Түлекеевтің ұсталуы инвесторларды үркітпей ме?

Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Бозымчак мыс кен орны.

Қырғызстандағы Бозымчак кенішінде жұмыс істейтін қазақстандық "КазМинералсБозымчак" компаниясының директоры Ілияс Түлекеев үй қамаққа алынды.

Түлекеев "салықтан жалтарған" деп айыпталып, Қазақстанға қайтар алдында қамауға алынған. Қырғызстан тергеу органдарының хабарлауынша, 2014-2016 жылдары Ала-Бука ауданында кен өндірумен айналысқан қазақстандық компания 55 миллион сомнан астам (шамамен 264 миллион теңгедей – ред.) салық төлемеген.

Ілияс Түлекеевтің ұсталғаны туралы ақпарат өткен аптаның соңында тарағанымен, экономикалық қылмыстармен күрес қызметі мұны мамырдың 28-інде растады.

Қызметтің баспасөз хатшысы Анастасия Пискур Түлекеевтің үстінен Қырғызстан қылмыстық кодексінің 221-бабы бойынша ("коммерциялық я басқа ұйымдар қызметкерлерінің өз құқықтарын асыра пайдалануы") қылмыстық іс қозғалып, мамырдың 26-сында ұсталғанын хабарлады.

- 2015 жылдары елден құрамында 9760,24 тонна алтын бар концентрат шығарған, бірақ қызметін асыра пайдаланып, салықтан жалтарған "КазМинералсБозымчак" компаниясы басшыларына қатысты материал жиналды. 2017 жылдың желтоқсанында қылмыстық кодекстің 221-бабымен олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал 2018 жылғы мамырдың 26-сында "КазМинералсБозымчак" компаниясының бас директоры І.Т. Бішкек қаласындағы Манас пункті арқылы мемлекеттік шекарадан өткелі жатқанда ұсталып, экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметінің тергеу басқармасы ғимаратына жеткізілді. Тап сол күні оған айып тағылды. Бірақ Первомайский аудандық соты бұлтартпау шарасы ретінде оны қамауға алу туралы өтінішті қанағаттандырған жоқ, - деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Ілияс Түлекеев. Сурет Facebook парақшасынан алынды.

Осылайша Ілияс Түлекеев сот залынан босатылған. Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, қазір оның Қырғызстанда екені хабарланған.

Тергеу деректеріне сәйкес, "КазМинералсБозымчак" өндірілген кен құрамында мыстың көптігін және кеннің мыс концентранты екенін, алтынның тек қосымша металл екенін айтып, табыс салығын төлемеген. Тергеу құжаттарында "осының нәтижесінде бюджетке 55 миллион сом салық түспей қалған" деп жазылған.

Экономикалық қылмыстармен күрес қызметі "Түлекеев ұстала сала компания мемлекет қазынасына істе көрсетілген 55 миллион сомды аударды" деп мәлімдеді.

Осыдан соң "КазМинералсБозымчак" бұл жағдайға қатысты хабарлама таратты. Компания: "Былтыр Кырғызстанның салық органдары компаниядан қосымша салық төлеуді талап етті. Компания оны орындаудан бас тартқан. Себебі, бұл сотта шешілетін мәселе және компания осы талапқа қатысты сотқа шағым түсірген. Оның үстіне, компания бірнеше жылдан бері Қырғызстанның салық органдарынан қосымша құн салығының өтемақысын ала алмай келеді. Бұл да сотта шешілуі тиіс жағдай" деп мәлімдеген.

"КазМинералсБозымчак Қырғызстан президентінің әкімшілігі мен Бас прокуратураға жүгінгенін, бұл мәселе таяу арада заң аясында шешілмесе, қор нарығындағы өзге инвесторларға түсінік беретінін хабарлады.

Ілияс Түлекеев "КазМинералсБозымчакты" компания құрылғалы бері басқарып келеді. Әуелде "КазахмысГолд" деген атпен жұмыс істеген компания 2015 жылы атауын өзгерткен.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

"КазМинералсБозымчак" - Қырғызстанда кен өндірумен айналысатын ірі компаниялардың бірі. Сондықтан мұндай компания басшысының қамауға алынуы елді біраз талқыланған.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне пікір айтқан сарапшылардың кейбірі заң бұзушылар жауапкершілікке тартылуы тиіс десе, басқалары қамау сияқты төтенше шаралар инвесторларды үркітіп, инвестиция климатына кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Саясаттанушы Орозбек Молдалиевтің сөзінше, заң талаптары бәрінен жоғары тұруы тиіс.

- Инвесторларды әкеліп, кейін әбігерге түсетін жағдайлар жиі болады. Тіпті инвесторлардың заңды бұзып, экология талаптарын сақтамайтын кездері де кездеседі. Сондықтан заңға назар аударып, оларды заң аясында жұмыс істеуге үйрету керек. Заңды талап етсек, инвесторлар да соған бейімделеді, - дейді сарапшы.

Ал Қырғызстан жас кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі Темирбек Ажыкулов "Қырғызстан билігі мұндай әдіспен инвесторларды шошытып алады" деп санайды.

Қырғызстан жас кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі Темирбек Ажыкулов.

​- "Қазақмыс" - ірі компания. Мұндай компания "салықтан жалтарды" деп айта алмаймын. Қателесуі мүмкін. Салық органдары я басқа да тексерушілер қате тұжырым жасауы да мүмкін. Бәрін анықтау керек. Бірақ қылмыстық іс қозғап, дереу қамауға алсақ, инвесторлар сескеніп қалады, - дейді ол.

KAZ Minerals PLC тобына кіретін компания Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Бозымчак кен орнында геологиялық барлау жұмыстары және мыс-алтын өңдеумен айналысады. Компанияның ресми сайтында: "Бозымшақ - Қырғызстандағы біздің ашық типті мыс-алтын кенішіміз. 2016 жылы Бозымшақта құрамындағы мыс мөлшері 0,86 пайыз 935 мың тонна кен қазылып, 38 мың унция алтын өндірілді. Мұнда жыл сайын бір миллион тоннаға дейін кен өндіріледі" деп жазылған.

Азаттықтың Қырғыз қызметі әзірлеген мақаланың тәржімелеген - Аян Қалмұрат.