ДЕПУТАТТЫҚ ТОП МӘЖІЛІС КОМИТЕТТЕРІНЕН НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?
Депутаттық топтың құрылатыны 9 ақпан күні белгілі болды. Сол күні Мәжілістің жалпы отырысында Еділ Жаңбыршин қаңтар оқиғасынан кейін "қоғам мен мемлекет қарым-қатынасында трансформация" қажеті туғанын, "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының құрылғанын мәлімдеді.
""Жаңа Қазақстанды" құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт... "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешуге қызмет етеді. Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. "Жаңа Қазақстан" депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз" деді ол.
Жаңбыршин бұл мәлімдемені осы топқа қосылғалы отырған 31 депутаттың атынан айтты.
Келесі күні топ мүшелері Нұр-Сұлтандағы "Журналистер үйінде" баспасөз мәслихатын өткізіп, бастаманың мән-жайын түсіндіруге тырысты. Жиынға төрт депутат келді. Билік партиясы "Нұр Отаннан" Айдос Сарым, "Ақ жол" партиясынан Берік Дүйсембинов, "Қазақстан Халық партиясынан" Ғазиз Құлахметов және Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланған Наталья Дементьева келді. Мәжілістің кейінгі шақырылымына осы үш партия өткен және конституция бойынша онда ҚХА-дан сайланған 9 депутат бар. Яғни билік партиясының бастамасына ассамблея мен "конструктивті оппозиция" деп таныстырылатын партиялар да қосылып отыр.
Жиынға төрт депутат қатысқанымен, негізінен Айдос Сарым сөйлеп отырды. Ол бұл топтың үш мақсатпен құрылғанын айтты: президенттің модернизация жөніндегі бастамаларын қолдау, мәжілістің күшін арттыру және аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандыру.
"Түпкілікті мақсатымыз мына мәжілістің жұмысын жаңа бір жолға жаңа бір арнаған бұру. оның ішінде мәжілістің ашықтығы, мәжілістің белсенді әңгіме қозғауы, бұл үлкен мәселенің бірі" деді ол.
Депутаттардың сөзінше, "Жаңа Қазақстан" үш кіші топтан тұрмақ. Агроөнеркәсіп, экономика және экология жөніндегі бірінші кіші топты Еділ Жаңбыршин; адам құқықтары, қауіпсіздік және құқықтық реформа жөніндегі кіші топты Айдос Сарым; әлеуметтік-мәдени даму және жастар бағытындағы кіші топты Наталья Дементьева басқармақ.
Парламент мәжілісінде атаулары осыған ұқсайтын жеті комитет бар. Азаттық депутат Айдос Сарымнан "Аталған мақсаттарға осы комитеттер аясында қол жеткізуге болмас па еді, депутаттық топтың құрылуы мәжіліс осыған дейін ашық болмады, үкімет жұмысын қадағалай алмады, тиімсіз жұмыс істеді дегенді мойындау ма деп сұрақ қойды.
Жауап ретінде депутат мәжіліс үкімет алдында қауқарсыз екенін айтып шағынды.
"Қазір заңнама бойынша, парламент кез келген заңды қабылдаған кезде үкіметке заңды жібереді. 61-бапқа (Қазақстан конституциясы – ред.) сай, үкімет теріс қорытынды шығарса, ол заң қабылданбайды. Ондай да болды ғой талай. Сондықтан конституциялық заң мен парламенттің регламентіне өзгеріс енгізу қажет деп отырмыз" деді ол.
Жауап жалпылама көрінді. Мұндай бастаманы депуттар жекадара, не комитет аясында, не фракция арқылы қозғай алады. Содан болса керек, келесі болып сауал жолдаған "Хабар 24" арнасының тілшісі де осы мәселені көтерді, "ашықтықты қалай қамтамасыз етесіздер?" деп сұрақты нақтылай түсті.
"Сайлау туралы заңды жаңалаймыз. Cол кезде өзара сенім қажет. Cондықтан партиялар арасындағы бәсеке болмауы үшін, партиялық жобалардың бәсекесі болмауы үшін кейбір саяси тұлғалармен, саяси партияны құруға ниетті азаматтардың арасындағы осындай бәсекелестік факторын төмендету үшін осындай форматты ұсынып отырмыз" деді Айдос Сарым.
