Сооронбай Жээнбековтің биліктегі бір жылы

Сооронбай Жээнбеков президент сайлауынан кейін

Сооронбай Жээнбеков президенттік сайлауда жеңіске жеткелі тура бір жыл өтті.

Саясаттанушылардың айтуынша, Сооронбай Жээнбеков елді басқарған бір жылдың ішінде Қырғызстанның ішкі саясатында бірқатар түбегейлі өзгерістер болған.

Басында Алмазбек Атамбаевтың қолдауымен билікке келген Жээнбеков те бұрынғы президенттің жолын жалғастырады деген болжам айтылды. Бірақ ол тек екі айға жуық уақыт сондай бағытпен жұмыс істеді.

2018 жылы ақпанның 8-і күні өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Жээнбековтің Атамбаев командасына шүйліккені байқалса, наурыздың 31-і күні өткен Қырғызстанның социал-демократиялық партиясының (ҚСДП) съезінен соң (ол жерде Алмазбек Атамбаев партия төрағасы болып сайланды) бір командадағы екі жетекші арасында алауыздық бары анық көрінді.

Егер мен айтпасам, кім айтады?

Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесі отырысында Сооронбай Жээнбеков бұрынғы билік тұсындағы жемқорлықпен күреске көңілі толмайтынын ашық айтты. Өз кезегінде Атамбаев ҚСДП съезінен соң өткен баспасөз конференциясында мемлекет басшысының мәлімдемесін сынады.

- Президенттің аппараты бұрын талқыланған, бірінші оқылымда мақұлданған стратегияны емес, мүлдем басқа құжатты енгізбек болып жатыр. Даму стратегиясынан парламенттік жүйеге өту мен "Таза коом" жобасын алып тастапты. Сооронбай Жээнбековтен "Бұл қалай болды?" деп сұрасам, "аппаратыма сенемін" дейді. Бұған қалай ашуланбайсың? - деді Атамбаев.

Атамбаев: Жағымсыз нәрселерді айтатын біреу де керек

Your browser doesn’t support HTML5

Атамбаев: Кому-то надо говорить неприятные, жесткие слова

Бұдан соң екі президент арасындағы түсінбеушілік ұлғая берді, бір айға жетпей Жээнбековтың маңындағы "Атамбаев кадрларының" бәрі қызметінен кетіп тынды.

Алдымен президенттік аппарат жетекшісі Фарид Ниязов, ҰҚМК (Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті) басшысы Абдил Сегізбаев пен бас прокурор Индира Жолдубаева қызметтерінен кетті. Сәуірдің 19-ы күні парламентке сенім тудыра алмағаны үшін Атамбаевқа ең жақын адамның бірі – Сапар Исаков басқаратын үкімет отставкаға кетті. Сарапшылардың айтуынша, осы кадрлық ауыс-түйістен соң Сооронбай Жээнбеков билігін толық пайдаланып, жаңа бағдарламаларын жүзеге асыра бастады.

Президент Алмазбек Атамбаев және елдің бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаков

​Профессор Алмазбек Акматалиевтің пікірінше, Сооронбай Жээнбеков бұрынғы президент кадрларын шеберлікпен ығыстырған.

- Ол былтыр бұрынғы президенттен мұраға қалған проблемаларды шешіп, жағдайды түзетумен айналысты. Басында барлық жауапты қызметте экс-президентке жақын адамдар отырды. Олардың көбі қазіргі басшымен бір командада тер төгіп жұмыс істеуге ниетті болмады. Қызуқандылыққа салынбай, оларды шетінен ауыстырып, позицияны өз қолына алуға әрекет қылды, - дейді ол.

Бірақ сарапшы айтқандай кадрлық өзгерістің бәрі бірдей жанжалсыз, тыныш өтті деуге болмайды. Қырғызстанның егемендік тарихында алғаш рет премьер-министр Сапар Исаков пен бас прокурор Индира Жолдубаеваны парламент сенім көрсетпегені үшін қызметтен босатты.

ЖЭЭНБЕКОВТЫҢ КАДРЛАРЫ...

Атамбаевтың адамдарынан құтылған Жээнбековтің кадрлық шешіміне шолу жасайық. Сооронбай Жээнбеков президент болған бір жылда қызметінен кеткендердің орнына мемлекет басшысына жақын, бірақ қоғамға аз танымал не мүлдем танымал емес адамдар билікке келді.

Сооронбай Жээнбеков кадр саясатын дұрыс жүргізу басты мақсаты екенін жиі мәлімдейді. Ол достық пен туыстық байланыс емес, кәсібилікке мән беретінін бірнеше рет айтты.

