Қытайда із-түзсіз жоғалған этникалық қырғыздар көбейді

Асемгүл Алтынбекқызы отбасымен бірге. Сурет жеке мұрағаттан алынған

Қытайда этникалық қазақпен тұрмыс құрған ұлты қырғыз Асемгүл Алтынбекқызы мен оның отбасы із-түзсіз жоғалған. Туыстарының айтуынша, Асемгүлдің күйеуі - түрмеде. Қытайдағы жақындарынан хабар ала алмай отырған өзге қырғыз азаматтары да бар.

Соңғы уақытта Шыңжаңдағы мұсылмандардың, олардың арасында этникалық қазақтар мен қырғыздар да бар, қуғынға ұшырағаны туралы ақпараттар жиіледі. Қытай қазақтарының жағдайынан хабардар Қырғызстандағы оралмандар да батыс Қытайдағы жағдайға алаңдап отыр. Қазақстан билігінің ізінше Қырғызстанның ресми органдары да "көрші елдің ішкі мәселесіне араласа алмайтынын" айтты.

ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ҚАЙДА ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұрған этникалық қазақ Аяз Матайұлы мен оның әйелі, ұлты қырғыз Асемгүл Алтынбекқызынан хабар үзілгеніне бір ай болған. Қазақстанда тұрып жатқан Аяз Матайұлының қарындасы Айымгүл Турдакунның айтуынша, оның ағасы Аяз бен жеңгесі Асемгүлді Қытай полициясы 2017 жылы діни отбасына қонаққа барғаны үшін қамауға алған.

- Олар молданың ұлының туған күніне барған. Сол жерде милиция олардың діни идеялар таратып жүргенін айтып ұстаған. Ағам намаз оқыған жоқ, кейде ғана дін туралы айтатын. Ал әйелі дінге мүлде жақын емес, - деді Айымгүл Турдакун.

Айымгүл Турдакун Қазақстан мен Қырғызстан билігі Қытайдағы туыстарына араша болатын шығар деп үміттенеді. Бұған дейін ол жақындарын "Атажұрт ерікті жастары" ұйымының көмегімен табуға тырысқан.

Соңғы рет ол жеңгесімен телефон арқылы бір ай бұрын әңгімелескен. Онда Асемгүл түрмеден босағанын, бала-шағасына қайта оралғанын хабарлаған. Бірақ ағасы түрмеде қалған. Содан бері жақындарымен хабар мүлде үзілгенін айтқан Айымгүл олардың жағдайына қатты алаңдайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Саяси лагерьлер үшін Қытайды Батыс қана сөкті ме?

Бұған дейін Қазақстан Қытайда қамалған қазақтарға қатысты Пекинге бірнеше нота жолдаған. Ал Шыңжаңнан Қырғызстанға көшіп келген этникалық қырғыздар қырғыз билігінің мәселеге назар аудармай отырғанына наразы. Қытайдағы туыстары қысым көріп отырса да, кейбір этникалық қырғыздар да ондағы қысым мен жағдайды ашық айтудан жасқанады. Оралмандардың кейбірі ғана анонимді түрде сұхбат беруге келісті.

- Мұндай [саяси тәрбиелеу] лагерьлері жайлы сыбыстар 2016 жылдың соңынан бастап шыға бастады. Қазір мұндай ірі лагерьлер әрбір ауылда бар десек те болады. Одан аман шыққандары жоқ. Қытайда "қызыл әндер" атты нәрсе бар. Онда компартияны мадақтайтын әндерді күштеп жаттатқызады. Тәулігіне екі рет тамақ береді, ұрып-соғады. Тәртіп қатал болғандықтан өз-өзіне қол жұмсайтындар да көп. Көбіне жүгіріп келіп, өзін бетонға соғып өледі. Қаруланған солдаттар 24 сағат бойы тұтқындарды бақылап, суицид жасауға мүмкіндік бермеуге тырысады. Бұл лагерьлерде көбіне мұсылмандар - этникалық ұйғырлар, қазақтар мен қырғыздар бар. Мұны қалай тоқтатуға болады, білмеймін. Мүмкін, Қытайға халықаралық қауымдастық қысым жасаса, лагерьлер жабылатын шығар. Қазір бұл лагерьлер қытай қоғамы үшін құпия нәрсе емес. Бірақ соған қарамастан Қытай билігі олар туралы жақ ашқан кез-келген адамның аузын жабуға, лагерьлердің жоқ екеніне сендіруге тырысады, - дейді есімін айтпаған азаматтардың бірі.

Қарай отырыңыз: Қытайда ата-анасы қалған балалар

Бішкек тұрғыны Асипа Қырғызстанда жұмыс істейтін Қытай қазағы Шайырбек Долитханға тұрмыс құрған. Олардың бір ұлы бар. Асипаның күйеуі 2016 жылы Қытайға жұмыс барысымен барып, содан бері із-түзсіз жоғалған. Ешкім оның қайда кеткенін білмейді.

