Атамбаевтың алты жылы

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 22 тамыз 2012 жыл.

Қырғызстанның төртінші президенті болған Алмазбек Атамбаевты саяси сарапшылар «билікке туған-туыстарын тартпаған, жемқорлығы байқалмаған, бірақ эмоцияға көбірек берілетін саясаткер болды» деп сипаттайды. Олардың айтуынша, 2010 жылғы революциядан кейін билікке келген Атамбаевтың дипломатиялық тілден гөрі, қарапайым тілде эмоциямен сөйлегені халықаралық саясатта «пайда әкелмегенімен», ішкі саясатта «халықтың бір бөлігіне ұнаған».

Биыл күзде Қырғызстандағы президент сайлауы қарсаңында Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін бірнеше рет сынауы Қазақстан мен Қырғызстан ақпарат құралдарындағы бас тақырыптарының біріне айналды. Атамбаев бірнеше мәрте Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстан президенттігіне кандидат Бабановты қабылдағанына наразы болған. Саяси сарапшылар бұл мәлімдемелердің «өзге де астары болуы мүмкін» деп болжайды.

«ИНАУГУРАЦИЯДАН ҚАЛҒАН СЫЗ»

Қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевтың ойынша, Алмазбек Атамбаев Орталық Азиядағы постсоветтік республика басшыларынан өзгеше жолмен билікке жеткен. Сарапшы күрделі сайлауда бәсекелестерін жеңген Алмазбек Атамбаевтың көршілес елдердің билікте ұзақ отырған басшыларымен тіл табысуы қиынырақ болды деп топшылайды.

Қырғызстан саясаттанушысы Эмиль Жураев Атамбаевтың президенттік мерзімін «революционердің президенттігі» деп сипаттайды.

- Ол (Атамбаев – ред.) ашық, жалынды сөйлеуді үйренгенімен мемлекеттік басқаруды жүйелі жүргізе алмады, эмоцияға берілді. Сыртқы саясатта көршілес елдердің басшыларымен тіл табыса алмады. Ол Назарбаевқа ұнамайтын сөздерді бұрын да айтқан. 2010 жылғы революциядан бұрынғы және кейінгі Қазақстан билігінің әрекеттерін ұмытпаған сияқты, - дейді ол.

Назарбаев пен Атамбаев. Азаттық фотогалереясы:

Назарбаев пен Атамбаев

Атамбаев үлкен саясаттта алғаш рет 2000 жылы президент сайлауында Асқар Ақаевпен бәсекеде көрінген. Ақаев биліктен тайдырылғанда Құрманбек Бакиевтің командасында премьер-министр деңгейіне дейін жетсе де, 2009 жылғы президент сайлауы қарсаңында біріккен оппозицияның ортақ кандидатына айналудың шытырман жолынан өткен.

Президент сайлауының қорытындысын мойындамай, қамауға да алынған, Құрманбек Бакиев билігін ашық айыптаған Атамбаев осы сайлаудан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғаш рет үндеу тастап, Бакиевтің инаугурациясына қатыспауды өтінген.

- Нұрсұлтан Назарбаевты бұрыннан білемін, жақсы сыйлаймын, онымен кездесіп, әңгімелескенмін. Ол — саясаттағы патриарх. Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы бірегей көшбасшының бірі. Сондықтан мен оның мынау фарсқа қатыспауын сұраймын, - деген еді ол.

Алайда Назарбаев Құрманбек Бакиевтің инаугурациясына қатысқан жалғыз шетелдік басшы болды. Керісінше, Атамбаевтың 2011 жылы желтоқсанның бірінде өткен президенттік инаугурациясына бармай қалды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта), Ресей президенті Дмитрий Медведев және Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев (оң жақта) Қазақстандағы Мәтібұлақ полигонындағы әскери жаттығуда жүр. 16 қазан 2009 жыл.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстан президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевпен алғаш рет ресми түрде 2012 жылы көктемде Астанада кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қырғызстанға 2010 жылғы оқиғалардан кейін 34 миллион АҚШ доллары көлемінде қайтарымсыз гуманитарлық және әскери көмек бергенін айтты.

