Бішкекте бір тоннадан көп ет асып, 117 метрлік шұжық әзірледі

Бішкекте өткен аспаздық шарасын "Ак элечек", "Ак калпак" және "Кыргыз тилектешиги" қоғамдық бірлестіктері ұйымдастырған. Оларға "Аю Grand Comfort" компаниясы қолдау көрсеткен.

Аспаздық шараға Гиннестің рекордтар кітабы өкілдері шақырылған.

Әрбіріне 150 литр су сиятын 12 тайқазанға сегіз жылқының етін асты.

Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін асылған еттің салмағы бір тонна 464 килограмм, ал шұжықтың ұзындығы 117 метрге жетті деп хабарлады шараны ұйымдастырушылардың өкілі Элнура Кулуева Азаттыққа.

Ұйымдастырушылар бұған дейін 2015 жылы Қазақстанда, Астана күні мерекесі кезінде қазақ аспаздары 736 келі ет асып орнатқан рекордтан озғандарын айтады.

Бішкектегі шарада жылқы етінен ұзындығы 117 метр шұжық дайындалды. Әуел баста ұйымдастырушылар 100 метр шұжық әзірлемекші болған, бірақ кейін олар оны тағы 10 метрге ұзартуды ұйғарған. Элнура Кулуеваның айтуынша, мұндай шешімге бұған дейін қазақ аспаздары дайындаған 100 метр қазы Гиннестер кітабына еніп қойғаны себеп болған. 2008 жылы Қытайдағы этникалық қазақтар – ерлі-зайыпты Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы әзірлеген ұзындығы 100 метр, салмағы бір тонна қазы Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Болат Бейнелұлы рекордты Қытайдың атынан тіркеуге қарсы болғандықтан, оған қазақ халқының ұлттық мұрасы – қазыны әзірлеуден рекорд орнатқаны туралы сертификат берілген.

Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін асылған ет Бішкектегі шараға жиналған жұртқа тегін таратылды. Дайындалған тағамның бір бөлігі балалар мен қарттар үйлеріне берілді.

Қырғыз аспаздары Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін салмағы 1464 келі ет асып, ұзындығы 117 метр шұжық әзірлеген.