Демократтарды қудалау саясатына үлес қосып жүрген сексоттардан қоғамды тазартудың қажеттігі мәселесін тұңғыш көтерген журналист Сергей Дуванов болатын. Алайда оны қолдаған жалғыз адам өзінің бітіспес қарсыласы Рахат Әлиев болып шықты.
Рахаттың сайты Ертісбаевты КГБ-ның сексоты болды деп мәлімдейді
Ең алғашқылардың бірі болып, дәлірегі - тәуелсіз журналист Сергей Дувановтан кейін екінші болып Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, генерал Рахат Әлиев тіс жарды. Өзінің интернет-парақшасында 3 сәуір күні жариялаған “Люстрация туралы” мақаласында Рахат “барлық сөз тасушы мен құпия жансыздың аты-жөнін атап”, “олардың мемлекеттік билік құрылымдарында, баспасөз құралдарында, білім беру саласында жауапты қызметтерге отыруына тосқауыл қою үшін мұрағаттарды ашуға” шақырды.
Оған бірден-бір мысал ретінде автор елдегі белгілі академик-ғалымды және Қазақстанның Венадағы елшісі болып өзінің орнына тағайындалған бір дипломатты КГБ-ның жансыздары болды деп айыптап, тіпті олардың бүркеніш есімдерін де атап келтірді.
Ал Рахат Әлиевтің саяси оппозицияны жаппай айыптаған сөздерін түпкілікті теріске шығарған Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың Азаттық радиосына берген сұхбаты шыққаннан соң санаулы күн өтпей жатып, тағы да сол Рахаттың ықпалындағы “kaztoday.ru” сайтында “Абайлаңдар – құстар!” (“Осторожно – птицы!”) деген айдармен кезекті “әшкере” мақала жарық көрді.
Антон Доронин деген беймәлім автор ардагер-чекистерді сілтеп көрсеткен болып, “90-ыншы жылдардың соңы мен жаңа ғасырдың басында біздің КГБ/ҰҚК-інде оппозицияның іс-қимылы жөнінде айрықша хабардар “Ероха” деген бүркеншік есімді ақпарат бұлағы болды” деп жазады. Автор оны президенттің қазіргі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев дегенге келтіреді және мақалада Ертісбаевтың қызмет ісіндегі (досьесіндегі) суреті секілді оның жас күнінде түскен ақ-қара түсті фотосуретін беріпті.
Азаттық радиосына берген сұхбатында Ермұхамет Ертісбаевтың өзі осы материал туралы былай деп мәлімдеді:
- “Ата жауыңның басына да түспесін деп тілейтіндей халге тап болған адамнан... ондай қылықты күтуге болады. Осы халінен ол қайдағы-жоқты ойлап шығарады.
Менің бүкіл саяси жолым ашық болды. 1990-нан 1994 жылға дейін мен Жоғарғы Кеңестің депутаты болдым, өзім де оппозиция сияқты болатынмын. Мен Қазақстанның Социалистік партиясын басқардым, ол егер оппозициялық партия болмаса да, жартылай оппозиция болды.
1995 жылдың наурызында президент өзіне шақырып, мен президенттің саясат мәселелері бойынша кеңесшісі болдым. Мен баспасөз беттерінен және электрондық БАҚ арқылы өзімнің оппозициямен талай рет байланысқанымды айтып жүрдім, мен олармен үнемі кездесіп, араласып жүрдім.
Оппозиция жүйелі құрылымға, биліктің құрамдас бөлігіне айнала қоймады. Сондықтан да мен оппозицияның көңіл-күйін, ойларын, олардың бағдарламалық мақсаттарын президентке үзбей жеткізіп тұруды қажет деп таптым және оны мен ашықтан-ашық істедім.
Міне сондықтан да Рахат Венасында өнбес іспен айналыса бермесін. Ең дұрысы - елге қайтып, өзінің 40 жылдық жазасын түрмеде өтесін”.
Ермұхамет Ертісбаев өзін нысанаға алған кезекті мақалаға осылайша жауап берді.
