Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков Түркияның наразылығын тудырып отырған «Сапат» білім беру орталықтары мемлекеттің қарауында екенін еске салды.
Саясаттанушылар бұл мәселе бойынша Анкараның өз позициясын сақтап қалғанын, бірақ сарынын жұмсартқанын айтады. Олар оның себебін аймақтағы геосаяси жағдаймен түсіндіреді.
"САПАТТЫ" БАҚЫЛАП ОТЫРМЫЗ»
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған «гүленшілер» мәселесі қырғыз-түрік қарым-қатынасында сызат тудырғанын айтып, Анкараның ескертуі туралы еске салды. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл жолы Ердоған Фетхуллах Гулен ашты дегене Қырғызстандағы мектептерді жабу, Түркия сұраған адамдарды беру және тексерістер жүргізу туралы талабын қайталамаған.
Саясаттанушылар Түркияның екпінін азайтып, Бішкекке мәселені түбегейлі шешу жолын ұсынғанын айтады:
- Бүгінгі кездесуде ФЕТО [Фетхуллашылардың террористік ұйымы, Түркияның қазіргі билігі қойған атау - ред.] қозғалысымен күресу қадамдарын талқыладық. Біздің басымыздан өткен жағдайды бауырлас халықтар сезінбесін дейміз. Қырғызстанда төңкеріс жасау әрекеттері болмасын. Олар армияға, полицияға және өзге де мемлекет құрылымына кіріп, төңкеріс жасауға тырысады. Қырғызстан ФЕТО-ны өзекті мәселе санатынан шығарып, басқа жағымды салаларға көңіл аударады деп сенемін. Әркез тәжірибемізді қырғыз бауырлармен бөлісіп отырамыз. Бұл тұрғыда алғанда «Маариф» қоры маңызды мәнге ие, - деді Режеп Ердоған.
Бұған дейін Анкара «Сапат» (бұрынғы «Себат») мектептер желісін жабуды, барлық мүлігін түрік үкіметінің «Маариф» қорына беруді талап еткен еді. Мемлекет билігі Солтүстік Африка елдерінде мектепті жабуға қол жеткізді, қазір оның орнына «Маариф» қорының мектептері жұмыс істей бастады. Анкара Әзербайжан мен Түркіменстанда да осындай нәтижеге қол жеткізді. Қазақстанда мектептер желісінің атауын өзгертті, бірақ бұрынғы қызметін сақтап қалды.
БІШКЕК ҰСТАНЫМЫ
Қырғызстан билігі бұған дейін «Маариф» қорының мектептерін іске қосуға дайын екенін білдірді, бірақ «Сапат» мекемелерінің де жұмыс істей беретінін тұспалдады. Ел президенті Сооронбай Жээнбеков түрік әріптестерімен кездесуде мектептерді мемлекеттің бақылап отырғанын баса айтты.
- Бұл мәселені Анкарада президентпен талқыладық. Осы жолы тағы қарап жатырмыз. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқардық. «Себат» желісін «Сапат» деп өзгертіп, мемлекет бақылауына алдық. Біздің білім және ғылым министрлігі мектеп құрылтайшылары құрамына кіреді, бүкіл оқу процесін мемлекет бақылайды. Біз - бауырлас елдерміз. Азаматтарымыз Түркияға қарсы әрекет жасамайды. Қырғыз-түрік қарым-қатынасына сызат түсіретін әрекет жасалса, оны ұйымдастырушылар қатаң жауапқа тартады, - деді Қырғызстан президенті.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ердоған Жээнбековтен "гүленшілерді" жазалауды сұрадыҚырғызстан білім және ғылым министрлігі мен Түркияның «Маариф» қоры арасындағы меморандум бойынша, қордың білім беру мекемелері желісін құруға рұқсатты Қырғызстан парламенті арнайы келісім негізінде береді. Құжатта «Маариф» мектептері «Сапат» желісіне балама ретінде құрылатыны айтылады, ал оқу шарты қосымша келісімде көрсетіледі.
АНКАРАНЫҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ ЕДІ?