Депутаттың бұл сөзінде себеп-салдарлық байланыс байқалмады. Ел арасында мәжіліске билік партиясымен қатар өткен екі партияның іс-жүзінде оппозициялық екеніне күмән көп. Заңдар мен бастамалар, тағайындаулар негізінен бір ауыздан мақұлданады. Жақында Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикерлігінен кетіп, жаңа төраға сайлау қажеті туғанда оппозициялық саналатын партиялардың ешқайсысы өз өкілін ұсынбады да. Президент әкімшілігінен келген Ерлан Қошановты түгел қолдады.
Your browser doesn’t support HTML5
Сондай-ақ жиын барысында Сарым өз сөзіне өзі қарсы келген тұстар да болды. Мәселен, бір пікірінде қазіргі жағдайда партияаралық бәсеке болмауы керек десе, келесі бір сөзінде депутаттық топ мәжіліс белсенділігін, партияаралық бәсекелестікті күшейту үшін қажет екенін айтты.
Осыдан кейін журналистер қандай сауал қойса да, депутаттар "Жаңа Қазақстан" не үшін керек деген негізгі сұрақтың төңірегінен шыға алмады. Депутат Айдос Сарым "бұл – үй ішінен үй тігу" емес деп қайталай берді.
ДЕПУТАТТЫҚ ТОПТАРДЫҢ ЗАҢДАҒЫ ОРНЫ ҚАНДАЙ?
Парламент мәртебесі туралы заңда депутаттардың партиялық фракциялар мен депутаттық топтар түріндегі бірлестіктер құруға қақылы екенін жазылған. Заңның 34-бабына сай, "депутаттық топ – депутаттардың өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыруға арналған бірлестігі". Оның құрамында парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс. Топты тиісті палатаның бюросы тіркейді.
Қазір парламенттің жоғарғы палатасы – Сенатта "Өңір" дейтін депутаттық топ бар. Мұндай топтар Мәжіліс қабырғасында да құрылған. Бір қызығы, кіші палатада "Жаңа Қазақстан" дейтін депутаттық топ осыған дейін де болған. Оны Мәжіліс бюросы 2007 жылы 19 қазанда тіркеген. Оған депутат Қайрат Сәдуақасов төрағалық еткен.
"МҰНЫҢ АРТЫНДА ПАРТИЯ ҚҰРУ НИЕТІ БОЛУЫ МҮМКІН"
Саяси қайраткер Айдар Әлібаев депутаттардың жаңа бастамасына сеніңкіремейтінін, оның болашағына күмәнмен қарайтынын айтады.
– "Жаңа Қазақстан" деген атауына тоқталайық. 2018 жылы "Жаңа Қазақстан" деген форум құрылып, құрылтайшыларының бірі дәл осы Айдос Сарым болған. Нешетүрлі ұран тастап, елді өзгертетінін айтқан. Кесек-кесек жоспары бар еді. Бір жылдан кейін-ақ сарқылып қалды, бүгінде оларды ешкім есіне де алмайды. Қазір жаңа нәрсені ойлап табуға қиялы жетпей, осы бір "Жаңа Қазақстанды" ойлап тапты. Адамдар тікелей міндетін, яғни заң шығарумен, халықты алаңдатқан мәселемен айналысқысы келмегенде, түрлі ойынға құмар келеді, – дейді ол.
Әлібаев топтың жарияланған мақсаты бұлыңғыр, мұның артында саяси партия құру ниет тұруы мүмкін деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Жаңа Қазақстан" саясатқа араласуды көздейдіАзаттық: Бірақ Айдос Сарым жаңа партия құру жоспарда жоқ деп айтып отыр ғой?
Айдар Әлібаев: Ондай жоспары болса да, оны айтпайды. Мен мынадай мәселеге назар аударғым келеді. "Жаңа Қазақстан" дейтін партияаралық топты құру Айдос Сарымның да, баспасөз мәслихатына қатысқан өзге депуттардың да бастамасы емес. Меніңше, бұл президент әкімшілігі мен мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің ортақ бастамасы. Айдос Сарымның [Каринге] жақындығы бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кеше билікті сынаған, бүгін "Нұр Отанда" жүр. Айдос Сарымның саяси трансформациясыАзаттық: Баспасөз жиынында оны да сұрадық. Сарым бұл бастама президент әкімшілігімен келісілген жоқ деді.
Айдар Әлібаев: Мен бұл сөзге сенбес едім. Мәжілістің жуырда тағайындалған төрағасы [Ерлан] Қошанов соған дейін президент әкімшілігін басқарып келді. Депутаттар спикерге өз бастамасы туралы айтпады деп ойлайсыз ба? Үш партия депутаттары партиялық аралық топ құрады екен де, спикер одан бейхабар болады екен. Күлкілі ғой. Яғни спикердің келісімі алынған, ал оның білгені – президент аппаратының білгені деген сөз. Президент аппараты білсе, президент те біледі.
