Қырғызстан дүрбелең алдында тұр ма?

Қолдаушылары алдында сөйлеп тұрған Мелис Мырзакматов. Қырғызстан, Ош, 15 қаңтар 2014 жыл.

Қырғызстан басшылары елдің екінші ірі қаласы Ош билігіне Мелис Мырзакматовты келтірмеуге тырысып бақты. Әкім сайлауында Мырзакматов жеңілді. Қаланы басқаруға жаңа адам келді. Бірақ билік одан да қауіптеніп отыр.
Ош қаласының жаңа әкімі – 2010 жылғы оңтүстікте болған бүлікті ұйымдастырған адамдардың бірі. Енді ел басшылығы бұл әкімнен де оңтүстікте тағы бүлік салмай ма деп үрейленіп отыр.

«ЕЖЕЛГІ ДҰШПАН» ОРНЫНАН КЕТТІ

Оштағы әкім сайлауы қолайсыз саясаткерді биліктен аластатып, қырғыз үкімет басшыларының көңілін орнына түсірді. Бірақ Бішкек жаңа әкімге де толық сенбейді.

Қырғызстан заңдары бойынша әкімді қалалық кеңес депутаттары сайлайды. Ош қалалық кеңесінде дауыс берген 44 адамның 19-ы ғана Мырзакматовты жақтаған. Сөйтіп, қаланы бес жыл бойы уысында ұстаған батыл әрі ықпалды тұлға Мелис Мырзакматов сайлаудан өтпей қалды.

Сайлаудан жеңілген Мелис Мырзакматовтың қолдаушылары Ош әкімдігінің алдына жиналды. 15 қаңтар 2014 жыл.

Мырзакматовтың тұсында Ошта қанды қақтығыс болды. Қырғызстан халқы түстік пен терістік болып екіге бөлінген шақты ол өз мүддесіне пайдаланды. Мырзакматов оңтүстік халқының алдында Бішкекке «әке-көке» деп жалтақтап отыра алмайтын тәуелсіз тұлға ретінде бедел жинады.

Бішкек «ежелгі дұшпанды» биліктен кетіргеніне разы болса да, оның орнын басқан жаңа әкім әзірге жұмбақ тұлға болып тұр.

Қаңтардың 15-і күні өткен сайлауға «президентті қолдайтын кандидат» болып қатысқан Айтмамат Қадырбаев та - оңтүстіктің тумасы, әрі ол да орталық үкіметке қарсы күресімен танылған саясаткер.

БҮЛІКТІ БАСҚАРҒАН ӘКІМ

Сол кездегі президент Құрманбек Бакиев «жемқорлыққа батты, өз отбасы мүшелеріне ерекше жағдай жасады» деп айыпталып, төңкеріс арқылы биліктен шеттетілді. Осы шақта, 2010 жылдың сәуір айында, Айтмамат Қадырбаев Ош облысы губернаторының орынбасары қызметін атқарып тұрған еді.

Бакиевтің биліктен тайдырылуы оның туған жері – оңтүстікте үлкен дүрбелең тудырды. 2010 жылдың мамыр айында Ош, Жалал-Абад және Баткен қалаларында Бакиев жақтастары ірі шерулер өткізіп, Роза Отунбаеваның уақытша үкіметінің өкілдерін орындарынан алып тастамаққа әрекеттенген.

Оштың жаңа әкімі Айтмамат Кадырбаев.

Айтмамат Қадырбаев Ош облыстық әкімдігі ғимаратындағы бүлікті басқарды. Уақытша үкімет тағайындаған губернатор Сооронбай Жеенбеков кабинетінен қашып кеткен соң ол өзін «халық сайлаған губернатор» деп жариялады.

Көп ұзамай Қадырбаев «орнынан алынып», кейінірек маусым қақтығыстарынан қираған Ош және Жалал-Абад қалаларын қалпына келтіру жөніндегі комиссияға қызметке тағайындалды.

Осындай қым-қуыт өмірбаянына қарамастан, Бішкектегі стратегтер оны желтоқсан айында «үкіметке қарсы шараларды ұйымдастырғаны үшін» қызметінен алынып, қайта сайлауға түскен Мырзакматовқа қарсылас ретінде таңдап алды.

