Литвада хабарсыз кеткен АҚШ-тың төрт сарбазының үшеуі өлі табылды

Литвада әскери оқу-жаттығу барысында хабар-ошарсыз кеткен АҚШ-тың үш сарбазы батпаққа батып кеткен әскери техниканың ішінен өлі табылған. Төртінші сарбазды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы қарулы күштерінің басшылығы 31 наурыз күні осылай деп хабарлады.

Америкалық әскери басшылық Литва АҚШ-тың сенімді одақтасы екенін айтып, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздарды іздеуде көмек көрсеткені үшін литвалық және поляк әскери қызметкерлеріне алғыс білдірді. Іздеу жұмыстарына тікұшақтар, дрондар және құрлықтағы күштер жұмылдырылған.

25 наурызда Пабрада аумағындағы жоспарлы тактикалық оқу-жаттығуға қатысып жатқан АҚШ армиясының М88 Hercules беренді техникасы төрт адамнан тұратын экипажымен қоса жоғалып кеткен. Кейінірек АҚШ-тың Еуропа мен Африкадағы қарулы күштерінің басшылығы батпаққа батып кеткен әскери көлік табылды деп хабарлады.

М88 Hercules бағытынан ауытқып, карталарда белгіленбеген торф батпағына батып кеткен. Іздеу-құтқару тобы әскери көлікті 31 наурызда терең батпақтан сыртқа шығарды.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте Варшаваға сапары кезінде әскери техника экипажының мүшелері қаза тапқан деп мәлімдеді, бірақ АҚШ әскери басшылығы оған дейін хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметкерлердің тағдыры туралы ешқандай ресми ақпарат бермеген еді.

Пабрада полигоны Литва мен Беларусь шекарасынан бірнеше шақырым қашықта орналасқан.