Назарбаев пен Атамбаев одан кейін де бірнеше рет кездесіп, бірін бірі қолпаштаған еді. 2014 жылы күзде Қазақстаннан жәрдем сұрай келген Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаевты «ұлы адам» деп мадақтады. Назарбаев оны бірінші дәрежелі «Достық» орденімен, Атамбаев Назарбаевты «Манас» орденімен марапаттады.

Атамбаевтың алты жылда "жеткен жері":

Your browser doesn’t support HTML5

Шесть лет Атамбаева. Достижения и упущения

«РЕСЕЙМЕН ДОСТЫҒЫ»

Қырғызстандық саясттанушы Эмиль Жораевтың айтуынша, бір кездері қандай да бір сайлау қарсаңында қырғыз саясаткерлерінің Ресей басшылығына жиі баратыны байқалған. 2011 жылы президент сайлауына түскенде Атамбаев та Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп келген. Бірақ бұл «дәстүр» соңғы кезде саябырлаған.

Алмазбек Атамбаев президент болмастан бұрын, 2010 жылы күзде парламент сайлау науқаны қызған кезде де Мәскеуге жиі баратын болды деген пікірлер айтылған еді. Бірақ Атамбаев қана емес сол кездегі «Республика» партиясының басшысы Омурбек Бабанов, «Ақ-Шұмқар» партиясының басшысы Темир Сариев, «Ар-Намыс» партиясының басшысы Феликс Кулов та Мәскеуге барып, Ресей билігімен кездескені баспасөзде көрінген.

Қырғызстан президенті Роза Отунбаева, жаңадан сайланған президент Алмазбек Атамбаев және вице-премьер Омурбек Бабанов осы елде 2010 жылы болған революция құрбандарына қойылған ескерткіштің ашылу рәсімінде қол жайып отыр. Чон-Таш, 16 қазан 2011 жыл.

Қырғыздың кейбір саяси сарапшылары мұны «Кремльдің Қырғызстанға ықпалының белгісі» деп түсіндірген. Қырғыз сарапшыларының бірі Жырғалбек Қасаболатов осыған орай «Біздің саясаткерлердің бірінен кейін бірі Мәскеуге барғаны бір нәрсеге дәлел болады: халықтың санасы өскенмен, саясаткерлеріміздің санасы әлі күнге дейін ескі қағидаларға жүгінеді. Олар әуелі халықтың көңілін табуы керек» деген болатын.

Осы сайлау қарсаңында Мәскеуге бармаған «Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың жеке өмірінің құпияларын ресейлік НТВ телеарнасы жариялады. Қырғызстан конституциясын жасаушылардың бірі Текебаев кейін Алмазбек Атамбаевтың негізгі сыншысына айналып, ақыры 2017 жылы істі болып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

2010 жылғы парламент сайлауынан кейін Алмазбек Атамбаев коалициялық үкіметтің премьер-министрлігіне тағайындалып, Мәскеуге барып қайтты. АртыншаРесей президенті Путиннің есімін Қырғызстан шыңдарының біріне беру туралы ұсынысын парламентке өткізді.

Атамбаевтың Ресей басшылығымен достығы Қазақстанға қарата айтқан кейінгі сындарынан да, президенттік мерзімі аяқталар тұста Ресей президенті Путиннің қабылдауында болып, «Манас» орденімен марапаттағанынан да көрінген.

КОНСТИТУЦИЯНЫ ӨЗГЕРТУ

2016 жылы көктемде қырғыз конституциясын өзгерту жөнінде бастама көтерген Атамбаевпен бұрынғы серіктері келіспей қалды. Атамбаев «Конституцияны өзгерту керек» десе, Роза Отунбаева мен Омурбек Текебаев бастаған топ «Конституцияны қабылдағанда 2020 жылға дейін өзгертілмейді деп жазылған» деп қарсы болды. Төңкерісте бірге болған серіктерімен арадағы араздық одан кейін де жалғасып, президентке импичмент жариялау туралы бастамаға дейін жетті.

