Ош оқиғасына қатысты қылмыстық істер

Ош оқиғасы кезіндегі әскер. Қырғызстан, 14 маусым 2010 жыл.

Қырғызстанның бас прокуратурасының түсіндіруінше, елдің түстігіндегі 2010 жылғы кісі өлтіру, тонау сияқты ауыр қылмыстарға қатысушылардың кімдер екенін анықтау мүмкін емес.

Қылмыстық істердің 70 пайызға жуығы ашылған жоқ. Оның үстіне жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталғандардың көпшілігі ұсталмаған.

БЕС ЖЫЛ…

2010 жылғы маусым оқиғалары бойынша барлығы 5 мың 646 қылмыстық іс қозғалған. Оның көбі – «Тонаушылық», «Қарақшылық», «Бөтеннің мүлкін бүлдіру», «Өртеу», «Зорлау» және «Кісі өлтіру» баптары бойынша қозғалған.

Бас прокуратураның дерегінше, 2015 жылдың маусымына дейін 1 мың 793 іс ашылған. Ал қозғалған істің 68 пайызы ашылмай қалған. Ашылған істердің 1 мың 400-ден көбі уақытша тоқтатылған немесе тергеу барысында жабылған. Демек, сот қарауына 336 іс қана жеткен.

Бас прокурордың бұрынғы орынбасары Темірбек Бекмаматұлы жаппай қылмыстық іс қозғау дұрыс болмады деп санайды.

- Әу бастан мұнша қылмыстық іс қозғамау керек еді. Ал қозғаған соң ақырына дейін ашылу керек еді. Бірақ ұқсас эпизодтар бойынша қозғалған қылмыстық істерді жүйелеп, заңды бағасын берген жөн еді. Ол кезде бейбіт заман заңына сәйкес, әр эпизод бойынша жеке қылмыстық іс қозғалған еді. Бірақ маусымда ауқымды, жаппай сипаттағы оқиға болды деп есептеледі. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қылмыстың көбін топтанған адамдар жасайды. Олардың кім екені анықталған жоқ. Шындығында, тәртіпсіздікке қатысқан әр адамды тауып, жауапқа тарту қиын. Бірақ арандатушыларды жауапқа тартудың жөні бөлек. Әр адамның ісін жеке қарау керек, мүмкін, біреулер жаппай тәртіпсіздікке кездейсоқ қосылып кеткен шығар, - дейді ол.

ЕЛГЕ ҚАЙТАРЫЛМАҒАНДАР

Қылмыстық істердің кейбірі 2013 жылы реттеліп, бір өндіріске топтастырылды немесе күдіктілер табылмағандықтан, уақытша тоқтатылды.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысты қозғалған 43 қылмыстық іс бойынша 102 адамға іздеу жарияланған. Ал «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан» деген күдікпен 37 адамға Интерпол желісі арқылы халықаралық іздеу жарияланған. Олардың ішінде өзбек ұлттық-мәдени орталығы өкілдері Қадыржан Батыров, Иномжан Әбдірасулов, Карамат Абдуллаева, Жалолиддин Салахудинов және өзгелер бар.

Тергеу органдары ақпаратына сәйкес, іздеу жарияланғандардың кейбірі Еуропа елдерінен саяси баспана алған, енді біреулері Өзбекстан мен Түркияда тұрып жатыр, ал тағы біреулері тіпті қоғамдық жұмыспен айналысып, халықаралық конференцияларға қатысып жүр.

Темірбек Бекмаматұлы оларды экстрадициялау туралы өтініштерге әлі күнге дейін жауап келмегенін айтады.

- Минск конвенциясы аясында Өзбекстанмен арада қылмыскерлерді беру туралы келісім бар. Қырғызстан азаматтарын беру туралы жолдаған өтініштерімізге Ташкенттен «іздеу жарияланғандардың тұратын жері белгісіз» деген жауаптар келеді. Ал алыс шетелдермен мұндай келісіміміз жоқ. Оның үстіне, ол жақта жасырынғандардың кейбірі саяса баспана алған. Сондықтан оларды бізге беруден бас тартады, - дейді ол.

