Қырғыз депутаттары артықшылықтан бас тарта ма?

Қырғыз парламенті - Жогорку Кенештің отырысы. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанда азаматтық белсенділер депутаттарды артықшылықтарынан айыру туралы бастама көтерді. Әзірге бұл ұсынысты бір ғана партия қолдады.

Қырғызстанда биыл көктемде құрылған «Депутаттарды артықшылықтарынан айырайық» деген арнайы қозғалыс елдегі саяси партияларға ерекше ұсыныс тастады. Саяси партиялар «парламентке өткен жағдайда бір айдың ішінде депутаттың артықшылықтарын алып тастау туралы заң қабылдауға немесе қазіргі бар заңдарға тиісті өзгерістер енгізуге уәде береміз» деген мазмұндағы декларацияға қол қоюы керек.

Декларацияда депутатты қол сұғылмау құқығынан және қызметтік көлікті пайдалану құқығынан айыру көзделген дейді осы бастаманы көтеріп жүрген журналист Азамат Тынаев.

– Автокөлікті пайдалану деген – қып-қызыл шығын. Мәшиненің бағасымен қоса бұған жүргізушінің жалақысы, жанармай шығындары кіреді. Осының барлығы – салық төлеушілердің ақшасы. Егер депутат басқа аймақтан келген болса және үйі жоқ болса, онда оның үй жалдап тұруына жететін ақша бөлінуі керек, бірақ бұл сома тым көп болмауы қажет. Депутатқа қол сұғылмауы керек дейміз. Бірақ егер прокурор оған саяси қызметіне қатысы жоқ айып тағатын болса, бұл мәселе ешқандай комиссия құрмастан, депутаттар қолдаухат берместен, ешқандай дауысқа салмастан шешілуі керек, - дейді ол.

Бұл декларацияға әзірге жалғыз «Республика – Атажұрт» партиясы қол қойды. Ал «Замандаш», «Мекен ынтымағы», «Атамекен», «Қырғызстан» партиялары бастаманы қолдап, оған қол қоямыз деп уәде берді.

БҰРЫН ҚОЛДАУ ТАППАҒАН ҰСЫНЫС

Қырғызстанда қазір сайлау науқанының қызған шағы, партиялар түрлі уәделерді үйіп-төгіп жатыр, содан болар әзірге ешкім «депутаттарды қол сұғылмау құқығынан айырмау керек» деп, белсенділердің бұл ұсынысына ашық қарсы шыққан жоқ.

Қырғыз парламенті депутаттығына кандидат Кубат Оторбаев.

Бұған дейін қоғамдық телеарна бас директоры қызметін атқарған, қазіргі кезде «Қырғызстан» партиясының атынан Жогорку Кенеш депутаттығына кандидат Кубат Оторбаевтың айтуынша, партияның бағдарламасында депутаттардың шығындарын азайтуды көздейтін арнайы бап бар.

– Біз депутатты қол сұғылмау құқығынан айыру мәселесін көтердік. Жалпы алғанда біз барлық шенеуніктердің, жетекшілердің халық үшін жұмыс істегенін қалаймыз, - дейді Кубат Оторбаев.

Қырғыз академигі Жамин Акималиев.

Жогорку Кенешке екі мәрте депутат болып сайланған академик Жамин Акималиевтің айтуынша, депутаттарға берілетін артықшылықтарды алып тастау туралы мәселе бұрын да көтерілген, бірақ ұсыныс онша көп қолдау таппаған.

– Бірнеше депутат «халықтан қорқатын ештеңе жоқ, халықты ашуландырмайық» деп, депутаттарды қол сұғылмау құқығынан айыру туралы бастама көтеріп, дауысқа салған. Алайда, бұл ұсыныс қолдау таппады. Кейбір демагог депутаттар «біз құқықты жақсы білеміз, әлемнің барлық елдерінде депутаттарға мұндай артықшылық берілген, ол бізде де болуы керек» деп қарсы шыққан. Мұның бәрі – жай сылтау. Партиялар бұл шарттарды қабылдай ма, ендігі мәселе сонда, - дейді Жамин Акималиев.

САЙЛАУ НАУҚАНЫ

Қазіргі сәтте Бішкектегі Жогорку Кенеш ғимараты тып-тыныш. Осы шақырылымдағы 120 депутаттың 90-ы қайта сайлануды ұйғарған, сондықтан олар үгіт-насихат жұмысына қызу кірісіп кеткен. Жогорку Кенештің негізгі атқаратын қызметі – заң шығару десек, олар бұл міндетін толық атқармағалы бірнеше айдың жүзі болды.

Сондықтан «міндеттерін атқармай жүрген депутаттар мен олардың көмекшілерінің жалақы алуға моральдық құқығы бар ма?» деген заңды сұрақ туады. Парламент ғимаратына арнайы барып, бақылау жүргізіп көргенімізде тек 2-3 депутаттың көмекшілері ғана жұмыс орындарында отыр екен. Қалғандарының есіктері жабық тұр.

Депутаттардың қызметтік көлікті үгіт-насихат мақсатына пайдалануына тыйым салатын заң бар. Алайда, бірнеше депутаттың мемлекетке тиесілі көліктермен аймақтарды аралап жүргенін байқадық.

Қырғызстанның "Ата-Мекен" партиясының сайлау алдындағы құрылтайы. Бішкек, 16 қыркүйек 2015 жыл.

тің гаражына да барып көрдік. Ондағы қызметкерлер барлық көліктердің орындарында тұрғанын айтып сендіруге тырысқанымен, мұны өз көзімізбен көруге мүмкіндік бермеді. Гараждың кілті бас инженерде екен, ал ол болса қызмет уақытында жұмыс орнында болмай шықты.

Түрлі деректерге қарағанда, Жогорку Кенештің қызметін ұйымдастыруға жылына 800 миллион сом жұмсалады екен. «Депутаттарды артықшылықтарын айырайық» қоғамдық қозғалысының белсенділері парламенттің шығындарын азайтуға мүмкіндік алғаннан соң үкімет пен президенттің шығындарын қысқарту мәселесін де көтермек. Президент пен оның аппаратын ұстап тұруға Жогорку Кенештен әлдеқайда көп қаржы жұмсалады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызы мақаласынан аударған – Мұхтар Екей)