Қырғызстанда парламенттің 48 депутатының өз атына тіркелген тұрғын үйі жоқ. 2017 жылғы декларацияда олар солай көрсеткен.
Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) фракциясында 13 депутаттың ресми түрде баспанасы жоқ екені белгілі болды. Олардың арасында фракция жетекшісі Иса Омуркулов, депутаттар Искендер Матраимов пен Азамат Арапбаев бар.
Азаттыққа пікір білдірген Матраимов расымен де Бішкекте тұрғын үйі жоқ екенін, жалға алған пәтерде тұратынын айтты. Бірақ Ошта жылжымайтын мүлігі бар екен, өзінің айтуынша, декларацияда қате кеткен.
- Декларацияда үйімді көрсеттім. Жиһаздарымды да жаздым. Олар қате жіберсе керек. Жасым алпысқа кеп қалды. Қалай үйсіз жүруім мүмкін? Үйім жоқ десем ешкім сенбейді, - дейді депутат.
«Қырғызстан» фракциясының өкілдері Алмазбек Баатырбеков, Канатбек Исаев пен Нурбек Әлімбековтер де жылжымайтын мүлікті өз аттарына тіркемепті. Әлімбеков депутат болған соң бизнесі мен тұрғын үйін әйелінің атына рәсімдегенін айтты.
- Үйімді әйелімнің атына тіркедім. Үйіңді өз атыңа жаз деген талап жоқ қой. 10 жылдан бері депутатпын. Депутат жеке кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Сондықтан бизнесім де әйеліме жазылған. Үй де соның атында. Алдыңғы декларацияларда да оның атында үй бар екенін айтып, бағасын көрсеттік. Қазір 48 депутаттың үйі жоқ деп жазып жатыр. Құдайға шүкір, бәрінің баспанасы бар. Әйелдерінің немесе балаларының атына жазылған болар. Депутаттарда үй жоқ, байғұстар деген сөз дұрыс емес. Керісінше, үйді материалдық жағдайы қиын азаматтарға береді,- дейді ол.
Өз атында баспанасы жоқ депутаттар арасында «Онугуу Прогресс» фракциясының төрт өкілі мен «Атамекен» партиясының үш мүшесі бар. «Бір бол» фракциясы өкілдері де бұл үрдістен тыс қалмапты. Оның өкілі Улугбек Ормонов та үй-жайды әйелінің атына жазыпты.
- Үйді әйелімнің атына жаздым. Менің атыма жазылуы міндет пе? Бір отбасымыз, бірге тұрамыз. Басқа не керек? Үйді депутат болғанға дейін алдым, ерлі-зайыпты ретінде бірдей үлес қостық, - дейді Ормонов.
Жылжымайтын мүлікті өз аттарына рәсімдемеген депутаттар әлеуметтік желіде әзіл-оспақ кейіпкеріне айналды. «Парламенттегі жұмыстың нашар болуына депутаттардың үйсіз жүруі ықпал етті» деген әзіл бар. Тіпті оларға көмектесіп, ақша жинап берейік дегендер де болды.
«Атамекен» фракциясының өкілі Сайдулла Нышанов та тұрғын үйін зайыбының атына тіркепті. Оның айтуынша, бұл заңға қайшы емес. Нышанов депутаттарға баспана беруге қатысты қызық деректі айтты.
- Жогорку Кенештің тұрғын үй комиссиясына мүшемін. Шынын айтқанда, бізге кейбір депутаттардың үйлерін жалға беріп, өздері Жогорку Кенеш берген пәтерде тұратыны туралы ақпарат түседі. Бұл деректерді тексере алмаймыз. Мысалы, депутат Мемлекеттік тіркеу қызметінен өзі мен әйелінің атына тіркелген тұрғын үйі жоқ екені туралы анықтама әкеледі. Сосын бізге оның пәтерді туыстарына беріп, өзі парламенттің үйінде тұратыны туралы ақпарат түседі. Бірақ ақпарат нақты емес, оны біз дәлелдей алмаймыз, - дейді депутат.
Нышановтың айтуынша, Жогорку Кенеш депутаттарына арналған үйде 20-ға жуық парламент мүшесі тұрады.
Парламенттің бұрынғы депутаты Нарынбек Молдобаев мемлекеттік қызметкерлердің табысы мен мүлігі туралы ақпаратты жасыруы мемлекет тарабынан кепілдіктің жоқтығына байланысты дейді.
- Олар шенеунік кезінде жинап алған байлығын жасырады. Бизнеспен айналысқан соң бәрін жариялау керек. Бірақ олар мүлікті жасыруға мәжбүр. Егер ертең әлдене бола қалса, бәрін тартып алады деп қорқады. Шенеуніктер мүлікті әйелдерінің атына тіркеп қана қоймай, банкке кепілдікке қойып, несие алады. Себебі қазір заң жұмыс істемейді. Мысалы, біреу мүлік сатып алса, 3-4 жылдан соң оны тартып алуы мүмкін, - дейді бұрынғы депутат.
Мемлекеттік кадр қызметінің бұрынғы төрағасы Чолпонкул Арабаев дүние-мүлкін жасыратын шенеуніктерді жауапкершілікке тарту керек дейді.
- Жоғары саяси лауазымда отырған адамдардың дүние-мүлкі туралы ақпарат ашық болуы керек. Мүлкі табысына сай емес адамдарды жауапкершілікке тарту керек. Тым құрыса моралдық жауапкершілікке шақырып, қызметінен кетуге мәжбүрлеу керек. Мемлекеттік қызметте істегісі келетіндерге бұл сабақ болады. Министрдің папкасын көтерген адамдардың лауазым сұрауына жол бермеу керек. Заңсыз жолмен байығандар билікке келмесін.
Ресми дерек бойынша, 2017 жылы 48 мыңнан астам мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлер декларация тапсырған. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесі хатшысы Дамир Сағынбаев 833 декларацияны жоғары саяси қызметте отырған адамдар толтырғанын, 50 астам шенеуніктің декралациясында күмәнді тұстары бар екенін мәлімдеген еді.
Ол табысы мен шығыны арасында үлкен айырмашылық бар шенеуніктердің құжаттарын заңға сай бағалау үшін прокуратураға тапсырамыз деп сендірді. Парламентте сөйлеген сөзінде президент Сооронбай Жээнбеков те шенеуніктердің декларациясы мұқият тексерілетінін айтты.
(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)