Люстрация процесінің баламасы жоқ
Танымал мәдениеттанушы, қоғамдық қайраткер Мұрат Әуезов “өткеннің кесапатынан арылу қажет, қазақ қоғамы осы үдерістің қаншалықты қажеттігін мейлінше терең сезуге жақындап келеді” деп мәлімдеді.
Оның кәміл сенімі бойынша, “бұл шараның баламасы жоқ және өткен дәуірдің кесапаты сол қалпында сақталып қалса, онда бұл халық (қазақ) пен оның мемлекетінің келешегі бұлыңғыр. Бас көтеріп арылудың мезгілі келді”.
Бұл жерде әңгіме, негізінен, люстрация туралы, оның ішінде ең маңызысы - қайсыбір өктемшіл саяси биліктің тұсында сөз, баспасөз бостандығын шектеу, саяси режимнің саяси қарсыластарын қудалау кезінде мемлекеттің жазалаушы құрылымдарымен астыртын ауызжаласу арқылы арын сатқан адамдардан мемлекеттік құрылымдардың және жалпы қоғамның тазаруы сияқты өзекті мәселе туралы болып отыр.
Люстрация мәселесінде совет дәуірінен кейінгі онжылдықтағы Шығыс Еуропа елдерінің бай тәжірибесі бар. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық сынды мәртебелі халықаралық ұйымның кеңесі бойынша, 90-ыншы жылдары осы ұйымға мүше болып кірген бірқатар Шығыс Еуропа мемлекетінде әйтеуір бір қырынан болса да люстрацияға қатысы бар арнайы заңдар қабылданды.
1991 жылы Чехословакия “коммунистік үстемдіктің заңсыздығы туралы” арнайы құжат қабылдап, оған сәйкес социалистік Чехословакиядағы қауіпсіздік қызметінің бұрынғы барлық құпия тыңшылары мен жансыздары республиканың маңызды мемлекеттік құрылымдарында жауапты қызметке отыру құқынан айрылды.
Тағы да сол жылы Германияда “Штаатзихерхайт” немесе қысқаша “Штази” қызметінің құжаттамасы туралы заң қабылданып, енді біріккен Германияның барлық азаматы Шығыс Германияның немесе ГДР-дің қауіпсіздік қызметіндегі өздерінің істерімен (досьелерімен) танысуға қол жеткізді.
Польшада 1997 жылы қабылдаған “Люстрация туралы” заң бойынша коммунистік үстемдік кезіндегі барлық құпия тыңшы өздерінің қауіпсіздік құрылымдарына қызмет істегенін арнаулы люстрация сотына хабарлап, бар кінәсін мойындауға тиіс болды.
Көп ұзамай осы іспеттес заңдар Албания, Болгария, Мажарстан және тағы басқа елдерде қабылданды.
Еуропаның тәжірибесі Қазақстанға лайық па?
"Алайда, - деп санайды Мұрат Әуезов, - Шығыс Еуропа мен Балтық теңізі жағалауындағы елдердің тәжірибесін Қазақстанға қолдануға болмайды – олардың және Қазақстанның болмыстары тіпті басқа”.
1960 жылдардағы студенттік бейресми ұйымның жетекшісі ретінде КГБ-ның үнсіз бақылауында болып көрген Мұрат Әуезовтің көзқарасы бойынша, егер қазақ қоғамы мемлекеттік құрылымдарды, білім беру саласын, ғылым мен мәдениетті өткен дәуірдің кесапатынан және сөз тасу, мемлекеттің қауіпсіздік қызметімен құпия ауызжаласу сынды қазіргі тәжірибеден арылтуды өзінің ең басты мақсаты етіп алса, онда қоғам өзінің басқа бір мұраттарына жете алмай қалады.
Қазақстанға люстрацияның қажеті барлығын тұңғыш болып көтерген тәуелсіз журналист Сергей Дуванов сәл өзгешелеу ойлайды.