Қырғыз оппозициясының жетекшісі Омурбек Текебаев Атамбаевты Конституцияның 63-бабын (президентке саяси партиялар ісіне араласуға тыйым салатын) бұзды, «қызмет өкілетін асыра пайдаланып, маңайындағылармен бірге билікті заңсыз басып алған, оппозициялық партиялардың құқығын шектеп жатыр» деп айыптады.

Қырғызстанның уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаеваның премьер-министр орынбасарлары Алмазбек Атамбаев (сол жақта) және Омурбек Текебаевпен түскен суреті. Бішкек, 17 мамыр 2010 жыл.

Қырғыз сарапшысы Рита Қарасартованың айтуынша, Алмазбек Атамбаев қырғыз конституциясын өзгерту арқылы 2010 жылы төңкерісте бірге болған серіктерінен айырылған.

- Атамбаев саяси реформаны тура бағытта әкетпеді. Конституцияны өзгертіп, парламенттік басқаруды күшейтемін дегенімен, шын мәнінде өзінің қамын ойлағандай болып көрінді. Осы өзгеріс арқылы билікке қайта келгісі келетін секілді. 2010 жылғы төңкерістен кейінгі Уақытша үкімет мүшелері бұл күнде Атамбаевқа қарсыластарға айналды, - дейді ол.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Атамбаевтың Қазақстанға қатысты сыртқы саясаттағы сыншыл пікірлері 2016 жылдың қысындабайқала бастады. Ақпан айында Euronews телеарнасына берген сұхбатында: «2010 жылы Қазақстан бізге бір жарым ай блокада жасап тастаған кезде бізде адам шығыны да болды» деді. Бұл сөзі Қазақстан мен Қырғызстанның бір-біріне соңғы бір жылда жіберген наразылық ноталарының басы болды, әрі қарай екі ел басшылығы шиеленісті түрліше тәпсірледі.

Атамбаевтың Рахмон, Каримов, Назарбаев және Америка туралы қатты сөздері:

Your browser doesn’t support HTML5

Все обидные высказывания Атамбаева: о Рахмоне, Каримове, Назарбаеве и Америке

Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы шекараның жабылуын «төңкеріс болған кезде заңды сайланған президентті биліктен алып, елден қуып жіберді. Түрмеден қамаудағыларды шығарып, олар бізге қарай да беттеген соң, әрине, шекараны жаптық. Егер болашақта осындай жағдай қайталанатын болса, шекараны тағы жабамыз. Мұндай жағдайда шекарасын жаппайтын ел бар ма?» деп түсіндірді.

Соңғы кездері жиі айтылатын «президенттер мен мемлекет жетекшілері келеді кетеді, ал халық қала береді» деген сөзді Назарбаев осы кезде айтқан еді. Назарбаевтың уәжі сол кезде қырғыз депутаттарының наразылығын туғызса, Атамбаев соңғы кезде бұған тағы да айналып соққан.

- Роза Отунбаева келіссөз жүргізуге ұмтылды, ал мен суды жауып тастадым, Қазақстан екі күнде шекарасын ашты, - деп өзгеше пікір қозғаған.

Көп ұзамай Қазақстан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Қырғызстандағы жұмыссыздық кесірінен жас қырғыз қыздар Мәскеудегі қоғамдық дәретханаларда қара жұмыс істеуге мәжбүр» деген сөзі Қырғызстанның Қазақстанға нота жіберуіне түрткі болды.

...өзін өзгелерден жоғары санайтын ұры министр болғаннан еден жуушы немесе аула сыпырушы болған артық. Ешқандай жұмыстан ұялмаңыздар. Кез-келген жұмыс - үлкен абырой...
Алмазбек Атамбаев

Іле-шала президент Атамбаевтың өзі де тұспалмен жауап бергендей болды. Мектеп бітірушілердің алдында тұрып, «өзін өзгелерден жоғары санайтын ұры министр болғаннан еден жуушы немесе аула сыпырушы болған артық. Ешқандай жұмыстан ұялмаңыздар. Кез-келген жұмыс - үлкен абырой» деген Атамбаевтың сөзін жұртшылық Астанаға қарата айтылған сөз деп қабылдаған. Кейін Арыстанбек Мұхамедиұлының аталған сөзі үшін кешірім сұрағаны хабарланған.

