Қызметіне енді ғана кіріскен Қырғызстан президенті алғашқы шетелдік сапарын Ресейден бастамақ. Бұл жайлы қарашаның 28-і күні мемлекет басшысы аппараты хабарлады.
Қарашаның 29-ы күні басталатын жұмыс сапары кезінде Сооронбай Жээнбеков Ресей басшыларымен кездесіп, екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.
Өткен аптада өткен ұлықтау салтанатында Сооронбай Жээнбеков «ұлттық мүддені қорғау елдің сыртқы саясатындағы басым бағыт болып қала береді» деп мәлімдеп: «Ресей Федерациясымен дәстүрлі достық, стратегиялық әріптестік және одақтастықты дамыту саясаты жалғасады. Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасымыз тату көршілік әрі стратегиялық әріптестік негізінде тереңдей түседі. Орталық Азия елдерімен өзара қарым-қатынас ғасырларға жалғасқан бауырластық, достық, ортақ тарихымыз, мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызға негізделген» деген болатын.
Бұған қоса, ол «Еуропа Одағы елдерімен тығыз диалог жалғасып, Түркия және АҚШ-пен арадағы ынтымақтастығымыз жоспарлы түрде дамитын болады» деген.
Ал кейінірек ИТАР-ТАСС ақпарат агенттігіне президент ретінде берген алғашқы сұхбатында Сооронбай Жээнбеков «Ресеймен қарым-қатынасқа айрықша көңіл бөлінетін болады» деп мәлімдеген.
Енді сөзінің дәлелі ретінде қырғыз президенті алғашқы сапарын Мәскеуден бастап отыр. Сосын Қырғызстан президенті Беларусь астанасы Минскіге барып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдер басшыларының саммитіне қатысады.
Сарапшылардың пікірінше, Сооронбай Жээнбековтің алғашқы шетелдік сапары Ресейден басталатыны әу бастан түсінікті болған, сондықтан олар жаңа мемлекет басшысы тарапынан сыртқы саясатта үлкен өзгерістер болады деп ойламайды.
Қырғызстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Болот Жүнісовтің сөзінше, жуырда сайланған Қырғызстан президентінің алғашқы қадамдарын халықаралық әріптестер жіті бақылап отыр.
- Қырғызстанның сыртқы саясатында өзгеріс бола қоймас. Өйткені Қырғызстан сияқты шағын елдердің мүмкіндігі шектеулі. Бірақ ел ішіндегі жағдайды әріптес елдер жіті бақылап отыр. Олар «жаңа президент тәуелсіз тұлға ма, әлде бұрынғы басшының қойған адамы ма?» деген сұраққа жауап беретіндей әлдебір белгіні күтіп отыр. Егер соңғысы болса, Қазақстан және Түркиямен арадағы қарым-қатынаста «бұрынғы президенттің көлеңкесінен шықпайтын» саясат ұстанады. Ал егер өздігінен дербес саясат жүргізгісі келсе, жаңа қадамдар күтуге болады, - дейді Болот Жүнісов.
Бұған қоса, дипломат сыртқы саясатты сауатты жүргізу үшін жаңа президент жанына тәжірибелі кеңесшілер жинауы тиіс деп санайды.
Бұған қоса, «Қырғызстанның Қазақстан мен Түркия сияқты кейінгі кезде қарым-қатынасы нашарлап кеткен елдермен диалогы реттеле ме?» деген сұрақ туады.
Жогорку Кенештің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Қаныбек Иманалиев «Қазақстанмен әріптестікті қалпына келтіру - Сооронбай Жээнбеков үшін қазір негізгі міндет болуы тиіс» деп санайды.
- Президенттің негізгі міндеттерінің бірі – Қырғызстанның ұлттық мүдделерін қорғау. Сондықтан, ол көрші елдермен, сауда әріптестермен, халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Ал қазір ең әуелі Қазақстанмен шекарадағы мәселені шешу керек. Қазір шекарада 500-дей жүк көлігі жиналып қалған, ауыл шаруашылығы өнімдері жөнелтілмей жатыр. Ол сыртқы саясаттағы жұмысты осы мәселеден бастауы тиіс. Мысалы, егер Минскіде бұл мәселе ҰҚШҰ аясында ресми түрде қаралмаса да, көрші елдің басшымен оңашада талқылауы тиіс, - дейді ол.
Кейінгі бір жарым айда Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің арасы нашарлап, қазақ-қырғыз шекарасынан өту қиындап кеткен. Ресми Астана шекарадағы тексеруді күшейту себебін «Қырғызстан контрабандамен күреспейді» деп түсіндірген.
ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ҮКІМЕТ ДАУЫ ЖАЙЛЫ АЗАТТЫҚ МАҚАЛАЛАРЫ ТІЗІМІ
Бірақ шекарадағы дағдарыстың нақ себебі қазанның басында Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан билігін сынаған сөздерінде жатыр деген пікір бар.
ВИДЕО: Алмазбек Атамбаевтың қазақ билігін сынаған сөзі:
Your browser doesn’t support HTML5
Мемлекет басшысы аппараты өкілдерінің айтуынша, ҰҚШҰ-ға мүше елдер басшыларының саммиті аясында Қырғызстан мен Қазақстан президенттерінің екі жақты кездесуі жоспарланбаған.
Бірақ Жогорку Кенештің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің тағы бір мүшесі депутат Абдывахап Нұрбаев «қазіргі жағдайды ескеріп, көп векторлы саясатқа оралған дұрыс болар еді» деп санайды.
- Ұлықтау рәсімі кезінде Сооронбай Жээнбеков Ресей ғана емес, Еуроодақ елдері, АҚШ, Түркия және өзге мемлекеттермен де қарым-қатынасқа көңіл бөлінеді деп айтты. Бұл - жақсы нышан. Көп векторлы саясатқа мән беріп, Қырғызстан ұтатын мемлекеттермен қарым-қатынас орнатудан қашпау керек, - дейді ол.
Қырғызстан көп векторлы сыртқы саясат ұстанатыны жайлы мәлімдеген. Бірақ сарапшылар кейінгі жылдары ел Ресеймен біржола жақындасып, Батыс елдерінен алшақтап кетті деп санайды.
(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Бақыт Асановтың мақаласы орыс тілінен аударылды)