«Диктатураға» қарсы шеру
Жексенбі күні сайлау аяқталған соң белсенділер Кастрычницкий алаңынан Тәуелсіздік алаңына дейін жүріп өтті.
Беларусь орталық сайлау комиссиясы (ОСК) алдын ала нәтиже бойынша қазіргі президент Александр Лукашенконың 83,49 пайыз дауыс алғанын, сөйтіп оның қайта сайланғанын мәлімдеді.
ОСК мәліметіне қарағанда, сайлаушылардың 86,7 пайызы дауыс берген.
Сайлау күні Лукашенко "бұл жолғы нәтиже 2010 жылғы сайлауда алған 79,65 пайыз дауыстан төмен шықса, оның жаман белгі болатынын" айтты.
Лкуашенко "80 пайыздық көрсеткіштен жоғары нәтиже халықтың оған деген сенімінің нығайғанын білдіреді" деді.
Лукашенконы Батыста "Еуропаның соңғы диктаторы" деп атайды. Ол билікке 1994 жылы келді. 1996 жылы қараша айында Батыс мойындамаған референдум нәтижесінде оның президенттік мерзімі жаңадан басталды. Ресми мәліметтер бойынша, ол 2001, 2006, 2010 жылғы сайлауларда жеңіп шыққан.
2004 жылғы референдум бойынша Александр Лукашенконың президенттік мерзіміне қойылған шектеулер конституциядан алынып тасталды.
2010 жылғы сайлаудан кейін (19 желтоқсан) өткен оппозицияның наразылық шеруі басып-жаншылды, шеруге қатысқан белсенділер ұсталды.
2010 жылғы наразылық кезінде жүздеген адам ұсталды. 30-дан астам белсенді - ішінде Лукашенконың орнын алуға үміткер болған адамдар да бар - түрмеге қамалды.
Осы сайлаудың қарсаңында Лукашенко қамауда отырған бірнеше оппозиционерге рақымшылық жариялады. Оларды кейбір сарапшылар саяси тұтқын санап келген. Лукашенконың бұл қадамын кейбір бақылаушылар Минскінің Батыспен жақындасуға ұмтылысы деп бағалады.
11 қазан күні Минск орталығында өткен шеруде белсенділер Лукашенконың биліктен кетуін және әділ сайлау өткізуді талап етті.