Бұдан соң Ош қалалық кеңесінде бәсеке басталды. Мырзакматовтың «Улуттар Биримдиги» партиясы табан астында оппозицияға айналып шыға келді, ал жаңа құрылған коалиция 45 депутаттан тұратын кеңестің 23-інің ғана басын біріктіре алды. Соңғы дауыс беру нәтижесінде Мырзакматов жақтастарының біразы Бішкек ұсынған кандидатқа қарай ауып кеткені айқын болды.

Ош қалалық кеңесінде президент Алмазбек Атамбаевтың Социал-демократиялық партиясы атынан депутат болып отырған Чыныбай Турсунбековтың айтуынша, Қадырбаев солтүстікке сүйкімсіз болып көрінбес үшін «бөлектену саясатынан» бас тартуы керек.

- Әкім өзге билік мекемелерімен бірлесе жұмыс істеп, сепаратистік әрекеттерден бойын аулақ ұстауы керек. Мырзакматов әрекеттері және сөздерімен өзін сепаратист басшы ретінде танытты, - дейді депутат.

ЖАҢА ҚАҚТЫҒЫСТАР ТУРАЛЫ ҮРЕЙ

2011 жылы Роза Отунбаеваның орнына президенттікке келген Алмазбек Атамбаев жаңа сайланған әкімнен Ош қаласын өзіне «қаратып» береді деп үміттенетін сияқты. Мұнда 1 миллион сайлаушы тұрады, ал келесі жылы елде парламент сайлауы өтеді.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 16 желтоқсан 2013 жыл.

Бұл үшін Қадырбаев алдымен өз сайлау округінің қолдауына ие болып алуы керек. Мұндағы халық Мырзакматовқа әлі де іш тартып отыр. Оның дәлелі – сайлау нәтижесімен келіспеген халық көшеге демонстрацияға шықты.

Мырзакматов халықты әупіріммен басып тұрып, «Бұл – күрестің басы, демонстрация 15 күннен соң, күн жылынғанда қайта басталады» деп уәде берді. Бұл экономикалық жағдайы нашар, шетел инвестициясы аз түсетін Қырғызстанда жаңа кикілжіңдер басталып кете ме деген үрей туғызып отыр.

Саяси сарапшы Мирсулжан Намазалының айтуынша, Қадырбаевқа ең алдымен Мырзакматовтың аймақтағы ықпалын азайтуға тырысу керек.

- Меніңше, Ошта Мырзакматовты қолдайтындар әлі де көп. Жаңа сайланған әкімнің жұмысына біраз кедергілер болуы мүмкін. Ұзақ уақыт билік құрған Мырзакматов қалалық әкімдіктегі кадрларды түгелдей уысында ұстаған, қазір олар осы мекемеде әлі де жұмыс істеп отыр. Жаңа әкімге өте қиын болады, - дейді сарапшы.

Өзге сарапшылардың айтуынша, «бір кездері Мырзакматовпен бірге аса ірі «Кара-Суу» базарында басшылық қызмет атқарған Қадырбаев бұл міндетті оңай атқарады».

«БӨЛШЕКТЕП БИЛЕУ САЯСАТЫ»

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Қадырбаевтың спортшы жігіттерден құралған бейресми қорғаушылар тобы бар, Мырзакматов шегінбесе, жаңа әкім солардың «көмегіне» жүгінуге мәжбүр болады.

Оңтүстік аймақтағы ықпалды тұлғаларды бір-біріне қарсы қою арқылы Бішкек «үкіметке қарсы» өлкені бөлшектеп билемекке ұқсайды.

Сайлаудан кейінгі Мырзакматов қолдаушыларының шеруі. Ош, 15 қаңтар 2014 жыл.

Мұндай тәсілді көп адам құптай бермейді. Бішкекте орналасқан «Батыс-Шығыс» стратегия орталығының сарапшысы Дмитрий Орловтың айтуынша, «қай жағынан алып қарағанда да Қырғызстан ұтылады».

Ол «Туштук» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында «Мырзакматов пен Қадырбаевтың қайсысы нашар екені түсініксіз. Билік Мырзакматовтан не күтуге болатынын шамамен білетін болса, Қадырбаев жайлы не топшыларын білмей отыр» дейді.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)