Компартияның жүз жылдық тойында Пекин өзгеге ықпалы артқанын айтып мақтанды

Сауда орталығы жанындағы үлкен экраннан Қытай коммунистік партиясының жүз жылдық мерейтойына арналған шарада сөйлеген Қытай президенті Си Цзиньпинді телефонға түсіріп тұрған әйел.

Қытай коммунистік партиясының жүз жылдық мерейтойы кезінде сарапшылар Пекиннің автократиялық моделі басқа елдерге таралуы мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр.

1 шілдеде Қытай билігі коммунистік партияның жүз жылдығын атап өтіп, Пекиннің халықаралық аренадағы беделі, шетелдегі ықпалы артқанын, ел ішіндегі бірқатар экономикалық және саяси жеңіске қол жеткізгенін мәлімдеді.

Қытай президенті Си Цзиньпин Аспан тыныштығы қақпасының алдында, Мао Цзэдунның үлкен портретінің түбінде тұрып, Пекинде Тяньаньмэнь алаңына жиналған халықтың алдында сөз сөйледі. Ол коммунистік партия елді кедейліктен құтқарғанын, Қытайды қорлайтын дәуір "келмеске кеткенін" айтып, елдің әскери- cаяси қуаты мен ықпалын арттыруға уәде берді.

– Бізге дәріс оқуға құқығым бар деп ойлайтындардың екіжүзді кеңесіне құлақ аспаймыз. Біз ешқашан бірде-бір халықты қорлап, қысым көрсетіп, басқыншылық жасаған емеспіз. Ешқашан олай жасамаймыз, – деді Си Цзиньпин.

"Дәл сол сияқты басқаларға да өзімізді қорқытып, қудалап, басып алуға жол бермейміз. Бізге қарсы келген кез келген жауды 1,4 миллиард адамнан тұратын болат қабырға күтіп алады" деді Қытай басшысы.

Коммунистік партияның жүз жылдық мерейтойына орай Тяньаньмэнь алаңында ұйымдастырылған салтанатты жиында сөйлеп тұрған Қытай президенті Си Цзиньпинь мен оның сөзін тыңдап отырған. Пекин, 1 шілде 2021 жыл.

Көпшілік ду қол шапалақтап қолпаштаған Си Цзиньпиннің жалынды сөзі қытай ұлтшылдығы артқан, Пекиннің әлем істерінде көзге түсетін шешуші рөлдерге ие болған шаққа тұспа-тұс келіп отыр.

28 маусымда тілшілердің сұрақтарына жауап берген партияның сыртқы байланыстар бөлімі бастығының орынбасары Гуо Ечжоу "Қытай коммунистік партиясының халықаралық беделі мен тартымдылығы тоқтаусыз өсіп, елді әлемдік саясатта алдыңғы қатарға шығарды" деген пікір айтты.

Кейінгі 40 жылда Қытайда өмір сүру деңгейі жақсарып, елдің халықаралық қаржы және саяси ықпалы артты.

Сарапшылар Қытайдың дамуынан біраз мемлекет пайда көргенін мойындағанымен, Пекинді көбіне өзінің экономикалық ықпалы жүретін елдердегі демократия мен адам құқықтарына кері әсер етуші күш ретінде қарастырады.

Олардың пікірінше, бұл тенденция Қытай коммунистік партиясының ел ішіндегі беделі мен оған деген шетелдік көзқарастың арасындағы қайшылықты көрсетеді.

"Қытай дипломатиясында үнемі ішкі саясатқа басымдық беріледі. Пекиннің кейінгі жылдардағы көп әрекеті негізінен осы ішкі аудиторияға бағытталды" дейді "Қытайдың азаматтық әскері: қасқыр жауынгерлер қалыптастыру дипломатиясы" кітабының авторы Питер Мартин.

"Көп мемлекет Қытай бүкіл әлемге өз моделін таратуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан халықаралық деңгейде Коммунистік партияның басқаруындағы Қытай (1970 жылдан бері) көбірек алаңдаушылық туғызады" дейді ол.

КЕСТЕДЕН АУЫТҚУ

Әлемнің көп бөлігі орталық Қытайда пайда болды делінген COVID-19 пандемиясымен күресіп жатқанда, Пекин геосаяси күшін көрсетумен болды. Нәтижесінде бір жағынан, Қытайдың саяси ықпалы артса, екінші жағынан әлемнің кей бөлігіндегі елдермен қарым-қатынасы қиындады.

Pew Research Center зерттеу орталығының 30 маусымда Солтүстік Америка, Еуропа мен Азия-Тынық мұхит өңіріндегі дамыған 17 елдің арасында жүргізген зерттеуі нәтижесінде көп мемлекеттің Си Цзиньпиннің көзқарастары "тарихи минимумға жақын" деп ойлайтыны, осы себептен Қытайға қырын қарайтыны анықталған.

Кейінгі кезде Қытай Австралиямен сауда дауына қалып, Үндістанмен шекарада әскери қақтығыс жүргізіп, даулы Оңтүстік Қытай теңізінің бір бөлігін іс жүзінде бақылауына алды.

Қытайдың батыстағы Шыңжаң өңірінде жүргізген саясаты да (саяси қайта тәрбиелеу лагерьлері құрылып, 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман халықтарының өкілдері түрмеге жабылған) Пекиннің көп мемлекетпен қарым-қатынасына әсер етті.

Пекиннің Орталық Азия елдеріндегі позициясы мықты болғанымен, Шыңжаңдағы жағдай жергілікті халықтың Қытайға көзқарасына кері әсер етіп, Қазақстанда пикеттер мен наразылық шараларының өтуіне әкеліп соқты.

