"Әблязов дауы" мен Латвиядағы виза саясаты

Ригадағы қымбат үй алдында тұрған ресейлік нөмірлі көлік. 26 тамыз 2013 жыл.

Латвия ел экономикасына ақша салған инвесторларға оңайлатылған жолмен Шенген визасын беруді шектемек. Оған себеп - шетелдік инвесторлардың төңірегінде дау-дамай көбейіп кеткен.
Латвиялық саясаткерлер шетелдік инвесторларға оңайлатылған жолмен елде тұруға рұқсат берудің соңы құқықтық дау-дамайға соқтырып жатқанына алаңдайды. Олар қазақстандық оппозициялық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың зайыбы Алма Шалабаеваның мамыр айында Италиядан Қазақстанға депортациялануы кезінде латвиялық құжаты бар екені анықталғанын уәж ретінде келтіреді.

КВОТА АРҚЫЛЫ ШЕКТЕУ

Латвия экономикасына кем дегенде 71 мың еуро инвестиция салған Ресейдің, Қазақстан мен Қытайдың байлары үш жыл бойы Еуропаның Шенген аймағына емін-еркін кіруге мүмкіндік алып келген.

Рига елді экономикалық дағдарыс алқымдап тұрған 2010 жылы Латвияның банк секторына көп салмақ салған құрылыс және тұрғын үй салаларына жан бітіру үшін шетелдік дәулетті адамдардың елде тұруына рұқсат беретін ереже қабылдауға мәжбүр болған.

Енді экономикасы тұрақтала бастаған соң бұл ел қаңтар айында еуро аймағына кіруге әзірленіп жатыр. Сондықтан премьер-министр Валдис Домбровскистің коалициясында бұл бағдарламаны тоқтату керек деушілер көбейіп келеді. Домбровскистің айтуынша, ол басқаратын коалиция 2014 жылдың бюджетін талқылау барысында бұл мәселе жөнінде ортақ ұйғарымға келген.

Валдис Домбровскис, Латвияның премьер-министрі. Кишинев, 20 ақпан 2013 жыл


Коалиция мүшелерінің айтуынша, келесі жылдан бастап елдің жылжымайтын мүлік саласына қаражат салған шетелдіктерге квота бөлінеді. Яғни Латвияда тұруға рұқсат алатын шетелдіктердің саны шектелмек.

Елдің экономика министрі жылына тек 900 адамға Латвияда тұруға рұқсат беру керек деді. Алайда, бұл меже әлі де нақтылана түспек.

«ОҢАЙ ОЛЖА»

АҚШ, Австралия, Канада сияқты елдер де шетелдік инвесторларға көп еркіндік беретіні рас. Бірақ Латвия беретін рұқсат қағаздың айырмашылығы - оны алған шетелдіктер Еуропа Одағының көптеген елдеріне де емін-еркін барып тұра алады. Сол себепті осы туралы дау-дамай көбейген.

Латвия заңындағы осы саңылауды пайдаланып, Шенген аймағына қоныс тепкісі келетін шетелдіктер саны артып келеді. Әсіресе, Ресейдің, Қытайдың, Украина мен Қазақстанның және бұрынғы Совет Одағының басқа да елдерінің қалталы азаматтары осы жолмен Еуропаға оңай орнығып жатыр.

Латвиядағы ең үлкен жылжымайтын мүлік агенттігі саналатын Arco компаниясында менеджер болып жұмыс істейтін Дзинтарс Берзинстің айтуынша, үлкен саяси және бизнес мүдделері таласқа түсіп тұрғандықтан, үкіметке бұл бағдарламаны тоқтату оңайға соқпайды.

Латыш латын санап тұрған әйел.


- Меніңше, мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Келер жылы бұл жоспардың орындалмасы анық. Мұны асығыс қабылданған шешім дер едім, себебі бұл адамдар бізге көп ақша салып жатыр. Өте көп ақша. Экономиканы алға жылжытып отырған да солар. Бұл - жақсы ғой, - дейді Берзинс.

Қазіргі ереже бойынша, инвестор Латвияда тұру құқығын сақтау үшін жылына бір күн Латвия аумағында болса, жетіп жатыр. Сондықтан Риганың жылжымайтын мүлік агенттері бұл бағдарламаны Шенген аймағында тұру құқығын «сатып алу шарты» деп атап кеткен.

