11 шілде күні Молдовада парламент сайлауы өтіп, "Әрекет және ынтымақ" партиясы (PAS) партиясы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл партияның негізін елдің қазіргі президенті Майя Санду қалаған.
Молдова халқы бұл жеңісті постсоветтік кедей ел үшін "жаңа бастаманың" мүмкіндігі ретінде көреді.
1991 жылы тәуелсіздік алғалы бері Молдовада он парламент сайлауы өтті. Соның ешбірінде еуропашыл партия жеңіске жете қоймаған. Бірақ биылғы сайлауда жағдай өзгеріп, батысшыл PAS партиясы 53 пайыз дауыс алды. Енді олар парламенттің 101 мандаттың 63-ін алмақ.
"Бұл нәтиже қоғамның түбегейлі өзгеріс жасау, ең бастысы, соңына дейін жеткізу талабынан туған. Мәселенің қиындығы да осы. PAS алдағы төрт жыл саяси өміріндегі ең қиын кезең болатынын, оған дейінгі барлық үкіметтің күнәсі үшін жауап беруіне тура келетінін түсінуі керек" деп жазды журналист Наталия Морари Facebook-те.
Вашингтондағы Джеймстаун қорының сарапшысы Владимир Сокор Азаттықтың Молдова қызметіне берген сұхбатында бір партия жеңіске жетіп, коалиция құру қажетіне жоғын айтып, қуаныш білдірді. Ол "коалиция қасіретінің" жоғалғанын құп көреді.
"Бұл қасірет Молдова үкіметінің соңынан 2009 жылдан бері еріп, қандай да бір реформаны іске мүмкіндік бермей келеді. Себебі саясаткерлер реформа мен стратегияларды жүзеге асырудың орнына билікті бөлісумен болды. Бұл белгілі бір деңгейде Молдовада демократия беделін түсірді" дейді Сокор. "Енді коалиция қасіретінен құтылдық, ең болмағанда төрт жыл бойы тұрақты үкіметіміз болады. Басқарудың мұндай сабақтастығы ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлар мен реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді".
Дүниежүзілік банктің бұрынғы экономисі, 49 жастағы Майя Санду былтыр қарашада өткен президент сайлауында ресейшіл экс-президент Игорь Додоннан басым түсіп, жеңіске жеткен еді. Ол жемқорлықпен күресуге, жүйелі реформалар мен Еуропа интеграциясын жүзеге асыруға сөз берген.
Майя Санду PAS партиясын 2016 жылы Молдовағы банктегі алаяқтық ісінен кейінгі қиын кезеңде құрған. 2014 жылы елдегі үш банктен сол кездегі ЖІӨ-нің 12 пайызына тең болатын 1 млрд доллар жоғалып кеткен еді.
Кишиневтағы демократия ассоциациясының (Association for Participatory Democracy) басшысы, сарапшы Игорь Ботанның пікірінше, дағдарыстан болған шок пен тамырын тереңге жайған олигархияның мемлекетті қаншалық басып алғанын әшкерелеу Молдовадағы ұзаққа созылған келіспеушілікті шешуге саяси жағдай жасаған.
"Бұл Молдова азаматтарының Майя Санду құрған партияға сенім білдіргенде нені қалағанын көрсетеді" деді ол Азаттыққа. Игорь Ботан 11 шілдедегі сайлау нәтижесі Молдова халқының Еуропа интеграциясын қолдайтынын көрсетті дейді.
"Молдова азаматтары тұрақсыздықтан шаршады. Олар биліктің өзі сенетін адам басқаратын саяси күштің қолында болғанын қалайды" дейді ол PAS партиясын өте жас және саяси тәжірибесі жоқ адамдар құрғаны маңызды екенін айта келе.
"Олардың жетістігінің кілті де осы болды" дейді Ботан.
Бірақ сайлаудағы жеңіс – тек басы ғана, дейді актер, PAS жақтастарының бірі Борис Кремене. Ол өз елінде дауыс беру үшін Португалиядан Молдоваға барған.
