Бүгін Қырғызстан ішкі істер министрлігі (ІІМ) «экстремистерді сынаумен танылған теолог Қадыр Маликовке шабуыл жасады деген болжаммен Түркияда екі күдікті ұсталды» деп хабарлады. Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қырғызстан МҰҚК мен ІІМ қызметкерлері Маликовке жасалған шабуылға «Ислам мемлекеті» террористік тобы жақтастарының қатысы барын анықтаған.
Қырғызстанға белгілі ғалым әрі қоғам қайраткеріне қарашаның 26-сында шабуыл жасалған. Тергеушілер «сол оқиғадан соң күдіктілер бірден Қазақстанға өтіп, кейін Түркияға ұшып кеткен» деп санайды.
– Күдікке ілінген азаматтар Түркияның Сирия шекарасына 40 километр жердегі Газиантеп қаласында Интерпол арқылы ұсталған. Ұсталғандарды Қырғызстанға алып келу үшін милиция қызметкерлері Түркияға ұшып кетті, – деп хабарлады Қырғызстан ІІМ баспасөз хатшысы Бақыт Сейітов Азаттыққа.
Қырғыз билігінің айтуынша, күдіктілер – 28 жастағы Әлібек Тілекұлы мен 29 жастағы Ырысқұл Бейшеналиев.
МҰҚК-нің мәлімдеуінше, өткен аптаның соңында Бішкекте «теолог ғалымға шабуылдағандардың сыбайластары» деген болжаммен тағы екі адам қамауға алынған.
– Жедел іздестіру шаралары аясында қылмыстық топтың екі сыбайласы ұсталды. 29 қарашада олардың үйлеріне тінту жүргізіліп, экстремистік сипаттағы кітаптар, пышақтар мен оқ-дәрі табылды, – деп хабарлайды МҰҚК-нің ресми өкілі Рахат Сулайманов.
ИМ-НІҢ «ТАПСЫРЫСЫ» МА?
Қадыр Маликовке өткен бейсенбі күні кешке шабуыл жасалған. Милиция дерегінше, дүкеннен шыққан Маликов көлігіне жақындай бергенде жолын әлдебір автомобиль бөгеп қалған. Жас жігіттер көлікті жолдан алуды сұраған Маликовке тап беріп, оның қолы мен бетін пышақпен жарақаттаған. Теолог ауруханаға түскен, дәрігерлер оның өміріне қауіп жоғын айтады.
Милиция әуелі тұрмыстық жанжал шыққан деп хабарлап, «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қадыр Маликов пен туыстары іс дұрыс тексерілмей жатыр деп наразылық білдірген. Теолог «бұл оқиға қызметіме тікелей байланысты» деп мәлімдегеннен кейін тергеушілер қылмыстық істі «Мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерді өлтіру мақсатында қастандық жасау» бабына ауыстырған.
Қадыр Маликов «Ислам мемлекеті» көзімді жоймақ болды» деп біледі.
– Көлігіме өтетін жолды қара BMW-мен бөгеп қойыпты. Көлігіме жақындай берген едім, мені BMW көлігінің артқы орындығына сүйреп кіргізбек болды, бірден электрошокермен ұрып, пышақ сілтей бастады. Олардан әрең сытылып шықтым, – дейді Маликов.
Оның айтуынша, шабуыл жасағандардың бірі «Аллаху акбар!» деп айқайлаған. Қадыр Маликов шабуыл ұйымдастыруға «Ислам мемлекеті» террористік ұйымы тапсырыс берген деп санайды.
– Сирияның Ракка қаласындағы «Ислам мемлекетін» қолдайтын террористік топтар мені және Қазақстанда тұратын тағы бір теологтың көзін жоюды ұйғарғаны туралы ақпарат болған. Жазда үйімнің қасында және намаз оқуға баратын мешіттің жанында сыртымнан аңдыған. Сондықтан «Ислам мемлекеті» жайлы пікірімді жария етпеуге мәжбүр болғанмын. «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы шыққандардың өміріне қауіп төнгенін мен ұшыраған мына оқиға көрсетеді, – дейді ол.
Қадыр Маликов «Ислам мемлекеті» содырлары «көзін жоюды» ұйғарған қазақстандық теологтың есімін атамады.
Маликов «Дін, құқық және саясат» сараптама орталығын басқарады. Ол жергілікті және халықаралық экстремистер мен террористерге қатысты сыни позициясымен танылған. Егер Маликовке қарсы қастандықты ұйымдастырған «Ислам мемлекеті» екені дәлелденсе, бұл террористік ұйымның Орталық Азия территориясындағы жақтастарының алғашқы шабуылы болмақ.
Мақала Азаттықтың Қырғыз қызметі материалы негізінде жазылды.