Литва билігі Ресейдің әскери барлау қызметін (ГРУ) 2024 жылы Вильнюстегі IKEA дүкенінің қоймасын өртеп жіберуге қатысы бар деп айыптады. Бұл туралы дүйсенбі, 17 наурыз күні баспасөз мәслихатында прокуратура өкілі мәлімдеді.
Тергеу орындары IKEA-дағы өртті террорлық акт ретінде қарастырып отыр. Өртті ұйымдастырған екі Украина азаматын (біреуі кәмелетке толмаған жасөспірім) Ресейдің арнайы қызметтері жалдаған деп есептейді.
Қылмысты тікелей жасаған деген күдікке ілінгендердің үстінен қозғалған іс сотқа жіберілді, бірақ тергеу әлі жалғасып жатыр. Прокуратура Ресейдің әскери барлау қызметі құрған арнайы топ Литва, Польша және Латвияда өрт қою мақсатында әрекет еткен деп мәлімдеді.
"Тек кездейсоқ жағдай мен қызметкерлердің қырағылығы, сондай-ақ өрт сөндірушілердің уақытында жетуі сауда орталығын толықтай жойылып кетуден аман сақтап қалды", – деді прокуратура өкілі.
Литваның тергеу органдары бұл қылмысты Польшадағы әріптестерімен бірлесіп тергеп жатыр. Күдіктілердің бірі сол елде ұсталған. Литва прокуратурасының өкілдері Вильнюстегі IKEA қоймасында шыққан өртті және Польшадағы сауда орталықтарының өртенуін бір топ ұйымдастырғанын, олардың іс-әрекетін, тергеу тұжырымы бойынша, Ресейдің арнайы қызметтері үйлестірген деп есептейді.
Биыл 9 мамыр түнде Вильнюстегі IKEA қоймасында өрт шыққан. Адамдар жапа шекпеген, бірақ қоймаға айтарлықтай зақым келген, оның көлемі 500 мың еуроға бағаланып отыр.
Былтыр мамыр айында Варшавада 1400 дүкені бар ірі сауда орталығы өртенді. Польшаның премьер-министрі Дональд Туск сол кезде "бұған Ресейдің арнайы қызметтерінің қатысы бар болуы әбден мүмкін" деп мәлімдеген. Өрт қоюға немесе оны ұйымдастыруға күдікті ретінде 9 адам ұсталып, кейін тағы үш адам қамауға алынған.
Тусктың айтуынша, олардың кейбірі қылмыс әлемінің өкілдері және Беларусь, Польша мен Украина азаматтары. 2024 жылдың бірінші жартысында Еуроодақтағы басқа да бірқатар елде өрт болды және қауіпсіздік қызметтері өрт оқиғалары жоспарлы түрде жүзеге асырылған болуы мүмкін екенін айтқан. Мәскеуде өрттер туралы ешкім ешқандай пікір білдірген жоқ я Ресейдің арнайы қызметтерінің оған қатысы барын жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұлыбритания мен Франция Украинамен бірігіп бейбітшілік жоспарын әзірлейді