Берзинстің айтуынша, бұл – Юрмала сияқты жағалаудағы демалыс орындарын дамытуға қаражат салатын шетелдік инвесторларға берілген «бонус».

- Қазір теңіз жағалауындағы Юрмала қаласында инвесторлар үшін көп ғимараттар салынып жатыр. Мұндай жерде тұруға басқалардың шамасы жетпес еді. Әлбетте Латвияда тұру үшін рұқсатты кімнің сатып алып жатқанын білу де маңызды. Олар вилла немесе қымбат пәтерді Рождествоға немесе жазғы демалысқа тек бір айға келіп демалып кету үшін алып қояды. Егер олар жылжымайтын мүлікті тек Шенген аймағында тұру рұқсатына қол жеткізу үшін сатып алатын болса, онда ол үйлерін жалға береді, - дейді Берзинс.

«ШАЛАБАЕВА ОҚИҒАСЫ МЕН ЛАТВИЯНЫҢ АБЫРОЙЫ»

Латвия үкіметінің статистикасы бойынша бұл бағдарлама іске қосылғалы бері 7 мыңнан астам шетелдік осы жолмен Латвияда тұру құқығына ие болған. Бұлардың басым көпшілігі – ресейліктер. Латвияда тұруға өтініш бергендердің 98 пайызының өтініші қанағаттандырылған. Үкімет келтірген есеп бойынша, осы бағдарлама шеңберінде Латвия экономикасына 600 миллион еуро ақша түскен. Deloitte компаниясындағы мамандардың айтуынша, 2015 жылға қарай бұл сан 1,7 миллиард еуроға дейін өседі.

Азаттық радиосына сұхбат берген Ригадағы басқа да жылжымайтын мүлік агенттіктерінің өкілдері клиенттерінің көбі Латвияның рұқсатнамасын Шенген аймағының өзге елдеріне тұрақтау үшін пайдаланатынын мойындады. Олардың ең көп баратын жері – Италия мен Франция мемлекеттері.

Алма Шалабаева мен қызы Алуа.


Биыл мамырда Қазақстанда миллиардтаған доллардың ақшасын қымқырды деп айыпталып отырған банкир Мұхтар Әбілязовтың зайыбы Алма Шалабаева Италиядан Қазақстанға депортацияланғаны белгілі. Италия полициясы оның Римдегі үйіне рейд жүргізіп, Шалабаева мен оның қызын күштеп Қазақстанға қайтарған. Олардың қолында «Латвияда тұруға рұқсат» деген қағаз болған.
Еуропарламент депутаты Роберт Зиленің айтуынша, Шалабаева оқиғасы Латвияның абыройына қаншалықты нұқсан келгенінің бір дәлелі.

Зиле үкіметтік коалиция құрамына кіретін Ұлттық альянстың «Отан және бостандық үшін» деп аталатын консервативтік қанатын басқарады. Аталған Латвияда тұру рұқсаты бағдарламасын тоқтату туралы бастама көтеріп жүрген де – осылар.

Инвесторларға Латвияда тұруға рұқсат беру бағдарламасы 2010 жылдары экономиканың өсуіне септігін тигізді. Дегенмен Зиленің айтуынша, бұл өсім қазір тұрақты емес, себебі инвесторлар ақшаны қайтадан сыртқа алып кетудің көлеңкелі жолдарын тауып алған.

- Инвестиция туралы айтар болсақ, «Бұл мүлікті сатып жатқандар кімдер? Олардың құрылысшылары кім? Ақша қайда кетіп жатыр?» деген сұрақтар бойынша күдік қоюлайды. Кей кездері компаниялар өз мүліктерін үшінші жаққа, айталық Мәскеудің тұрғынына сатып жатқанын байқаймыз. Демек ақша қайтадан сырт жаққа жөнелтіледі. Латвияда әлдекімдер, айталық контрабандист сияқты әрекет ететін жергілікті құрылыс компаниялары, азын-аулақ пайда ғана көруі мүмкін, - дейді сарапшы.

Енді біреулер «Латвия ақша жасырушылардың жаңа ордасына айналып барады» деп ескертеді. Еуропа институттары да Риганы осы үрдіспен күресе алмағаны үшін сынап келеді.

Рон Синовицтің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.