Қырғыз мигранттары ЕАЭО-ға мүшеліктен не ұтады?

Мәскеудегі Қырғызстан мигранты. (Көрнекі сурет)

Жоспар бойынша, Қырғызстан мамырдың 9-ы күні Еуразия экономикалық одағы құрамына өтеді. Бұл одақ қырғыз мигранттарына қандай артықшылықтар бере алады?

Аймақаралық қоғамдық қозғалыс жетекшісі, заңгер Әлішер Маданбековтің айтуынша, елдің ЕАЭО-ға қосылуы қырғызстандық мигранттар «қара тізімнен» шығады дегенді білдірмейді.

- Еуразия экономикалық одағына кіргеннен кейін «қара тізімдегі» 77 мың қырғызстандық пен Ресейдің көші-қон заңын бұзған 192 мың азаматымызды әлгі тізімнен автоматты түрде шығарып тастамайды. Мигранттарымыз ЕАЭО аясында кейбірартықшылықтаралады. Бірақ олар Ресейдің еңбек мигранттары туралы заң актілерін жетік біліп, оның талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Егер бұл талаптар орындалмаса, «қара тізім» интеграциядан кейін де толыға береді. Еуразия экономикалық одағы ұйымға мүше әр елдің келісім шарттарын орындауын талап етеді. Мұндай жағдайда «қара тізімді» қайта қарау мәселесі ЕАЭО жоғарғы кеңесіне хаттамалық негізде ғана енгізіледі. Ал амнистия ЕАЭО-ға мүше елдердің бәрінің келісімімен ғана жариялануы мүмкін, - дейді ол.

«КӘСІПОДАҚ КЕРЕК»

Әлішер Маданбеков еңбек мигранттарының құқығын кәсіподақ қорғай алуы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, ЕАЭО-ға кіргеннен кейін қырғызстандық мигранттар кәсіподақ бірлестіктерін құру құқығына ие болады.

- Кәсіподақ – мигранттард проблемаларына тікелей араласып, оларды қорғай алатын ұйым. Кәсіподақтардың мұндай құқығы Ресей конституциясынада бекітілген, - дейді Маданбеков.

Қазір құқығы бұзылған мигранттардың көбі сауатсыздығы мен тиісті ақпараттың жоқтығынан құқық қорғау және сот органдарына дер кезінде жүгінбейді. Кәсіподақ ұйымы – Ресей үкіметі және еңбекшілер қауымдастығымен келісімге келуге қауқары жететінықпалды орган. Бұл- мигранттардың мүддесін қорғау үшін өте қажет ұйым.

Әлішер Маданбеков интеграциялық келісімдерде мигранттарға толық медициналық қызмет көрсету тармағы қарастырылмағанын ерекше атап көрсетеді. Бұл мәселе үкіметаралық деңгейде шешілуі тиіс.

Оның айтуынша, Қырғызстан мигранттары орыс тілі мен Ресей заңдарын жетік біліп, ең бастысы, маман болуы тиіс.

- ЕАЭО жарғысының 26-бабында мигранттар туралы нормалар анық жазылғанымен, оларға дәрігерлік көмек түрлерінің ішінде алғашқы медициналық жәрдем көрсету ғана қарастырылған. Мемлекетаралық деңгейде міндетті медициналық сақтандыру институтын құру қажет. Бұл мигранттарға медициналық қызмет түрлерін толық көлемде алуға мүмкіндік береді. Қазір негізгі проблема – мигранттардың ерікті медициналық сақтандыру шартының қолданылуынреттейтін нормативтік құжат жоқ. Медициналық сақтандыру – ақылы құжат. Медициналық қызмет кімнің қанша ақша төлегеніне байланысты көрсетіледі. Бұл проблеманы шешу үшін денсаулық сақтау министрліктері мен қызмет көрсету мекемелері арасында үкіметаралық деңгейде келісім-шарт бекітіліп, мигранттар үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс, - дейді Әлішер Маданбеков.

КӘСІБИ-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМНІҢ ҚАДІРІ АРТАДЫ

Маданбековтің айтуынша, ЕАЭО-ға қосылғаннан кейін еңбек нарығы кеңейеді, сондықтан Қырғызстан өз мигранттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оларды кәсіби-техникалық мамандықтарға оқытуы тиіс.

- Ресей нарығы қандай мамандарға зәру, жалақы деңгейі қандай деген мәселелерді зерттеу қажет. Осы зерттеу нәтижелеріне қарай және азаматтарымыздың ЕАЭО еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тиісті мамандарды даярлау қажет. Орта арнаулы білім беретін кәсіби-техникалық оқу орындарын дамыту қажет, - дейді ол.

Ресейде медбике, дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик және үй қызметшілеріне сұраныс көп. Бірақ қырғызстандықтар мұндай мамандықтарды меңгеріп қана қоймай, орыс тілінде жақсы сөйлеп, елдің заңдарын біліп, орыс ұлтының болмыс-бітімінен хабардар болуы тиіс. Мұндай қасиеттерге ие мигрант еңбек нарығында өзге елдердің азаматтарымен бәсекеге түсіп, тиімді жұмыс түрлерін таңдай алады.

Еуразия экономикалық одағы Қырғызстан мигранттарына патентсіз жұмыс істеу, ЕАЭО территориясында 30 күнге дейін тіркеусіз тұру және балаларын мектеп, балабақшаға орналастыру құқықтарын береді.

Әлішер Маданбеков «ЕАЭО-ның әр мүшесінің құқы тең сақталуы тиіс» деп түйіндейді.

Лазат Тақырбашованың мақаласы орыс тілінен аударылды.