2016 жылдың күзінде Алмазбек Атамбаев Ресей мен Қазақстан билігінің қытығына тиюі мүмкін сөз айтып, көпшілікті таңырқатты. Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың «екінші мерзімге сайлану туралы өтініштерінен бас тартқанын» мәлімдеп, әсіресе Қазақстанда билікті сынаушылардың назарын аударды.

2017 жылы жазда Алмазбек Атамбаевтың «латын әрпінің түркі халықтарының арасын алшақтады» деген пікірі де латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылап жатқан Қазақстанда пікірталас туғызды.

Атамбаевтың Қазақстан билігін сынауы Қырғызстандағы президент сайлауы қарсаңында күрт күшейіп, президент ретіндегі соңғы баспасөз жиынына дейін ұласты. Қазақстан президенті Назарбаевты «Бабановты қабылдау арқылы Қырғызстанның ішкі ісіне араласпақ болды» деп айыптаған ол өзіне жауап берген Қазақстанның жоғары лауазымды қызметкерлерін де келемежге айналдырды. Мұның ақыры Қырғызстанда бесінші президенттің инаугурациясы өтіп жатқан күні Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Твиттерде» Атамбаевты «ес-ақылы сау емес» деп сипаттауына дейін барды.

«ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ РЕТТЕЙДІ ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ»

Азаттық тілшісі сөйлескен қырғыз сарапшысы Эмил Жураев Қырғызстанда беделі бар Назарбаевтың Бабановты қабылдауы Атамбаевтың жоспарына сай келмеді. Егер Назарбаев тек Жээнбековті қабылдаса мұндай дау болмас та еді деп санайды.

Эмиль Жураевтың айтуынша, Алмазбек Атамбаев Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовпен де тіл табыса алмаған, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен де жақындығы жоқ.

- Қырғызстан жұртшылығы оның билікте отырып алмай,өткеріп бергеніне рақмет айтып жатыр. Ол билікке өзінің туғандарын араластырмағанымен, саяси күштермен ғана жұмыс істеп, жемқорлыққа араласпағанымен де есте қалатын сияқты. Эмоцияға беріліп, ашық айтқан сөздерінің көпшілікке ұнаған тұстары да бар, -дейді ол.

Қырғыз сарапшысы Рита Қарасартованың пікірінше, Алмазбек Атамбаев Қырғызстан экономикасын дамыта алмаған, сөз еркіндігін біршама шектеген, әрі өзін сынаған баспасөз құралдарын сотқа беруді көбейткен. Ол бұрынғы президент Қырғызстандағы сайлау процесіне биометрикалық қолтаңбаны енгізу арқылы сайлау әділдігін орнықтыруға мүмкіндік жасады деп санайды.

- Биометрикалық қолтаңбаны енгізгеннен кейін сайлауда заң бұзушылық күрт азаятыны белгілі еді. Өз қолдаған кандидат өтпей қалуы мүмкін болғандықтан үгіт-насихатқа кірісіп кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп көршілес Қазақстанмен қарым-қатынасқа селкеу түсіріп алды. Жаңа президент реттейді деп үміттенеміз, - деді ол.

Қазанның 15-і күні өткен Қырғызстан президенті сайлауында Алмазбек Атамбаев қолдаған Сооронбай Жээнбеков жеңіп шыққан. Қарашаның 24-і күні өткен инаугурациясында Сооронбай Жээнбеков Орталық Азиядағы көршілес елдермен қарым-қатынас «бір-бірінің ішкі ісіне араласпау қағидасы бойынша жүруі тиіс» деп атап өтті.