Маусым оқиғаларын ұйымдастырды деп айыпталған 50 азамат шетелде ұсталған (Ресейде – 46, Қазақстанда – 3 және Түркияда - бір адам).

Шетелде жасырынғандардың көбі «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» және «кісі өлтірді» деп айыпталады. Қазірге дейін ұсталғандардың алтауы Қырғыстанға экстрадицияланған. Шет мемлекеттер уақытша саяси баспана алған 18 адамды беруден бас тартқан, ал 11 адам өзге мемлекеттің азаматтығын алған.

Ош қаласы мен облысы ішкі істер басқармасы бастығы Сүйін Өмірзақов қылмыс жасады деп айыпталғандарды Қырғызстанға экстрадициялауға қатысты қиындықтар жайлы айтады.

- Айыпталушылардың көбі Ресейде ұсталды, бірақ қолдарында Ресей төлқұжаты бар болып шықты. Ресей заңы бойынша олар өз азаматтарын бермейді. Қазақстанда ұсталғандарды елге экстрадицияладық. Екі жақты келісім негізінде айыпталушыларды Ресейден бас прокуратура арқылы экстрадициялауға тырысып жатырмыз. Ол жаққа қылмыстық іс материалдарын жібердік, экстрадиция мәселесін осындай жолмен шешіп көрмекпіз. Егер негізгі кінәлілер ұсталса, көп жайттың басы ашылар еді. Бірақ ерте ме, кеш пе, олар бәрібір ұсталады, - дейді ол.

САБАҚ АЛУ КЕРЕК...

Маусым оқиғалары кезінде құқық қорғау органдары мен армия 1 мың 58 атыс қаруы мен 100 мыңнан аса оқ-дәрісінен айырылды. Ал бүлікшілердің қолына түскен алты бронды әскери техника кейін қайтарылған. Арнайы шаралар нәтижесінде 632 дана қару мен 90 мыңға жуық түрлі калибрлі патрон қайтарылды.

Қару-жарақты жоғалту және салдыр-салақтық фактілері бойынша қозғалған 66 қылмыстық істің 52-сі ашылған. Оның 38-і сотқа өткізіліп, 55 әскери қызметшіге айып тағылды. 27-сіне қатысты қылмыстық іс жабылды.

Маусым оқиғасының бес жылдығына орай жолдауында президент Алмазбек Атамбаев ұлтаралық қақтығысты «шетел арнайы қызметтері әзірлеген операция» деп атады. Бірақ құқық қорғау органдары қақтығысты даярлауға қатысты құпия жайттарды сол күйі анықтай алмады.

Қырғызстан арнайы қызметінің зейнет демалысындағы қызметкері Талант Раззақов қайғылы оқиғаға қатысты жайттардың толық ашылмауының аяғы насырға шабуы мүмкін деп санайды.

- 1990 жылғы оқиғадан кейін одан сабақ алмай көз жұма қарадық, жара өздігінен жазылар деп қақтығысқа тиісті мән бермедік. Ол кездегі оқиғаларға заң тұрғысынан баға берілмеді. Сондықтан бәрі қайталанды. Қазір 2010 жылғы оқиғаларға қатысы бар адамдардың жауапкершілігін анықтап, қақтығыстың нағыз себептерін ашу керек және мұндай оқиғаның қайталануына жол бермеу керек. Мұны да ұмытып кетеміз. Трагедияның зардаптарын жылына бір рет емес, әр күн сайын естен шығармай, жұмыс істеу керек.

АМНИСТИЯ КЕРЕК ПЕ?

Ал қоғамда «маусым оқиғалары кезінде ұсақ қылмыс жасап, сотталғандарға рақымшылық жариялау керек» деген ұсыныстар айтыла бастады.

Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, зардап шеккендердің де, айыпталушылардың да 70 пайызы - этникалық өзбектер. Сондықтан Human Rights Watch ұйымы бастаған халықаралық ұйымдар Қырғызстанды тергеу-тексеру амалдарын әділ жүргізуге шақырған.