Бірақ Азаттық радиосына берген сұхбатында ол мәлімдегендей, люстрация мәселесін көтергенде ол совет дәуірін емес, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси режимін ойлаған. Өйткені, “совет заманында болған келеңсіз құбылыстардың ара-жігін ажыратудың уақыты өтіп кетті”. Дувановтың айтуынша, “жалпы алғанда өткенді ақтарып қарауға болады”, бірақ одан келетін айрықша пайданы оның өзі көрмей отыр.
Тәуелсіз журналистің есептеуінше, бүгін адамның құқын өрескел бұзып, заңдарды таптаған ресми биліктің өкілдері, оның ішінде қауіпсіздік мекемелерінің басшылары мен жекелеген қызметкерлері, Нұрсұлтан Назарбаеватың режимі келмеске кеткен соң люстрациядан өтуге тиіс.
Алайда, -деп ойлайды Сергей Дуванов, - қазіргі биліктің тұсында совет кезеңін люстрациядан өткізуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Өйткені, қазір билікте отырғандардың барлығы да кезінде не сексот, не жансыз тыңшы болды, не КГБ/ҰҚК-нің басшылары, одан қалса – бостандық пен адамның құқын басып-жаншуға қатысы бар басқа да жауапты тұлға болды.
Сергей Дуванов Шығыс Еуропаның тәжірибесін Қазақстанда қолданудың кейбір қиыншылығын да байқап отыр. Атап айтқанда, Совет Одағының КГБ-сіне қызмет еткен адамдарға Шығыс Еуропамен салыстырғанда Қазақстанда ерекшелеу көзқараспен қарайды.
Бұрынғы совет азаматтарының бір ерекшелігі – олар Совет Одағының ыдырауы мен рухани тыныс-тіршілігінің күйреуі кезінде тәртіп пен қатарын сақтап қалған жалғыз “кеңсе” КГБ деп санады. Оған қоса, бұқара халықтың басым көпшілігі КГБ-ны жазалау мекемесі деп қабылдамады. Өйткені, қарапайым жұрттың КГБ-мен тікелей ісі болған жоқ, көбіне милициямен қақтығысты, - деп есептейді Сергей Дуванов.
Оның атап көрсетуінше, КГБ-ға қарсы тұру - әрқилы амалдар арқылы Совет билігімен күрескен адам құқын қорғаушылар мен демократтардың “үлесіне” тиді. Бірақ олар қоғамның азын-аулақ бөлігін ғана құрады және дәл солар КГБ-ға қызмет етуді немесе сөз тасуды арсыздық, көргенсіздік деп қабылдап, осындай бетіқара адамдар Шығыс Еуропадағы сияқты люстрациядан өтсін деп тілейді.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев, оның өз сөзі бойынша, люстрация мәселесіне қарапайым бір ғана себеппен қарсы – “Шығыс Еуропада орта тап, яғни коммунистік билікпен күрескен және шынында да мемлекетті басқара алатын адамдар болды”.
"Польшада коммунистік үстемдіктің құлауынан 10 жыл бұрын-ақ “Солидарность” қозғалысы жаңа менеджерлердің тұтастай легін тәрбиелеп үлгерген болса, Қазақстан тәуелсіздігін алған сәт – 1991 жылы ондай кісілер болған жоқ, тек партия мен комсомолдың менеджерлері ғана болатын және ол кезде ел билігіне солар келіп отырды”, -деп атап көрсетті президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев.
Оған мысал ретінде Ермұхамет мырза өзінің тікелей бастығы, Қазақстан компартиясының бұрынғы бірінші хатшысы, қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевты және өзі сабақ берген институттың комсомол хатшысы болған өзін атап көрсетеді. Ермұхамет Ертісбаев партия мен комсомол жұмыстарын “менеджменттің теңдессіз мектебі болды” деп санайды.
Ал КГБ/ҰҚК-нің бұрынғы полковнигі Арат Нармамбетов болса, Қазақстанда люстрация жүргізу өте қажет деп санайды және оны билік құрылымдарынан, атап айтқанда - Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастау қажет дейді.
Ал сіздер, қадірлі оқырмандар, қалай ойлайсыздар, Қазақстанда люстрация жүргізу керек пе?