18 ақпан күні Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы (ҰҚМК) Камчыбек Ташиев шұғыл түрде Бішкектен елдің оңтүстігіндегі Баткен өңіріне ұшып кетті. Жақында ғана Германияда емделіп келген шенеуніктің бұл асығыс сапарына Тәжікстан мен Өзбекстан шекарасына жақын ауыл тұрғындарының наразылығы себеп болды.
Былтыр қарашада шекара қызметі ҰҚМК құрамына өткен. Сондықтан бұл мәселені шешу Ташиевтің тікелей жауапкершілігіне кіреді.
Баткен және Жалал-Абад өңірлерінде шекараға жақын тұратын азаматтар демаркация мәселесінің әлі күнге шешілмегеніне шағынып, осы айдың басында ел астанасында наразылыққа шыққан.
Шекара маңындағы ауыл тұрғындары көрші мемлекеттердің Қырғызстан территориясына жиі қол сұғатынын айтып, бұған тоқтау салуға шақырған.
Елдің жаңа премьер-министрі Улукбек Марипов 8 ақпанда Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында орналасқан даулы Төрт-Гүл су қоймасы туралы айтты.
"Өкінішке қарай, біз [қырғыздар] Төрт-Гүл су қоймасының жоғарғы арнасын беріп қойған сияқтымыз" деді Марипов.
Қырғызстанның шекаралы аудандарында тұратын тұрғындар шенеуніктерден Марипов айтқан сөзді естігісі келмейді.
15 ақпанда Бішкекте өздерін "Чек ара" ("Шекара") деп атайтын баткендік наразылар тобының жетекшісі Гүлжигит Исаков жаңа популист президент Садыр Жапаровты сынады.
"Біреулер шекарамызды басып алып жатқанда, Садыр Жапаровтың бірде-бір сұхбатында бұл мәселені көтермегені қынжылтады" деді ол.
ҚЫРҒЫЗСТАН-ТӘЖІКСТАН ШЕКАРАСЫ
Исаков Қырғызстанның Ақсай және Көк-Таш ауылдарында кейінгі он жылда шекараның екі жағындағы халық арасында көп қақтығыс болғанын атап өтті.
Бұрынғы қақтығыстар кезінде адамдар бір-біріне тас пен таяқ лақтырумен ғана шектелсе, кейіннен қару қолдануға көшіп, тіпті адам өлімі де тіркелген.
11 ақпанда тәжік ауылдарының тұрғындары Көк-Ташқа жақын маңдағы Чек-Добо ауылындағы жерге ағаш еккен.
Бұл жер демаркация жүргізілмеген аумақта орналасқан.
Ертеңіне отырғызылған ағаштарды түбімен қопарып алып тастаған. Ал тәжік ауылдарының тұрғындары қайтадан ағаш отырғызуға барған.
Бірақ қырғыз шекарашылары келіп, оларға дөрекі сөйлеп, жұмысты тоқтатуды талап еткен. Артынша тәжік шекарашылары келіп, қос тараптың әскерилері бір-біріне қарсы позицияға тұрған.
Бішкекте Исаков "Тәжікстан тарабы Ақсайға жауынгерлері мен техникасын кіргізді… Өйткені біздің әскерилер ол жердегі бекетін алып тастады" деп мәлімдеді.
Қырғызстан мен Тәжікстанның ресми тұлғалары келіссөзге келіп, қос тарап өкілдері даулы жерде ешқандай жұмыс жүргізбеуге уәде бергеннен кейін ашу-ыза басылғандай болған.
Бірақ болған оқиға шекара мәселесінің нәзік тақырып екенін дәлелдеп, эмоцияның басымдығынан ағаш отырғызу сияқты қарапайым істің өзі қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін көрсетті.
ҚЫРҒЫЗСТАН-ӨЗБЕКСТАН ШЕКАРАСЫ
14 ақпанда Өзбекстан энергетикалық компаниясының жұмысшылары Қырғызстанның Баткен өңіріндегі Сулу-Баш және Боз-Адыр ауылдарының маңына электр бағандарын орнатуға кіріскен.
Ауыл Өзбекстанның Сох деп аталатын эксклавына (бір мемлекеттің екінші бір елдің территориясында орналасқан жері) жақын орналасқан. Бұл – Ферғана жазығындағы ерекше жерлердің бірі, өйткені ол Өзбекстанға тиесілі болғанымен, Қырғызстанның ішінде орналасқан, ал эксклавтың өзінде тәжіктер тұрады.
Этникалық қырғыздар шекарашыларды шара қолдануға шақырған соң, олар өзбек әріптестерімен сөйлесіп, көп ұзамай электр бағандары алынып тасталған.
Бірақ алдағы уақытта тағы да жаңа мәселелер тууы мүмкін. Өйткені Өзбекстан эксклав ауданымен тікелей байланыс орнату үшін онда әуежай салып жатыр. Оның құрылысы мамыр айында аяқталмақ.