Құқық қорғаушы Әбдімомын Мамарайымов жаппай тәртіпсіздіктерге еркінен тыс қосылған қарапайым азаматтарға рақымшылық жасау мәселесін көтерген.

- Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар амнистияға ілінбеуі тиіс. Бірақ тобырдың ықпалына еріп, тәртіпсіздікке қатысқан қарапайым азаматтарға кешіріммен қарап, рақымшылық жасалғаны жөн болар еді. Бұл халықтардың өзара кешірім мен бірлігін нығайту негізіне айналар еді. Оқиғадан кейін тергеу орындары мен соттар тексеру шараларын алалап жүргізіп, жазықсыз жандар сотталған жағдайлар тіркелген. Олар азаптауға душар болған соң кінәні мойнына алып, жазаға кесілген, - дейді ол.

Бірақ бұл ұсыныстарға қарамастан, маусым оқиғалары үшін жауапкершілік мәселесінде нүкте әлі қойылған жоқ. Маусым оқиғаларын тексерген ұлттық және депутаттық комиссиялар ұйғарымындарында "қақтығысты Қадыржан Батыров бастаған сепаратистер, бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің жақтастары және елдегі жағдайды ушықтыруды көздеген сыртқы күштер ұйымдастырған" деп жазған.

ЖАУАПСЫЗДЫҚ

Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Артур Медетбеков әуелі уақытша үкімет өкілдерінің жауапкершілігі қаралуы тиіс деп санайды.

- Ол кезде бүкіл жауапкершілікті мойнына алған уақытша үкімет жағдайды бақылауында ұстауы тиіс еді. Бірақ оның мүшелері мұның орнына қызметтерді бөліске салып, бір-бірін аңдумен болды. Жағдайдың беталысын байқап, шара қолдану үшін ешқайсысы Ошқа барған жоқ. Ал қазір түрлі себеп-сылтау айтуға болады. Егер билік дер кезінде шара қолданғанда, мұндай трагедия болмас еді. Қақтығысты ұйымдастыруға мүдделі адамдар тіпті кейін де анықталған жоқ, билік кесімді жауабын берген жоқ.

Бірақ ол кезде уақытша үкіметтің кейбір мүшелері оқиғаға «ұлтаралық қайшылықтарды пайдаланып, аймаққа іріткі салу мақсатын көздеген террордың жаңа түрі» деген баға берген. Ол кездегі биліктің әлсіздігі мен жағдайды бақылауында ұстауға дәрменсіздігі де маусым қақтығысының негізгі себептерінің бірі ретінде аталады.

«Ата Мекен» фракциясы жетекшісі Өмірбек Текебаевтың мәлімдеуінше, құқық қорғау органдарының кейбір басшылары қызметіне қасақана салғырт қарап, саботаж ұйымдастырған.

- Құзырлы органдар өздерінің тікелей міндеттерін орындамады. Оның үстіне, құқық қорғау органдарының кейбір басшылары қасақана салғырттық танытты. Егер олар оқиғаның алдын алып, өз деңгейінде шара қолданса, қолдарын біреу байлап қойды ма? Оқиғадан кейін жасалған қылмыс фактілеріне шұғыл құжат толтырып, тергеу амалдарына көмектесетін фактілерді тіркеу мен күдіктілерді ұстау да солардың міндеті болатын. Бірақ олар бұл іспен де айналыспады. Мұның бәрі сол кездегі құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесі, - дейді ол.

Ресми дерек бойынша, 2010 жылдың маусымындағы қақтығыс кезінде 446 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам түрлі деңгейде жарақат алған. 57 адам із-түзсіз жоғалып кеткен, кейін бұл сан 19 адамға азайды. Қаза тапқан 18 адамның денесі кімдікі екені қазірге дейін анықталған жоқ. Қақтығыс салдарынан мемлекетке 4 миллиардтан аса сомның материалдық зияны келді деп бағаланады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Кубанычбек Жолдошевтің мақаласы.