Шалғайдағы ауыл мектебіндегі соңғы оқушы мен жалғыз ұстаз
Ресейдің Омбы облысы Сибиляково ауылындағы бастауыш мектептің жалғыз оқушысы 9 жасар Равиль Ижмұхаметов пен 61 жастағы мұғалім Уминур Кучукова жаңа оқу жылы басталған күні салтанатты шараға қатысып тұр. Мектепте 42 жыл еңбек еткен Кучукова осыдан бірнеше жыл бұрын зейнетке шығуы тиіс еді. Бірақ осы мектепте жалғыз өзі қалған Равильдің оқуы аяқталғанға дейін ұстаз жұмысын жалғастыруды ұйғарған.
Жаңа оқу жылының алғашқы күні мектепте сабақта Равиль Ижмұхаметовпен бірге оның туыстары да отыр. Оқушының ұстазы Уминур Кучукова Равиль ендігі жылы көрші ауылдағы мектепке өз-өзіне сенімді болып барады деп үміттенеді.
Равиль Ижмұхаметов дене шынықтыру сабағында. Ұстазы Уминур Кучукова Reuters агенттігіне: "Мен оны аяймын. Ата-анасы [Сибиляководан] әзірге көшкілері келмейді, ал қаршадай баланы толқыны асау Ертіс өзенінен өтуге жалғыз жіберетінін ойлаудың өзі қорқынышты" дейді.
Ертіс өзенінің екінші бетіне қайықпен өтіп келе жатқан жергілікті тұрғындар.
Сибиляково ауылындағы Ижмұхаметовтер отбасы тұратын үйдің ауласында кір жайылып тұр. Ресейдің әр тұсында шашырай орналасқан өзге елдімекендер сияқты, 1991 жылы Совет одағы тарап, мемлекеттік ұжымдық шаруашылық (колхоз) жабылғаннан кейін Сибиляководан тұрғындар басқа жаққа жаппай қоныс аударған.
Сибиляководағы мектептің жалғыз оқушысы сабақтан бос уақытында үй ішіне көмектеседі. Мына таңқурай жидегін Равиль теріп әкелген.
Равиль мен 48 жастағы әкесі Динар Ижмұхаметов ас ішіп отыр. Равильдің көкөніс өсіріп, мал ұстайтын фермер ата-анасы ұлының есейген соң ауылда қалғанын қаламайды. "Үлкен балаларымыз қалада тұрады, біз соған қуанамыз" дейді Динар.
Эльмира Ижмұхаметова жаңа оқу жылы қарсаңында баласын суға түсіріп жатыр. Жалғыз оқыған қалай екен деген сұраққа Равиль: "Мен өзгелермен бірге оқу дегеннің не екенін әлі білмеймін, бірақ, әрине, достарым болғанын қалаймын, сондықтан орта мектепке баратын күнді асыға күтіп жүрмін" деп жауап берді.
Равиль Ижмұхаметов досы Рамиль Кучуковпен бірге Сибиляково ауылында ойнап жүр.
Рамиль Кучуков Сибиляководан көрші үлкен ауылдағы мектепке бара жатыр. Рамиль ол ауылға жарты сағат қайықпен жүзіп, сонан соң 20 минут автобуспен жүріп жетеді.
Сибиляководағы мектептің бұрынғы оқушыларының суреттері. 1970 жылдары 550 адам тұрған ауылда қазір 39 тұрғын бар.
Равиль Ижмұхаметов үйінің алдында отыр. Бала үлкен қалаға көшуге құлқы жоқ екенін айтады, алайда енді біраз уақыттан кейін лажсыз көнуге тура келетінін түсінеді.