Бір сөзбен айтқанда, түсіндірмесі бұлыңғыр, мақсаттары түсініксіз, күдік ұялатады.
Азаттық: Ендеше билікке бұл не үшін керек? Журналистердің осы сұрақты қайта-қайта қоя бергеніне қарағанда, ұғынықты жауап болмаған секілді.
Айдар Әлібаев: Олардың өз мақсатын журналистерге түсіндіре алмауы да бұл партияаралық топтың мақсатын айтқысы келмейтіні білдіреді. Оның жалғыз қисынды мақсаты – соның негізінде саяси партия құру. Басқа қисынды көріп тұрғаным жоқ.
Сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан басталып, бүкіл елге тараған наразылықта кейінірек саяси талаптар айтылды. Олардың арасында саяси жүйені түбегейлі өзгерту, сайлау тәртібін жаңарту жайлы ұрандар көтерілді. 5 қаңтар күні қаңтар оқиғасы шарықтау шегіне жеткен тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жуырда Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарымды жариялаймын" дейді. Бірақ алты күннен кейінгі жолдауында ол бұл ұсыныстар қыркүйекте айтылады деді. Осы кезде елде шынайы өзгерістің болатынына күмән күшейіп, ұзаққа созылған реформаның орындалуы екіталай деген пікірлер айтыла бастады. Осының әсері болды ма екен, 7 ақпанда президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли наурыздың ортасында Тоқаевтың халыққа жолдау арнайтынын хабарлады.
"Бұл үндеуде реформалардың негізгі бағыттары мен қоғамды саяси трансформациялауға бағытталған аса маңызды шаралар айқындалады" деді Уәли.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт "Жаңа Қазақстан" тобының осы трансформацияны жүзеге асырудың тетігі ретінде ұсынылуы мүмкін екенін айтады.
– Депуттардың тобы болашақта болуы мүмкін толқулардың алдын алуға тырысып, азаматтардың санасында парламентте, соның ішінде Мәжілісте өзгерістер басталды деген ойды қалыптастырып, Мәжілісті тез арада таратып, кезектен тыс парламент сайлауын мажоритарлық жүйе бойынша өткізу туралы талапты қоғамдық-саяси дискурста әлсіретіп, Тоқаев әкімшілігінің траекториясы дұрыс деп көрсету арқылы саяси режимнің репутациясын күшейтуге тырысатын секілді. Наурызда Тоқаевтың саяси реформа бойынша жасайтын үндеуіне қолдау науқанымен бірінші кезекте осы "Жаңа Қазақстандықтар" айналысатындай әсер қалдырады, – дейді Нұрсейіт.
Саясаттанушының айтуынша, билік қазір жүйеле мәселелерді шешуден гөрі "өрт сөндіруші" рөліне қысқа мерзімді мәселелермен айналысып отыр, наразылық көңіл-күйін басқысы келеді.
– Депутаттық топ алдында қаңтар оқиғасынан кейін ескертусіз оқ атуға бұйрық берген президентке және оның әкімшілігіне саяси қолдау көрсету міндеті тұр. Яғни, президенттің "реформалық бастамаларын" жеткілікті деңгейде іске асыра алмай жатқаны үшін олар Әлихан Смайлов бастаған үкіметті, министрлер мен облыс әкімдерін ашық әрі жиі сынға алу арқылы азаматтық қоғам тарапынан Тоқаевқа түсіп жатқан саяси қысымды азайтқысы келеді. Осылайша "Жаңа Қазақстандықтар" "патша керемет адам, ал уәзірлері оңбаған" деген образды күшейтумен айналысатын секілді.
Шалқар Нұрсейіттің сөзінше, партиялық топты Тоқаевты президент сайлауы кезінде қолдау үшін пайдалануы мүмкін.
– Cайлауға дейін “Жаңа Қазақстан” альянсы саяси көзқарасымыз әр түрлі болғанына қарамастан кандидат Тоқаевтың айналасына топтасайық деп бастама көтеріп, Тоқаевтың сайлау кампаниясына белсенді қатысып, ал сайлаудан кейін 2019 жылы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі секілді сайлау нәтижесін легитимизациялауға үлес қосуға тырысуы ықтимал, – дейді ол.