Биліктен қуылған президент Бакиевтің жақтастары Жалал-Абадтағы құрылтай мінберін меншіктеп, басқаларға дес бермеді. Ал Уақытша үкімет Бакиевпен кездесудің мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бакиев болса ЕҚЫҰ-нан арнайы комиссия шақыртқанын айтады.
ЖАЛАЛ-АБАД ТЕКЕТІРЕС АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалал-Абад қаласында сәрсенбі күні уақытша үкіметтің қолдаушыларының қатысуымен халық құрылтайы өтуі тиіс болатын. Алайда Бакиевтің жақтастары жаңа билік өкілдерін халық алдында сөз сөйлеуге мүмкіндік бермеді деп хабарлады Азаттықтың қырғыз редакциясының тілшісі.
Құрылтайда елдегі соңғы оқиғаларға Бакиевтің жауапкершілігі мәселесі қаралуы тиіс болатын. Бірақ уақытша үкімет жақтаушылары мінберге көтерілгенімен, олардың сөздері микрофонның істемей қалуына байланысты халыққа жетпеді. Одан соң мінберге Бакиевтің ондаған жақтастары шығып алып, елдегі жағдайға оппозицияны айыптап ұрандатты.
АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Роберт Блэйк пен Уақытша үкімет жетекшісі Роза Отунбаева. Бішкек, 14 сәуір, 2010 жыл
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Бакиевтің жақтастары мінберге шақырылған өзбек ұлты өкілдерінің жолын бөгеп тастады. Бұған наразылық ретінде өзбек азаматтары алаңнан кетіп қалған.
Қырғызстандағы этникалық өзбектердің негізгі бөлігі елдің оңтүстігінде - Жалал-Абад және Ош облыстарына қоныстанған.
Уақытша үкіметтің жетекшісі Роза Отунбаеваның айтуынша, вице-премьер Әзімбек Бекназаров қазіргі таңда елдің оңтүстігінде жүр. Ол Ош және Жалал-Абад қалаларына баруы тиіс.
Дегенмен Азаттық радиосы қырғыз редакциясының осы аймақтағы тілшісі вице-премьер Бекназаровтың Жалал-Абад қаласындағы жиынға келмегендігін хабарлап отыр.
БАКИЕВТІҢ ШАРТТАРЫ
Бұл уақытта Бакиевтің Жалал-Абад қаласына жақын маңда орналасқан туған ауылы – Тейітте қауіпсіздік күшейтілді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, ауылға кіре берісте баррикада тұрғызылған, қарулы пост орнатылған. Олар ауылға бөгде кісілерді кіргізбейді.
Бұған дейін уақытша үкімет Бакиевті президенттік қорғаныш құқығынан айырып, одан өз еркімен берілуін талап еткен болатын.
Биліктен қуылған президент уақытша үкіметпен келіссөздер жүргізудің шарттарын жариялады. Қырғыздың адам құқығын қорғаушысы Толекан Исмаилованың хабарлауынша, Бакиев билікті табыс ету заң аясында жүзеге асуы тиіс, әйтпесе билік заңды болмайды деп есептейді.
Сондай-ақ Бакиев келіссөздер жүргізудің шарттары ретінде өзінің жеке басының қауіпсіздігін, жеке мүлкінің талан-таражға салынбауын сұрап отыр. Бакиевтің пікірінше, оның бауырлары мен туған-туыстарын заң қорғайды, сондықтан олар тек қана заң аясында жауапқа тартылуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Бакиев 6-8 сәуірдегі оқиғаларға жеке жауапкершілігін мойындап отыр және кінәсі дәлелденген жағдайда ғана заң алдында жауап беруге дайын екендігін айтқан. Сол себепті Бакиев, ЕҚЫҰ арқылы, елдегі оқиғаларды кешенді түрде зерттейтін комиссия шақыртқандығын жариялады.
Сонымен бірге, Бакиев ел аумағын ешқашан тастап кетпейтіндігін, елдің екіге жарылуына жол бермейтіндігін хабарлады.
Бұған дейін Бакиевпен ешқандай келіссөздер жүргізілмейді деп мәлімдеген Роза Отунбаева сәрсенбі күні қырғыз президентімен келіссөздер жүргізудің жолдары қаралып жатқандығын айтты.
«Бізге кездесудің форматын анықтау керек, көреміз», - деп мәлімдеді Отунбаева.
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚЫРҒЫЗҒА ҚАРАП АЛАҢДАЙДЫ
Бұл уақытта әлем елдері Қырғызстандағы саяси дағдарысқа алаңдаушылық танытып отыр. Ресей президенті Дмитрий Медведев Вашингтонда сөйлеген сөзінде, Қырғызстандағы билік таласы елдің солтүстігі мен оңтүстігі арасында азаматтық соғысқа ұласып кетуі мүмкін деп мәлімдеді.
Ресей басшысының пікірінше, мұны болдырмау үшін екі жақ ортақ келісімге келуі керек, ал келіссөздердің үшінші жақтың арағайындығынсыз жүзеге асуы қиын болады.
АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Филип Кроули болса Қырғызстандағы оқиғаларды мемлекеттік төңкеріс деп есептемейтіндігін мәлімдеді.
«Уақытша үкімет мемлекеттік органдарды басқару тізгінін қолына алды, бұл шындық және біз мұны мойындаймыз», - деді Филип Кроули.
Қырғызстанда биліктің оппозиция қолына өтуіне жол ашқан халық толқулары барысында 81 кісі қаза тапқан еді.