Саясаттанушылар «Сапат» мектептер желісіне түрік билігінің наразылық танытуын білім беру мекемесінің діни және идеологиялық тұрғыда саясиланғанымен байланыстырады. Сарапшылар қырғыз қоғамында іріткі тудыруы мүмкін жаңа ағымның пайда болуы туралы қауіп білдіреді.
- Түркияның ішкі мәселесін Қырғызстанға әкеліп жатырмыз, - дейді педагог әрі саясаттанушы Алмазбек Акматалиев. – Оның бәрі Түркияның ішкі проблемасы болып қалуы керек еді. Түркияның оны Қырғызстандағы қарым-қатынасымен байланыстырып, сыртқы саясатқа шығарғаны дұрыс болмады. Бірнеше рет наразылық білдіріп, талап қою – Түркия сияқты жақын мемлекеттің басшысы айтар сөз емес еді. «Маариф» мектептер желісін құрудың артында не тұр? Ол балама ретінде ашылса, «Сапат» пен «Маариф» қатар жұмыс істеуі керек. Егер екеуінің арасындағы бәсекелестік білім деңгейінде ғана болса, ол жақсы. Бұл шектен шығып кетсе, қауіпті. Бұндай жағдай қоғамда бөлініс тудырады, біздің ел онсыз да содан зардап шегіп отыр. Мектептер тек жоғары стандартта білім беруді таратумен айналысса, онда қоғамға пайдалы болады.
ҮЛКЕН САЯСАТ "ОЙЫНЫ"
Өзге саясаттанушылар Түркияның Орталық Азия аймағындағы геосаяси маңызын ескере отырып, "Анкара түркі мемлекеттері арасындағы байланысты нығайту деген желеумен өзін Ресей мен Қытай ықпалын шектеуші күш ретінде көрсетуге тырысады" дейді.
- Түркия Батыспен қарым-қатынасын бұзды, экономикасы қиналып жатыр, бірақ Батыс оның сыртқы саясатын қолдайды, - дейді сарапшы Марс Сариев. – Түркияның Орталық Азиядағы саясатын күшейтуі Ресейдің бұл аймақтағы позициясына соққы болады. Бұл жағынан Батыс Түркияға үміт артады. Егер Анкара аймақта өзін көрсетіп, ірі геосаяси ойыншы бола алатынын дәлелдесе, Батыстағы маңызы арта түседі. Онымен санасады. Сондықтан бұл саясат Анкара үшін маңызды. Ердоғанның Қырғызстанға келген сапарындағы сөзі түркі елдері арасындағы қарым-қатынасты нығайтсам деген үлкен дипломатиядан туындап отыр. Түркі елдері басшылары ымырыға келуге тырысса, үлкен саясаттың шеті қылтияды. Бұрын Режеп Тайып Ердоған «гүленшілерге» қатысты талабын қатаң айтса, қазір үнін жұмсартты. Енді бұндай мәселелерді өзара келісімде шешеді.
Түркия президенті Режеп Ердоғанның Қырғызстанға ресми сапары нәтижесінде 12 құжатқа қол қойылды, соның ішінде Қырғызстан білім және ғылым министрлігі мен «Маариф» қоры арасындағы меморандум бар.
НАРАЗЫЛЫҚ МӘНІ
2016 жылы Түркия Қырғызстандағы «гүленшілер» ықпалының күшті екенін айтып, билікті олардың қызметіне тыйым салуға шақырды. Сол кездегі Қырғызстан билігі Анкараның өтінішін орындаудан бас тартты. Сонда президент Алмазбек Атамбаев "түрік билігі Қырғызстанның ішкі ісіне араласып отыр" деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азиядағы «Гүлен мектептері»Қырғызстанда "Гүлен жақтастары ашты" делінетін бірқатар білім, мәдени және қайырымдылық ұйымдары бар. Олардың ең ірісі – «Себат» халықаралық білім беру мекемесі. 2017 жылы жергілікті ұйым ретінде тіркеліп, «Сапат» деген жаңа атауға ие болды. Бұдан соң Қырғызстан мен Түркия қарым-қатынасы салқындап кетті. Бұрын бір-бірімен жиі кездесетін екі мемлекет басшылары соңғы екі жылда жоғары деңгейде бірде-бір кездесу өткізбеді.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Кубанычбек Жолдошевтің мақаласы орыс тілінен аударылды)