Қазақстандағы қуаңшылық пен оның зардабына әлемнің жетекші ақпарат құралдары назар аудара бастады. Көбі бұл құбылысты климаттың жылынуымен тікелей байланыстырады және жұттан жапа шеккен халыққа үкіметтен көмек аз екеніне тоқталады.
"Қазақстан бұрын-соңды болмаған ауыр қуаңшылыққа ұшырап, дала жылқы моласына айналды". Америкалық Washington Post басылымы мақаласына осындай тақырып қойған.
"Қазақстанның шөл даласында жылқы өлекселері шашылып жатыр. Елдің кей ауданы көзі тірі адамдар бұрын-соңды көрмеген қуаңшылықтан зардап шегуде" деп жазады басылым.
Орталық Азияның көп бөлігін, соның ішінде Батыс Қазақстанды бірнеше айға созылған қуаңшылық жайлады. Жауын-шашын аз түскен қыс пен көктемнен соң аптап ыстық басталған.
Америкалық басылымның жазуынша, халықаралық жәрдем ұйымдары 30 шілдеде Қазақстандағы қуаңшылыққа байланысты мәлімдеме жасаған. Онда "Жем-шөп пен судың аз-маз қоры таусылған, малдың көп бөлігі жайылатын шөп жоқ. Бұл жылқы, қой, сиыр сияқты жануарлардың жаппай өлуіне себепкер болған" делінеді.
"Қуаңшылықтан жапа шеккендердің көбі – шағын шаруашылықтар, олардың жалғыз күнкөрісі – мал" деп жазады Washington Post.
Your browser doesn’t support HTML5
Мәселен, Қазақстанның батысындағы ауылда тұратын 70 жастағы Ғабидолла Қалынбайұлы биыл жазда 20 жылқысынан айырылғанын айтқан. "Оның 150 бас малы дұрыс жем-шөп жемейді, бұдан түрлі ауруға ұшырауы мүмкін" деп жазады басылым.
Автордың жазуынша, Қазақстандағы бұл қуаңшылыққа әлемдегі климаттың жылынуы себеп болған. Жер жүзінде күннің ысуы жиілеп, орташа температура көтеріліп жатқандықтан, ғалымдар жануарлардың аман қалу және бейімделу мүмкіндігіне алаңдайды.
"Ыстық толқындар көбейе түспек, бұл жағдайды бұрынғыдан да нашарлатады. Ыстық ауа тек ыңғайсыздық тудырып қана қоймайды, адам мен жануарды ауыр зардапқа ұшыратады" дейді Австралия ұлттық университетінің климат зерттеушісі Нерили Эбрам.
"Ұзақ тұрған ыстық температура жылқының жылу стрессіне ұшыратады, бойына ыстық өтіп, денесі жансызданады" деп жазады басылым.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемдегі ең ірі бидай өндіруші елдердің бірі – Қазақстанда құрғақшылық пен өрт кесірінен соңғы жылдары өнім азайды. Біріккен ұлттар ұйымының мәлімдеуінше, климаттың өзгеруі кесірінен шөлі мен шөлейті көп Қазақстан жерінің 75 пайызына экологиялық тұрақсыздық қаупі төніп тұр" деп жазады Washington Post.
Маңғыстаудағы жұтқа сюжет арнаған германиялық Deutsche Welle арнасы жылқыны арқанмен қораның төбесіне байлап қойған маңғыстаулық шаруаны көрсетеді. "Далада жейтін шөп те, қурай да жоқ. Арқанмен байлап қоймасаң, аяғын тіреп тұра алмай, құлап қалады" дейді сұхбат берген әйел.
"Үкімет маған ең болмаса 2-3 күнде бір су әкеліп тұрса, малымды аман алып қалуға аз да болса мүмкіндік болар еді" дейді және бір шаруа. Тілшінің айтуынша, шаруалар үкіметтен көп қайран болмай отырғанын айтып шағынған.
"Жер бетінде температураның жоғарылауы және теңіз деңгейінің төмендеуі бұл аймақты қиын жағдайға душар етіп отыр" дейді Deutsche Welle тілшісі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азияда құрғақшылықтың беті қайтпай тұр"ПЕССИМИСТІК СЦЕНАРИЙДЕН" ДЕ НАШАР КӨРСЕТКІШ ЖӘНЕ ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ
Қазақстанда коронавирус індеті өршіген тұста дәрігер тапшылығы артып барады. Бұған жұмыстың ауырлығы мен жалақының мардымсыздығы себеп. Бұл жөнінде Eurasianet сайты жазды.
Маусым айында мемлекеттік электрондық жұмыспен қамту орталығында денсаулық саласы қызметкерлерінің 30 мыңдай вакансиясы жарияланды. LS ақпараттық вебсайтының хабарлауынша, бұл орындарға бар-жоғы 561 адам жұмысқа орналасқан.
"Басқа салаларда мамандар жетіспеушілігі мұншалық қатты байқалмағанымен, онда да жағдай қорқынышты. Машинист, құрылысшы, мұғалім, сатушы-консультант, тіпті жүргізуші сияқты мамандар табылмайды" деп жазады автор.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұрынғыдай жұмыс істеуі екіталай". Індеттің 2-толқыны алдында билік дәрігерлерді қалай ренжітті?"Медицина қызметкерлері үшін басты мәселе – ақша. Бұл мамандықта стресс көп, ал жалақы аз".
"2019 жылғы ресми мәлімет бойынша, қалалық емханалардағы учаскелік дәрігерлердің базалық жалақысы 200 доллар болған, артығымен жұмыс істесе, бұған тағы 100 доллар қосуға болады".