- Мемлекеттік және муниципиалдық мекемелерге қызметкерлер таза конкурс арқылы келгені абзал. Таныс-білістік арқылы қызметке тұруды жою – реформаның басты мақсаты. Кадрларды таңдаудың рычагы осы залда отырған адамдардың қолында. Демек, мемлекеттік қызметке адал, кәсіби кадрлардың келуі сіздерге байланысты - деді Жээнбеков.

Видео: Президент Жээнбековтың кадрлары (қырғыз тілінде)

Your browser doesn’t support HTML5

Президент Жээнбековдун кадрлары

Бірақ Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Равшан Жээнбеков бір жыл ішіндегі кадрлар тағайындаудағы басты принцип Атамбаевтың принципінен ерекшеленген жоқ дейді. Оның пікірінше, мәселені шешуде адамның білімі мен қабілеті емес, президентке жақындық деңгейі есепке алынған.

- Менің ойымша, негізгі қателердің бірі – бір жыл ішіндегі кадрлық саясаттағы әлсіздік. Президент пен оның командасының кадр таңдауда көрегендігі, критерийлері мен саясаты жоқтығы сезілді. Бұрынғыдай лауазымды таныстар мен жақындарына, өзін сайлау кезінде жұмыс істеген адамдарға үлестірді, - дейді Равшан Жээнбеков.

Сооронбай Жээнбековтің саясатындағы тағы бір ерекшелік – экс-президент Алмазбек Атамбаевпен келіспей қалған топтарды мәмілеге шақырғаны болды. Экс-президент Роза Отынбаева басқарған бұрынғы шенеуніктермен өткен кездесуі, азаматтық қоғам өкілдерімен пікірлесуі -осыған дәлел. Олардың көбін түрлі маңызды шараларға шақырып отырды.

Сооронбай Жээнбеков пен экс-президент Роза Отынбаева

Президент аппаратының бұрынғы жетекшісі Эмилбек Каптагаевтің пікірінше, соңғы бір жылда Қырғызстанда түрлі саяси күштердің бірігуіне жағдай жасалды.

- "Барлық күштердің басын қосты" деуге әлі ерте. Бірақ қоғамдағы түрлі күштер мен топтардың басын біріктірудің алғышарттары бар. Енді сол мүмкіндікті қалай пайдалану керек деген сұрақ туады. Әлі атқаратын іс көп, - дейді Эмилбек Каптагаев.

СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Сооронбай Жээнбеков президент болған бір жылдағы қызметі шетелге сапарларымен есте қалды. Осы уақыт ішінде мемлекет басшысы Қытайда, Түркіменстанда болды. Көрші Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне, бұрынғы билікпен қарым-қатынасы нашарлаған Түркияға ресми сапармен барды. Ресейге Жээнбеков бір жылда үш рет бард. Бельгия, АҚШ және Беларусь еліне жұмыс сапарымен барды.

Осы сапарлардың ішінде Қазақстан және Түркиямен қарым-қатынасы ерекше пікір тудырды. Бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың өткір сынынан соң бір жарым айға созылған "сауда соғысы", шекараның жабылуы, екіжақты келіспеушілік Сооронбай Жээнбеков пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші кездесуінен соң қалыпқа келді.

Үш президент

Ал сәуірде Сооронбай Жээнбеков Түркияға барып, тамызда түрік президенті Режеп Тайып Ердоған Бішкекке келген соң 2016 жылдан бері салқындап қалған Қырғызстан мен Түркия байланысы қайтадан жанданды.

Орталық Азиядағы Америка университетінің профессоры Эмил Жороевтың пайымдауынша, екі жақты қарым-қатынасты қалпына келтіру - Жээнбековтың сыртқы саясаттағы басты жетістігі.

- 2017 жылдың соңындағы жағдаймен салыстырсақ, ілгерілеу байқалады. Мысалы, екіұдай күй кешкен Қазақстан және Түркиямен арада оң өзгерістер пайда болды. Бірақ басқадай революциялық жетістікке жеттік, Қырғызстан үшін пайдалы келісімдер жасалды деуге келмейді - дейді Эмил Жороев.

Бұған қоса, Қырғызстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясы сессиясына қатысқаны мен Еуроодаққа барғаны сыртқы саясаттағы маңызды қадамы саналады.

УӘДЕ МЕН ӘУРЕ…

Сооронбай Жээнбеков президенттік сайлау науқаны кезінде жемқорлықпен күресті күшейтуге уәде берді. Ол кезде тіпті жауапкершілікке тартылатын 35 жемқордың тізімі туралы да айтылды. Соңғы бір жылда Бішкек ЖЭО-ны (жылу электр орталығы) жаңарту ісіне қатысты адамдар жауапқа тартылды.

