"Бейімдегенде сақ болу керек". Қырғызстан ДАИШ содырларының әйелдері мен балаларын елге қайтарды

Сириялық лагерьлерден әкелінген қырғыз әйелдері мен балалары. Бішкек, тамыз айы 2023 жыл.

Биыл Қырғызстан екі операция аясында Сириядан ДАИШ содырларының әйелдері мен балаларын елге қайтарды. Сириядағы босқындар лагерьлері мен Ирак түрмелерінде әлі ондаған қырғыз азаматы бар. Сарапшылар келгендер тиісті дәрежеде бейімделуі керек деп ескертеді.

Жуырда Қырғызстан Сириядан 150-ден астам адам – ДАИШ ("Ислам мемлекеті") содырдарының әйелдері мен балаларын қайтарды. Бұл биыл жүзеге асырылған екінші қайтару операциясы.

Дегенмен бұл басы ғана: енді үкімет жылдар бойы қалыпты өмір сүрмеген, соғыс көрген бұл азаматтардың Қырғызстандағы өмірге бейімделуіне жағдай жасауы керек.

30 тамызда Бішкек әуежайына келгендердің 64-і – басым бөлігі Сирияда туылған балалар болды. "Айкөл" гуманитарлық миссиясының ақпан айындағы алғашқы кезеңінде елге 18 әйел, 41 бала әкелінген.

2018 жылы ДАИШ террористік тобы жойылғаннан кейін Сирия мен Иракта шамамен 450 қырғыз әйелі мен баласы қалған. Бұған қоса, ДАИШ содырларының отбасының ондаған өкілі Ирак түрмелері мен Сириядағы босқындар лагеріне қамалған.

Олардың туыстары қырғыз билігіне қысым жасап, жақындарын отанына қайтаруды талап еткен.

Қырғызстанның Шу облысы Қара Балта ауданында тұратын Хамида Якубова мен Рамаз Сариев Бішкекті көрші Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан үлгі алып, сириялық лагерьлерден өз азаматтарын қайтаруға шақырғандардың бірі.

Якубова Азаттыққа қызы мен немересінің өткен аптада елге оралғанын айтты.

"Қызым Стамбулда оқитынын айтып, 2014 жылы үйден кеткен. Сөйтсе, ол оқуды жоспарламаған екен, оның миын айналдырып, Сирияға тартқан" деді Якубова.

Якубова — Сириядағы қыздарын қайтарғысы келетін қырғыз ата-аналары құрған "Қолыңды соз" қайырымдылық қорының төрайымы. Ресми мәлімет бойынша, 2014-2018 жылдары ДАИШ-қа қосылу үшін елден кеткен шамамен 850 қырғыз азаматының кемінде 140-ы – әйел.

Қырғызстаннан Сирия мен Иракқа күйеулері алып кеткен әйелдер де бар. Кемінде 150 қырғыз азаматы әуе соққысы мен әскери қимылдардан опат болған. Кейбірі "халифат" құлағанға дейін ДАИШ-тан құтылып, үйлеріне оралған.

ОТБАСЫНЫҢ ОРАЛҒАНЫН КӨРЕ АЛМАДЫ

Рамаз Сариев ақпарат құралдары алдында ДАИШ насихатшылары отбасының шырқын бұзғанын ешқашан жасырған емес. Бұған дейін берген сұхбаттарында ол ДАИШ насихатшылары екі жас қызы Нұриза мен Қалираның миын шайып, соның салдарынан екі қызы ата-анасына ескертпей 2014 жылдың басында Сирияға кетіп қалғанын айтқан. Қыздардың жасы ол кезде 18 және 16-да болған. Екеуі де қырғыз содырларына тұрмысқа шығып, екі баладан туған. Күйеулері соғыс кезінде мерт болған.

Сол кезде аяғы ауыр болған Сариевтің әйелі қыздарын қайтару үшін Сирияға барып, сол жақта тұрақтап қалған. Әйелі сол жақта ұл туған.

Ал Рамаз Сариев қырғыз үкіметіне қайрылып, Сирияда отбасының адам шошырлық жағдайда тұрып жатқанын алға тартып, үкіметке оларды қайтаруды сұраған.

Өкінішке қарай, Рамаз Сариев әйелі мен ұлы, үлкен қызы мен екі немересінің елге келгенін көре алмады. Ол 2020 жылы мезгілсіз қайтыс болды.

Сариев ешқашан жүзін көрмеген ұлы қазір Қара Балтадағы мектепте оқып жүр. Оның екінші қызы Қалира Сирияның солтүстік-шығысындағы "Әл-Рож" лагерінде екі баласымен бірге өзін елге қайтаруды күтіп жүр.

"ЕШҚАЙСЫМЫЗ УНИВЕРСИТЕТТЕ ОҚЫҒАН ЕМЕСПІЗ"

ДАИШ өкілдеріне қатысы болғаны үшін 20-65 жастағы шамамен 40 қырғыз әйелі Ирак түрмесінде өздерін елге қайтаруды күтіп отыр. Олардың алды өмірлік түрмеге кесілген.

Өзін Ош облысының тумасы ретінде таныстырған 27 жастағы Нилуфар есімді әйел биыл сәуір айында Азаттыққа еліне келгісі келетінін, Бішкек сол үшін күш салғанын қалайтынын айтқан.

"Басым бөлігіміз Сирия мен Иракқа 2014-2015 жылдары келгенбіз. Ешқайсымыз университетте оқымағанбыз. Біз сияқты адамдарды алдау өте оңай. Алданғанымыз анық" деді ол.

Нилуфар сонымен бірге Азаттыққа Ирак түрмесінен түсірілген бірнеше суретті де жіберген.

Ирак түрмесіндегі қырғыз әйелдері.

2021 жылы наурызда Бішкек Иракнтан 2-18 жас аралығындағы 79 баланы еліне қайтарған. Билік олардың шешелері түрмеде екенін, әкелері соғыста қаза болғанын айтқан.

РЕАБИЛИТАЦИЯ

Қырғыз саясаткерлері мен зерттеушілер, сарапшылар үкіметке репатрианттарды бейімдеу бойынша күрделі жұмыс күтіп тұрғанын ескерткен. Көрші елдерде репатрианттардың балаларымен жұмыс істеген мамандар кейбір есейген балаларға ДАИШ идеологиясы сіңіп қалғанын, олардың содырлар арасында әскери дайындықтан өткенін айтқан.

Балалық шағы қақтығыс аймақтары, түрмелер мен босқындар лагерьлерінде өткен олар мектепке бару, медициналық көмек алу, қалыпты қоғамда өмір сүру мүмкіндігінен айырылған. Көбі әскери қимыл, әуе соққысы, аштық пен кедейлік куәсі болған.

Репатрианттардың көбі – ересектер де, балалар да – посттравмалық стресс жағдайында өмір сүріп жатыр.

2021 жылы наурызда Ирактан әкелінген қырғыз балалары.

Экстремизм және терроризм мәселелері бойынша қырғыз сарапшысы Жеңісбек Әшірбаевтың пікірінше, басым бөлігі "өте радикалды қоғамда" шамамен 10 жыл өмір сүрген репатрианттармен жұмысқа ерекше дайындықпен кірісу керек.

"Оларды қоғамға сіңдіру үшін бейімдеген кезде сақ болу керек, психологпен жұмыс, жан-жақты кешенді шаралар керек" деді Әшірбаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Сарапшылардың айтуынша, орынды реабилитация мен реинтеграция репатрианттардың өз игілігі үшін де, қоғамға қандай да бір теріс ықпалы болмас үшін де қажет.