Министрлік жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсері туралы зерттеудің жай-жапсарын айтты

Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшірілгеннен кейін елде қараңғы ерте түсетін болған. Скриншот

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеу аясында қандай әдіс-тәсілдер қолданылатынын айтты. Бұл жөнінде "Власть" жазды.

"Зерттеу әдістеріне ғаламдық заңдылықтарды анықтау үшін халықаралық деректерді талдау, Қазақстан аймақтарындағы халық арасында сауалнама жүргізу, физиологиялық өзгерістерді бағалаудың зертханалық және аспаптық әдістері, сонымен бірге уақыт заңдылықтары мен циркадты ырғақтың бұзылуы арасындағы корреляцияны анықтау үшін медициналық деректерді талдау да кіреді" деп жазылған министрлікке қарасты ғылым және адам ресурсы департаментінің басылымға жіберген жазбаша жауабында.

Зерттеуге түрлі ғылым саласындағы жетекші мамандар, оның ішінде хронобиологтар, физиолог, эпидемиолог, психолог және медицина қызметкерлері қатысады. Министрлік өкілдерінің пікірінше, бұл "уақыт белдеуінің ауысуының түрлі әсерін (циркадты ырғақ, психика саулығы, жүрек және эндокриндік ауру деңгейіне әсері) ескеруге" мүмкіндік береді.

Егер зерттеу нәтижесінде жаңа уақыт белдеуі қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер еткені анықталса, уақыт қайтарыла ма деген сұрақты министрлік өкілдері жауапсыз қалдырған.

Ведомство жауабында уақытты ауыстырудан кейін "азаматтар психикалық және физикалық жағдайларына қатысты жаппай шағым түсіргенін" жазған.

Министрліктің айтуынша, олар ғылыми-техникалық тапсырмалар бойынша байқау құжатнамасын әзірлеп, бекітіп, республикалық бюджеттің шешімімен мақұлданған қаражатқа қарай байқау жарияламақ. Олар зертеуге қанша ақша жұмсалатынын айтпай, тек "байқауға қатысар кезде өтініш берушінің өзі байқау құжатнамасының талаптарына сай зерттеуді қаржыландыру бойынша соманы көрсетеді" деп жазған.

Өткен аптада "Ұлттық ақпараттық технология" компаниясы Informburo.kz басылымының сұрағына берген жауабында уақыт белдеуін ауыстыру туралы сауалнамаға мемлекет ақшасы жұмсалмағанын айтқан.

19 қарашада үкімет бірыңғай уақыт белдеуіне ауысуды қолдап, бұрынғы уақыт режимі қайтарылмайтынын айтқан. "Власть" басылымының жазуынша, сол күні үкімет жанындағы жоғарғы ғылыми-техникалық комиссия ғылыми техникалық міндеттемені мақұлдаған.

Биыл қаңтарда үкімет "Уақытты есептеу тәртібі туралы" қаулыға өзгеріс енгізіп, Қазақстанды UTC+5 белдеуіне көшіру туралы шешім қабылдаған. 1 наурызда мемлекет бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Үкімет отырысында сөйлеген сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бұл шешім қабылданатын кезде Қостанай мен Қызылорда облыстары азаматтарының бірнеше жыл бойы осы мәселені көтерген көптеген өтініші ескерілді деді. Шаққалиевтің сөзінше, шешім қабылдайтын кезде арнайы құрылған жұмыс тобының есебінде көрсетілген ғылыми дәлелдер пайдаланылған.

Биыл мамырда бұл шешімге наразылар уақытты бұрынғы белдеуге қайтару туралы петиция жариялады. Шағымданушылардың сөзінше, жаңа уақыт белдеуінен кейін күн қысқарып, тез қараңғы бата бастаған. Соның салдарынан оқушылар қараңды батқан кезде мектептен қайтады, бұл әсіресе жарық жүйесінде проблемасы бар аймақтар үшін қиынға соғып отыр.

Тамызда сауда министрлігі "Уақытты кері қайтару" талабымен жариялаған петицияны қабылдамады.