Сапар Исаков, Кубанычбек Кулматов, Албек Ибраимов және Осмонбек Артыкбаев сияқты Атамбаевтың серіктестері мен ҚСДП танымал өкілдері ұсталды. Оларды ЖЭО-ны жаңалау жобасын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық жасаған деп айыптады.

Сооронбай Жээнбеков билік еткен алғашқы жылдағы басты шулы оқиғалар Бішкек ЖЭО-дағы апат пен жемқорлық деректерін халыққа жариялау болды. Сарапшылардың айтуынша, оқиға жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге шақырту кезінде, кеше серіктес, бүгін саяси бәсекелеске айналған Атамбаевтың командасы арқылы ұпай жинауға тиімді уақытта болды.

Профессор Алмазбек Акматалиев президенттің елдегі жемқорлықпен күресу үшін аянбай жатқанын айтады.

- Қырғызстанда күресу оңай емес. Президент осы бағыттағы ұстанымы берік екенін көрсетті, ол ішкі саясаттағы басқа қадамдарға кесірін тигізіп жатады, - дейді Акматалиев.

Бірақ кедендегі жемқорлыққа қарсы күрестің жоқтығы пікірталас тудырды, үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған бұрынғы вице премьер-министрдің елден кетуіне байланысты жемқорлықпен күрестің елдің бәрін бірдей қамтымайтыны айтылды.

Кәсіпкер, экономист Эмил Уметалиев президенттің саяси ортадағы және қоғамдағы беделі жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесіне байланысты екенін айтады.

- Саяси коррупция, контрабандалық коррупция, әкімшілік ресурс коррупциясына қарсы күрес жүреді деген үміт бар. Бірақ бұл істің жүзеге асар-аспасы әзірге, белгісіз. Әзірге үміт наразылыққа ұласқан жоқ. Уақыт өте келе үміт ақталмай қалса, халық арасында наразылық туып, сенімсіздік пайда болады, - дейді Эмил Уметалиев​.

2018 жылдың шілдесінде президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестен түскен қаржыны жинауға арнап бірыңғай депозит шотын ашуды тапсырды. Бұл жаңалықтың нәтижесі қандай болары әзірге белгісіз.

Оған қоса, Сооронбай Жээнбеков 2018 жылды "Аймақтарды дамыту жылы" деп атап, соны ұранға айналдырды. Біраз сарапшылар ұраннан басқа нақты жұмыс пен нәтиже көрмегендерін айтады.

Сайлау науқаны кезінде президент елдің бәрін ауыз сумен қамтамасыз етемін деп уәде берген еді. "Ала-Тоо булагы" жобасы аясында бір жылда тек бір ауыл ауыз суға қол жеткізді. Қаңтар-желтоқсан бағдарламасы бойынша 18 ауылды қамту көзделген, бірақ көп ауылда жұмыс аяқталмады. Оның себебі Қауымдастықты дамыту және инвестициялау жөніндегі агенттіктегі жағдай мен Дүниежүзілік банктің қаржыландыруды тоқтатуы деседі.

СООРОНБАЙ ЖЭЭНБЕКОВТІҢ ОСАЛ ТҰСТАРЫ

Сооронбай Жээнбеков басқарған бір жылда сот реформасы жүзеге аспағаны, экономиканың елеулі нәтиже көрсетпегені, "Қауіпсіз қала" жобасы орнынан жылжымағаны айтылады.

Заңнама бойынша, президент экономика мәселелері мен сот жүйесінің қызметіне араласа алмайды. Бірақ президентті халық сайлайтындықтан, ол үкімет мүшелерін бекітетіндіктен президент мұндай кемшіліктерге жауап береді.

Сооронбай Жээенбековтің өзі сот реформасын жүзеге асыруға ерік-жігері жететінін мәлімдеді. "Кейбір судьялар "сот реформасы үшін ерік-жігер мен қаражат керек" дейді. Ерік-жігер жетеді, қаражат табылады. Не боларын кейін көреміз" деді ол.

Саясаткер Равшан Жээнбеков президенттің шешімтал әрекет жасамағаны үшін көп сынға ұшырағанын айтады.

- Халық пен қоғам қалаған, елеулі өзгеріс туғызып, мемлекетті даму жолына бастайтын фундаменталды реформалардың ешбірі басталмады. Соттар бұрын қандай болса, солай қалды. Бұрын Атамбаевқа қызмет етсе, енді Жээнбековтың айтқанын істейді. Құқық қорғау мекемелері де солай. Үкімет пен парламент бұрын Атамбаевқа қызмет қылып, қошамет айтатын, қазір содан өзгерген жоқ, - дейді ол.