Әуежай Қырғызстан территориясына қауіп төндірмейді. Бірақ жергілікті қырғыздарды көрші мемлекеттің Қырғызстан үкіметі тиісті көңіл бөлмей отырған ауданға едәуір назар аударып отырғаны алаңдатады.
Тәжік азаматтары Чек-Добо ауылына жақын жерге ағаш отырғызған күні Өзбекстан шекарашылары азаматтық киімдегі басқа адамдармен бірге Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бұқа ауданы Кош-Болот ауылының жанында шекаралық белгілер орната бастаған.
Кош-Болот тұрғындарының айтуынша, өзбектер Қырғызстан территориясына өтіп кеткен.
"Өзбекстанның әскери қызметкерлері жергілікті тұрғындардың бірінің үйіне жақын барып, баған қойып, өз жері сияқты белгі орнатып кетті. Оқиға орнына келген қырғыз шекарашылары бұған ештеңе деген жоқ" дейді олар.
Қырғызстандағы Kaktus.media сайтының дерегінше, үкіметтегі ақпарат көздері "өзбек шекарашылары 2017 жылы қыркүйекте жасалған келісімге сәйкес, Өзбекстанға тиесілі жерлерге белгі орнатқан, ал жергілікті тұрғындар жағдайды түсінбей, наразылық білдірген" деп хабарлаған.
Ала-Бұқa ауданында бұған дейін де Өзбекстан мен Қырғызстан арасында шиеленіс туып, әртүрлі даулар болған.
Бұл жерде орналасқан су қоймасына екі мемлекет те таласып отыр: Өзбекстан Совет одағы кезінде су қоймасының құрылысына қаржы бөлгенін айтса, Қырғызстан стратегиялық нысанның өз территориясында тұрғанын алға тартады.
Қоймадағы суды негізінен Өзбекстан пайдаланады.
Өзбекстан әскері 2016 жылы бұл ауданға екі рет басып кіріп, сол жылы тамызда Унгар-Тоо деп аталатын тауға бекініп, телекоммуникациялық ретрансляциялық станцияны басқаратын бірнеше қырғыз қызметкерін тұтқынға алған.
МӘСЕЛЕНІҢ ОҢАЙ ШЕШІЛЕТІН ТҮРІ ЖОҚ
Қырғызстан-Tәжікстан шекарасы – 976 шақырым, оның 520 шақырымы демаркацияланған. Қырғызстан-Өзбекстан шекарасы – 1378 шақырым, оның 1100 шақырымы белгіленген.
Қырғызстанның шекаралық мәселелер жөніндегі арнайы өкілі Назирбек Борубаев 15 ақпанда өткен баспасөз конференциясында "Көп азамат "негізсіз дерекке" сүйеніп, "жерімізді көрші мемлекетке беріп жатыр" деген ақпарат таратып жүр" деп мәлімдеді.
Бірақ кей қырғыз азаматы бұл пікірге күдікпен қарайды.
Ташиев наурыздың бірінші жартысында Тәжікстанның ресми тұлғаларымен, екінші жартысында Өзбекстан билігімен шекара мәселесі бойынша келіссөздер басталатынын айтты.
Ташиев сондай-ақ шекара қауіпсіздігіне бөлінетін қаржы көлемі артатынын айтып, Баткен облысы тұрғындарына "Қырғызстан жерінің бір шаршы сантиметрі де көрші мемлекетке берілмейді" деп уәде берді. Ол бұл уәдесін ҰҚМК басшысы болмай тұрып та бірнеше рет қайталаған.
Мұндай пікір қырғыз халқына ұнағанымен, Қырғызстанмен мәмілеге келуді көздеп отырған көрші елдермен келісуді қиындатпақ.
Борубаев "Қажет болса, Мәскеудің архивінен бірнәрсе табамыз" деді. Қазір өңірдегі бұрын болмаған мемлекеттердің шекарасын белгілеу үшін демаркациялық жұмыстарға Орталық Азия Ресей колониясына айналғаннан кейін жасалған карталар пайдаланылады.
Ресми тұлғалардың кездесіп, ресейлік, советтік карталарды қарап, бір шешімге келуі Орталық Азиядағы бес мемлекеттің демаркация жүргізілмеген шекараларын белгілеу процесін жеделдетуі мүмкін.
Бірақ аталған аудандарда тұратын халық үшін "шекара сызығын қай жерден жүргізу керек?" деген сұрақтың жауабы мал бағатын, егін егетін жерлер мен су ресурстарының қайда орналасқанына байланысты.
Шекараға байланысты келіссөздер жүріп жатқанда, даулы аудандардағы мал жаюға немесе өнім өсіруге арналған жерлер қараусыз, бос жатыр.
Қырғыз азаматтары бұрынғы үкіметтің Қырғызстан территориясына қай жерлер кіріп, қай аумақ кірмейтіні жөнінде жасаған келісімі туралы білмейтін сияқты.
Ағылшын тілінен аударған - Динара Тілеубек.