- Ол Үрімжіде тұрды. Не туысы, не ата-анасы жоқ. Бұрын ол жаққа шаруаларымен барып жүретін. WeChat (Қытайдың әлеуметтік желісі - ред.) арқылы хабарласып отыратынбыз. Соңғы рет, яғни, 2016 жылы барған кезде "мұнда телефон арқылы байланысу барған сайын қиындап барады, ештеңе жібермей-ақ қой, әйтпесе барлығын телефоннан қайта өшіруге тура келеді" деп айтқан. 2017 жылы хат-хабар мүлде үзілді. Осы жылы қазанда оның із-түзсіз жоғалып кеткеніне бір жыл болады. Лагерьде ме, әлде басқа жақта ма, не болғанын білмеймін. Ол Қырғызстандағы қытай компанияларының бірінде жұмыс істеді. Жоғалып кеткеннен кейін сондағы қытайлардан сұрадым. Олардың бар айтқаны "лагерьде" деді. Күйеуім Қырғызстан азаматтығын алу үшін құжаттар әзірлеп жүрген еді, - дейді Асипа.

Шыңжаңда туыстарын жоғалтқан азаматтардың бірі - Бішкек тұрғыны Муслихидин Салимов. Оның досы Абылет Турдакун Шыңжаңдағы Қызылсу автономиялық округында тұрған. Муслихидиннің айтуынша, Қырғызстан азаматтығын алған досы Қытайға барып, себептен-себепсіз ұсталған.

- Қызылсудағы досымның туыстарына хабарластым. Олар бірдеңе айтудан қорқады. Соны бірден түсіндім де, "жаңалық бар ма" деп сұрадым. "Жоқ" деді. Оларды қайта-қайта мазаламас үшін және жалпы кесірім тиіп кетпесін деп оларға мүлде хабарласпайтын болдым. Соңғы рет хабарласқан кезде телефондары сөндірулі болды, - дейді ​Муслихидин Салимов.

Салимов Қырғызстанның ресми органдарынан да көмек сұраған. Бірақ еш нәтиже болмаған. Қытайдағы Қырғызстан елшілігінен де хабарласқан, бірақ телефон тұтқасын ешкім көтермеген.

Абылет Турдакун жайлы мақаланы бұған дейін Азаттықтың Қырғыз қызметі 2017 жылы тамыз айында жариялаған. Оның досы Муслихидин Салимов "Қырғызстан билігі азаматтарының құқықтарын қорғау мәселесін қарауды кешіктіріп отыр" деп санайды.

Бұған дейін Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі "Абылет Турдакун азаматтық алуға өтініш бергенмен Қытайдағы азаматтық мәселесі толық шешілмегендіктен мәселесі кейінге қалдырылған" деп айтқан.

Ал Азаттық Қытайдағы этникалық қырғыздардың мәселелеріне қатысты Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінен жауап ала алмады.

Қытайдағы этникалық азшылықтардың мәселесі ушығып тұрған шақта қысым туралы ақпаратқа күмәнмен қарап отырған азаматтар да жоқ емес. Мысалы, доцент Гульзада Абдалиева 2015 жылы ғылыми-тарихи зерттеу жасау мақсатында Қытайдағы қырғыздар тұрып жатқан аймаққа барғанын айтып, ондағы көрген-білгендерімен былайша бөліседі.

- Этникалық қырғыздарға қысым көрсетіп жатыр деген пікірге сене алмаймын. Себебі біз олар тұрып жатқан аймаққа барып, қалай тұрып жатқанын көрдік. Өзге аз ұлттармен салыстырғанда оларға жақсы жағдай жасалған. Қырғыз тілін оқытатын мектептер де бар, - дейді Гульзада Абдалиева.

Ресми дерек бойынша, Шыңжаңның Қызылсу автономиялық ауданында шамамен 160 мың этникалық қырғыз тұрады.

Қытайдағы саяси лагерьлер жайлы ақпараттар алғаш рет 2017 жылдың көктемінен бастап шыға бастады. БҰҰ және Human Right Watch бастаған халықаралық ұйымдар да Шыңжаңдағы қамаулар туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған.

Қазанның 15-і күні Гонконгта шығатын South China Morning Post газеті Қытай коммунистік партиясының этникалық және діни мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы Ю Цюаньның Шыңжаңға барғанын хабарлады. Ю Цюань Шыңжаңдағы мұсылман дінін ұстанатын этникалық аз ұлттарға Қытайдың мәдениеті мен әлеуметтік нормаларын сіңіру саясатын жүргізіп жатқанын айтқан. Ол бұл саясатты "экстремизмді алдын-алу" деп түсіндірген.​

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)