Бұған қоса Атамбаевтың жақтастары Жээнбековты отбасылық-кландық билікке жол ашты деп сынайды. ҚСДП бұған қатысты бірнеше мәлімдеме жасады. Оған президенттің жауапты мемлекеттік қызметке туыстарын тағайындауы себеп болды деседі. Бірақ Сооронбай Жээнбековтің өзі бұл айыпты терістейді, отбасылық билік орнамайды деп сендіреді.

- "Жээнбеков Бакиевке айналды, туыстарын билікке әкеп жатыр" деген сөздер әдейі айтылады. Мен ешкімді билікке жібермеймін, ондайды білсем қатаң шара қолданамын. Оны бәрі біледі. Қазір менде өзім танымайтын "туыс-достар" көбейді, әр жерден шығып жатады. Менің туысым екендерін айтып, қызметке тұрады. Ондай жағдайда оларды қама деймін. Бұрынғы президенттердің тәжірибесі маған үлкен сабақ болды. Менің бір ұл, бір қызым бар. Ұлым 4-сыныпта оқиды. Ол Максим Бакиевтей болғанда мен қызметтен кетемін. Менің мақсатым – президенттікті жақсы тапсырып, елмен араласып жүру, - дейді Қырғызстан президенті.​

Видео: Жээнбеков "тамыр-таныстық" жайлы (қырғыз тілінде)

"Сереп" зерттеу орталығының директоры Искендер Ормонұлы бұндай әңгімелердің алдын алып, бақылауды күшейтпесе, салдары жаман болады деп ескертеді.

- Әзірге "туыстарымды қызметке тартпаймын, бұрынғы президенттердің тағдыры маған сабақ" дейді. Бірақ оны уақыт көрсетеді. Бұрынғы президенттің адамдары "батыл реформалар басталғанда экономиканың күйі не болады?" деген сауал тастайды. Егер күмән туса, қазіргі президентке қиын болады, - дейді Искендер Ормонұлы​.

Президенттің туыстары туралы әңгімелерден бөлек, мешіттер мен мектептер мәселесі де қоғамда пікірталас тудырды. Бішкекте "Имам Сарахси" мешіті ашылғанда Сооронбай Жээенбеков мектептер мен мешіттердің санын салыстыруға өз пікірін білдіріп, мешіттің көп болғаны жақсы деді. Бұл әлеуметтік желіде қызу пікірталас тудырды.

"ХАЛЫҚТАН ШЫҚҚАН БАСШЫ…"

Жээнбековтың командасы оны "халықтан шыққан басшы" ретінде көрсетуге тырысады. Президент те жыл бойы осы бейнеге сай болуға тырысты. Сарапшылардың пікірінше, Жээнбековтың стилі мен мінезі сондай имиджге сай келеді.

Саясаттанушы Искендер Ормонұлы бұл бейнені нақты нәтижемен бекітетін уақыт келді деп есептейді.

- Президент халықтан шыққанын, оған жақын екенін көрсеткісі келеді. Соған дәлел ретінде қарапайым жолаушылары бар ұшақпен ұшады, мемлекеттік істі жеке басымен араластырмауға тырысады. Бұл халыққа ұнайды. Бірақ оның бәрі әдейі ұйымдастырылатынын көріп жүрміз. Соның бәрін жүйелі түрде жасамай, бір-екі рет қана көрсетсе, оның пайдасы болмайды, - дейді Искендер Ормонұлы​.

Шынында да, бірқатар сарапшылар Жээнбековке халықтың сенімі бір жылда біраз азайғанын айтады.

- Алдағы жыл Жээнбековтың нағыз сыналатын кезі болады. Ол дамуға серпін беретін стратегиялық бастамасын әлі айтқан жоқ. Иә, бірнеше адамды қамады. Бірақ қолындағы картасы таусыла бастады. Экономикалық көрсеткіштер нашарлап келеді. Соңғы уақытта өндіріс 4,7 пайызға азайды. Оның бәрі Жээнбековтен сұралады, - дейді сарапшы Сейтек Качкынбай​.

Ал қоғамдық қайраткер Эмилбек Каптагаевтың ойынша, ең негізгі президент халықтың сенімін жоғалтпауы керек.

- Жээнбековтың алдындағы ең үлкен қауіп – күштің, энергияның, бастамашылдықтың таусылуы. Басталған өзгерістерге деген үмітті жоймау керек, халықтың сенімін жоғалтып алмауы керек, - дейді Эмилбек Каптагаев.

Сооронбай Жээнбековтің маңындағылар бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты оның басты қарсыласы санайды. Басқа саяси күштер өз позициясын ашық мәлімдемеді. Олардың қатарында "Атамекен" партиясының жетекшісі, абақтыда жатқан Өмірбек Текебаев пен Жээнбековпен президенттік сайлауда бәсекелес болған өзге саясаткерлер бар.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)