Мәскеудегі моншаға полиция рейд жасаған соң Қырғызстан СІМ Ресейдің елшісін шақыртты

Ресейдің Бішкектегі елшісі Сергей Варкунов (сол жақта) пен Қырғызстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Иманғазиев. Бішкек, 14 сәуір, 2025 жыл.

Ресейдің Бішкектегі елшісі Сергей Варкунов (сол жақта) пен Қырғызстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Иманғазиев. Бішкек, 14 сәуір, 2025 жыл.

Мәскеудегі "Бодрость" монша кешенінде қырғыз азаматтарының жаппай ұсталуына байланысты 14 сәуірде Қырғызстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бішкектегі елшісі Сергей Варкуновты шақыртып алып, нота тапсырған.

Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Ресей тарапына сол елдің құқық қорғау органдарының аталған операцияны жүргізу себептерін, оған қоса, азаматтарға күш қолдану фактілерін түсіндіріп беруді, ал негізсіз күш қолданылғаны анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдауды өтінгенін айтқан.

"Қырғыз Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша тиімді шаралар қабылдауды және болашақта ондай жағдайларға жол берілмеуін қамтамасыз ету жөнінде өтініш айтылды", – деп жазылған құжатта.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 10 сәуір кешке Ресей полициясы негізінен қырғызстандық мигранттар жиі баратын моншаға рейд жасаған. Сол күні моншада болған қырғыз азаматтары еш себепсіз таяқ жегенін айтып берді.

"Тіпті кім ұрып жатқанын да көрмедік. Басымызды көтеруге де мүмкіндік бермеді. Олардың қолында таяқтар мен электрошокерлер болды. Бәрімізді асүйге жинады. Сол жерде шымыр денелі ер адамдарды бөлек алып кетті. Әлсіз әрі арықтарды бір бөлмеге, ал сақалы барларды басқа бөлмеге жинады. Бір жігіттің жарты сақалын сол жерде қырып тастады. Ол қарсылық көрсеткен еді, бетінен ұрды. Біз не үшін таяқ жеп жатқанымызды түсінбедік, тіпті құжаттарымызды да сұраған жоқ", – деп айтты моншада болғандардың бірі Азаттық радиосына.

Моншада адамдарды ұрып-соғып жатқан сәт түсірілген видео әлеуметтік желі тарады. Видеода полиция қызметкерлері мигранттарды қолын артқа қайырып жатқызып, кейбірін ұрып жатқаны көрінеді.

Рейд нәтижесінде, ресми деректер бойынша, 24 адам ұсталған. Олардың кейбіріне көші-қон заңын бұзғаны үшін айыппұл салынған. Төрт адамды Ресей аумағынан шығаратыны дүйсенбі күні белгілі болған.

Ресейде 300 мыңнан астам Қырғызстан азаматы көші-қон тіркеуінде тұр. Кейінгі кезде Ресейде көші-қон заңнамасы біртіндеп қатаңдай түскен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бес сағат бойы ұрып-соқты, қорлады". Мәскеу моншасындағы оқиға: қырғыз азаматының көргені