ауылындағы қақтығыс бойынша күдікті ретінде тұтқындалған) те қамаудан босатылды.

Сейсенбі күні таңертең наразылар басып алған Ақ үйдің үшінші қабатында өрт шықты. Азаттықтың Қырғыз қызметі президент кеңсесі мен бір палаталы парламент орналасқан ғимараттан қою түтін будақтап, өрт сөндірушілердің жалынды өшіруге тырысып жатқанын хабарлады.

Президент кеңсесіндегі өрт. Бішкек, 6 қазан 2020 жыл.

Бішкектегі наразылық митингісін ұйымдастырушылардың бірі, "Ата Мекен" партиясынан парламент депутаттығына кандидат Жанар Ақаев "ертең (6 қыркүйек – ред.) жаңа премьер-министр мен үкіметті тағайындап, келесі кезеңде халық сайлауын өткізу керек" деп мәлімдеді. Ол оппозицияның қазіргі билікпен келіссөз өткізбегенін айтты.

Дүйсенбі күні митинг кезінде аяғы жараланған Жанар Ақаевтың ауруханаға жеткізілгені хабарланған.

Ала-Тоо алаңы, Бішкек. 5 қазан 2020 жыл.

Қырғызстандық белсенділер мен сайттар сайлау нәтижесіне наразылардың Бішкектегі орталық "Ала Тоо" алаңын толық бақылауға алғанын хабарлады.

Сооронбай Жээнбековтің баспасөз хатшысы Толгоной Стамалиева AKИpress басылымына ел президентінің Бішкекте екенін айтқан. Жээнбеков 6 қазан күні таңертең сайлауға қатысқан 16 партияның өкілдерімен кездесу өткізбекші болған еді.

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ СЕБЕБІ

4 қазанда Қырғызстанда өткен парламент сайлауына елдегі 16 саяси партия қатысқан. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған сайлаудың алдын ала қорытындысына сай, "Биримдик", "Мекеним Кыргызстан", "Кыргызстан" және "Бутун Кыргызстан" партиясы 7 пайыздық межеден өткен.

Жаңа құрылған билік партиясы – "Биримдик" 24,5 пайыз дауыс алса, "Мекеним Кыргызстан" - 23,88, "Кыргызстан" 8,76 пайыз дауыс жинаған.

Бұл үш партия үкіметті қолдайтын саяси ұйымдар ретінде сипатталады. "Биримдик" те, "Мекеним Кыргызстан" да Мәскеу үстемдік ететін Еуразия экономикалық одағын жақтайды және Ресеймен қауіпсіздік саласында жақын ынтымақтасу керек деп есептейді.

Оппозициядан жалғыз "Бүтүн Кыргызстан" партиясы ғана 7,13 пайыз дауыспен межеден өте алды. Додаға түскен қалған 12 партия парламентке өтпей қалды.

Жеңілген партиялар сайлаушылардың даусын сатып алу фактілері, әкімшілік ресурстарды пайдалану әрекеті болғанын айтады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) "дауыс сатып алынғаны жайлы расталған айыптаулар" Қырғызстандағы сайлауға көлеңке түсіргенін айтып, оппозицияның мәлімдемесін қуаттағандай болды.

"Биримдик" партиясы өзін "кандидаттарын парламентке өткізу үшін әкімшілік ресурсты пайдаланды деп" айыптағандардың сөзін жоққа шығарды.

5 қазанда Бішкектегі орталық алаңда өткен парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразылық митингісіне он мыңдаған адам қатысты.

Елдің солтүстігіндегі Талас қаласы мен орталық аймақта орналасқан Нарын облысында да наразылық акциялары болды.

Бішкектегі наразылық. 5 қазан 2020 ж.

Your browser doesn’t support HTML5

Қырғызстанда оппозициясы сайлауды қайта өткізуді талап етіп, наразылыққа шықты