Былтырғы коронавирус пандемиясы медицина саласына үлкен сынақ болды дейді автор. "Көп дәрігер ауру жұқтыру қаупі артқанына қарамастан, отбасыларынан бөлініп, ауруханада күндіз-түні қалуға мәжбүр болды. Көбі жұмыстан шығып кетті".
Үкімет "тығырықтан шығу үшін" былтыр көктемде коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге инфекция жұқтыру қаупіне қарай 212 500 теңгеден ($500) 850 мың теңгеге дейін үстемақы төлей бастады.
"Бірақ бұл шара да ойдағыдай жүрмеді. Кейінгі айларда үстемақы кешіккенін не мүлде төленбегенін айтып шағынған медицина қызметкерлері көп болды" деп жазады Eurasianet.
Your browser doesn’t support HTML5
Басылымның жазуынша, елде вирус жұқтырғандар саны денсаулық сақтау министрі болжағаннан да асып кеткен. Шілденің ортасында министр Алексей Цой ең нашар сценарий бойынша тамызда коронавирус жұқтырғандардың тәуліктегі көрсеткіші 6 мың адамнан асады деген еді. Ал тамыздың басында Covid-пен тіркелгендер саны 7-8 мың болып жатыр. Күн сайын көз жұмып жатқандар саны да 100 адамнан төмен түспей тұр.
"Індетпен күреске шығуға құлықты медицина қызметкерлерінің саны азайып жатқанда осындай ахуал қалыптасып отыр" деп қорытады Eurasianet.
"ҰЛЫ ДАЛА АЛТЫНЫ" ЖӘНЕ "АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ СЕНСАЦИЯ"
Қыркүйекте Англияның Кембридж қаласындағы Фицуильям музейінде "осыдан 2500 жылдай бұрын Орталық Азия мен Батыс Еуропаның арасын мекен еткен көшпелі сақ тайпасымен таныстыратын" көрме өтеді. Guardian басылымының жазуынша, "Ұлы даланың алтыны" деп аталатын көрмеде сақтардың 300-ге тарта жәдігері қойылады. Олардың арасында алтыннан жасалған әшекейлер мен ат әбзелі, ер-тұрманы бар.
Көрмеде "Қазақстаннан тысқары аймаққа онша белгісіз ежелгі өркениеттің" тарихы баяндалады. Сақтар "біздің дәуірімізге дейінгі 8 ғасыр мен біздің дәуірімізге дейінгі 3 ғасыр аралығында" өмір сүрген.
Алтын жәдігерлер Орталық Азияның жауынгер сақтары соққан қорғандардан табылған.
Басылымның жазуынша, көрмені өткізетін музей бұл шараны "әлемдік аренадағы археологиялық сенсация" деп атаған.
Көрменің негізгі экспонаттарының бірі мерген жігіттің қалпына келтірілген моласы болмақ. Оның айналасында алтын бұйымдардың қалай жатқаны көрсетіледі. "Ат-әбзелімен, алтын қазынасымен бірге жерленген элита өкілдері қорғандарының көбі тоналған, бірақ археологтар мергеннің ешкім тимеген бейітін тауыпты" деп жазады британ басылымы.
Мерген жігіт шамамен 18 жаста болған және оның қасына қыз бала қоса жерленген. Қорған 2500 жыл бойы тастың астында көзден таса жатқан.
Кембридж университетінің өнер және ежелгі дәуір жәдігерлеріне маманданған Фицуильям музейінің дерегі бойынша, бұл – Қазақстандағы ешкімнің қолы тимеген екінші қорған.
Қазақстан археологтары бұл қорғанды соңғы үш жыл ішінде тапқан.
Музей директоры Люк Сайсон бұл жәдігерлерді "ерекше маңызды" дүние деп бағалаған. Көрмеде Шығыс Қазақстандағы Берел, Шілікті және Елеке сазы қорғандарынан табылған бұйымдар қойылады.
"Ат қомындағы ежелгі көшпенділер таңқаларлық алтын бұйымдар жасаған". АҚШ-тағы музейлер мен тарихи орындарға бақылау жасайтын Смитсон институтының Smithsonian Magazine басылымы сақтардың көрмесі жайлы материалға осындай тақырып қойған.
Корме Фицуильям мен Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі арасындағы әріптестік арқасында ұйымдастырылмақ. Қазақстаннан әкелінетін жәдігерлер арасында жауһар тастармен көмкерілген аң формалары мен киімді сәндеген әшекейлер бар. "Бұл әшекейлер Венгрия мен Манчжурия арасындағы 5 мың мильдей (8 мың км – ред.) аумақты алып жатқан кең даладағы жануарларды түсініп, [сақтардың] техникалық шеберлігіне құрмет көрсетуге мүмкіндік береді" деп жазады басылым.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Томирис" фильмі қоғамды әйел басшыға дайындау ма?"20 ғасырға дейін сақтар туралы ақпараттың көбі ежелгі грек көздерінен алынған. Онда сақтардың шабандоздығы мен жауынгерлігі ерекше аталады. Атқа шабуды алғаш үйренген халық болғаны өз алдына, олардың күрделі иерархиялық мәдениеті болған, онда аристократтарға білікті қолөнершілер қызмет еткен. Сақтар сүйікті жануарларн ұқыптап жерлеген, кейбіреулерін бетін жауып, жал-құйрығын, ер-тоқымын әшекеймен көмкерген".
Фицуильям музейінің мәлімдемесінде "Көрмеде қойылатын таңқаларлық жәдігерлер сақтардың ежелгі грек және парсы жазбаларында айтылатындай "тағы әрі бөтен" халық болмағанын айғақтайды" делінген.
Көрме 2021 жылғы 28 қыркүйек пен 2022 жылғы 30 қаңтар аралығында жұмыс істейді.