"Жеңіске жеткен кемені басқару үшін дұрыс пилот таңдауы керек. Әйтпесе, батып кетеді. Тетіктердің бәрі қолында болғандықтан, олар мінсіз үкімет жасақтауы керек" дейді Кремене.
"2009 жылғы қателіктің қайталанғанын қаламаймын. Ол кезде абыржып жүрдік. Халық [Молдоваға] оралды, бірақ наразылыққа тап болды. Бұл қайталанса, диаспора мәңгіге сырт айналады" дейді ол коммунистік президент Владимир Воронинді орнынан түсірген толқуларды еске ала отырып.
"Наразылық ауыр тиеді, Молдова халқы бұған тым сезімтал. Менталитеті басқа, білімді, шетелмен жақсы қарым-қатынастағы адамдарды әкелуі керек. Біз қол жаюды қойып, орнықты мемлекет құруымыз керек. Құр қол жайып қана жүрмей, Еуропа өркениетіне араласуымыз керек" дейді ол.
Сайлауда диаспоралардың көбі PAS партиясына дауыс берді. Шетелде 212 мың молдован дауыс берген, олардың жартысына жуығы – 40-қа толмағандар.
Парламенттің бұрынғы мүшесі, Кишиневтегі Старатегиялық зерттеулер институтының директоры Вадим Пристинчук Азаттыққа қоғам PAS партиясына көп үміт артып отырғанын, партияның жылдам және батыл әрекет етуі керегін айтты.
"Күтіп отырып алмаңыздар. Жұмыс топтарын құрумен, түрлі стратегия жасаумен айналыспаңыздар. Бұл қателікке жол бермеңіздер" деп кеңес берді ол енді жасақталатын үкіметке.
"Алдағы төрт жылға емес, алғашқы алты айға қарап отырмын. Егер алғашқы алты ай клептократиялық жүйеге ауыр соққы жасамаса, нокаут жасамаса, онда бұл жүйе жойылмайды" дейді ол.
"Бұл күрес көп жыл бойы жалғасып келеді және қарсылық тізбегі үзілуі керек. Бұл жүйе қиратылып, кертартпа мекемелер жойылуы керек. Егер мұны алғашқы алты айда істемесе, олар құлайды, қоғамның наразылығы арта түседі" дейді Пристинчук.
Сарапшы Владимир Сокор PAS партиясының Ресей ықпалымен де санасуы керегін айтты. Ол сайлау науқаны кезінде "геосаяси лозунгтерден аулақ болғаны" үшін партияны мақтады.
"Олар Молдованың Ресейдегі шектеулі болса да, шынайы мүддесін ескеруі керек... Ресейде жұмыс істеп жатқан молдовандардың мүддесін, Ресеймен жағдай жақсы болатынын күтетін электоратты ескеруі керек. PAS-қа дауыс бергендердің көбі Ресеймен шиеленіскен қарым-қатынасты қаламайды" дейді Сокор.
Сарапшы Игорь Ботан Молдова қоғамы тиімді оппозицияны дамыта отырып билікке араласуы керегін айтты.
"Біз, азаматтар, Молдова демократиясының әлсіз екеніне, осы күнге дейін айыпталған тәжірибенің қайта келуіне қауіп барын түсінуіміз керек. Міне, сондықтан азаматтық қоғам ұйымдасып, жағдайдың әрі қарай қалай өрбитін бақылауы керек" дейді ол.
"Билікті бір саяси партияның қолына бере отырып, біз оған қалай білікті және конструктивті түрде қарсы тұра алатынымызды да ойлауымыз керек. Конструктивті оппозиция сөзін қолданғым келмейді, себебі құнсызданып кетті. Дегенмен, сақтық танытып, қоғам сайлауда жеңіске жеткен партияны бақылап отырғанын көрсетуіміз керек" дейді Ботан.