АҚШ үкіметі мен бірнеше батыс парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін "геноцид" деп атады.

Шыңжаңдағы жағдайға байланысты Қытай мен Еуропа одағы бір-біріне қарсы санкция салды. Нәтижесінде Еуроодақ мамырда Брюссель мен Пекин арасындағы ірі инвестициялық келісімді тоқтатты.

Батыс мемлекеттерін Қытайдың ұлттық кинофраншизасынан алынған, ел дипломаттарының интернетте көбіне жауынгерлік мәнерде пікір білдіруіне негізделген "қасқыр жауынгер" дипломатиясы да алаңдатып, бұл Еуропада дипломатиялық дау туғызды.

Сербияның Белград қаласына жеткізілген Қытай вакцинасы.

Пекинге тағылған "вакцина дипломатиясы" (Қытайдың көп елге COVID-19 вакцинасын сатып, тегін таратуына негізделген) туралы айыптаулар елдің ықпалын арттырудың "вакцина дозасының орнына саяси қызмет" деп аталатын тағы бір ықтимал жолы барын көрсетті.

Мұндай айыптаулар 24 маусымда батыс дипломаттары Пекин Украинаға "Шыңжаңдағы оқиғаларға толық зерттеу жүргізуді қолдаудан бас тартпаса, вакцина жеткізуді тоқтататынын айтып, қысым көрсеткенін" мәлімдеді. Қытай билігі бұл айыпты жоққа шығарды.

"Біз Қытай дпломатиясының өзгергенін көрмейміз. Пекин экологиялық саясаттан бастап, Шыңжаңға дейінгі кез келген мәселеде жұмсақ әдістерге көшпейді" дейді Мартин.

ҚЫТАЙДЫҢ ДАМУЫ

Франция қорғаныс министрлігінің Қытайдың стратегиялық мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, Ұлттық азиялық зерттеулер бюросының аға ғылыми қызметкері Надег Роллан кейінгі кезде Қытайдың басына туған халықаралық қиындықтарға қарамастан, әлі де Пекиннің әлемнің көп бөлігіндегі ықпалы артып келеді деп есептейді.

"Қытай үшін дамушы әлем – өз ықпалын арттыруға тырысып, нәтиже көрсететін үлкен территория" дейді ол.

Кейінгі жылдары Пекин миллиардтаған қаржы бөлінген "Бір белдеу – бір жол" жобасының аясында Африка, Еуразия мен Латын Америкасында технология және инфрақұрылым саласында келісімшатқа отырып, дипломатиялық байланыстарын кеңейтті.

"Біз Қытайдың әртүрлі ел үкіметінен жүйе құру жолындағы белсенді қадамына куә болып отырмыз. Әзірге Пекиннің ойлағаны түгел жүзеге асқан жоқ, бірақ қазірдің өзінде болашақтың негізі қаланғанын көруге болады" дейді сарапшы.

Ресей президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпин қос мемлекет арасындағы көршілес татулық пен достық әріптестік туралы келісімді ұзарту үшін өткен телекөпірге қатысып отыр. Мәскеу, 28 маусым 2021 жыл.

28 маусымда өткен телекөпір кезінде Қытай президенті Си Цзиньпинь мен Ресей президенті Владимир Путин қос мемлекеттің әріптестігі нығайып келе жатқанын талқылап, Қытай мен Ресей арасындағы көршілес татулық және достық әріптестік туралы келісімді тағы бес жылға ұзартты.

"Ақылды қала" жобасы мен бақылау камераларының арқасында Қытайдың Балқандағы маңызды орталығы саналатын Сербияға қытайлық технологиялар енді. Қазір қаладағы деректерді жинап, сақтап, басқаруға арналған жоба Белградта жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта бұл технологияларды Нови-Сад қаласына енгізу жоспарланып отыр.

Қытай компаниялары бейнебақылау және адамның түр-тұлғасын ажырату технологияларын Орталық Азияға да жеткізе бастаған. Кейінгі жылдары Қазақстан, Өзбекстан мен Қызғызстанның қауіпсіздік қызметі осындай компаниялармен келісімшартқа отырған.

Қытай астанасында адамдар өтіп жатөан көшеде жұмыс істеп тұрған бақылау камерасы.

Бұл жүйелер ресми түрде азаматтар мен көлік қозғалысын бақылауға арналған. Бірақ Қытайдың өз ішінде кеңінен қолданылатын, әсіресе, Шыңжаңдағы халықты бақылап, ұйғырларды аңдуға негізделген мұндай технологияларды қолдану этикалық көзқарас және адам құқығы тұрғысынан алаңдаушылық туғызып отыр.

Қытай сондай-ақ басқа жерлерде білім саласына да араласа бастаған. Сербияның үш университеті Қытайдағы Цзяо Тонг университетімен ұзақмерзімді әрі терең мәдени байланыстарға жол ашатын әріптестік орнатқан.

Будапеште Шанхайдың Фудань университетімен бірлескен жоғары оқу орнын салу жобасы салық төлеушілердің қаржысын пайдаланғаны үшін жергілікті халықтың сынына қалған. Бірақ бұл кампус Еуропа одағындағы бірінші қытайлық университет ретінде маңызды белгіге айналады.

"Бұл – Қытай сияқты жаңа деңгейге көтерілген держава үшін келесі қадам. [Пекин] басқа мемлекеттердің өз жобасы аясындағы принциптері мен құндылықтарына бағынғанын қалайды" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Си Цзиньпин Қытайға "көз алартқан" сыртқы күштердің "басын жарамыз" деп сес көрсетті