Молдова президенті кім болатыны екінші турда анықталады

Молдовада президент сайлауының екінші кезеңі өтетін болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, онда қазіргі президент пен бұрынғы бас прокурор бәсекеге түседі. Сайлаумен қоса елдің Еуропа Одағына қосылу мәселесі жайлы референдум өтті.

Молдова Орталық сайлау комиссиясы 20 қазанда өткен президент сайлауындағы дауыс беру қорытындылары жазылған хаттамалардың 98 пайызын өңдегеннен кейін сайлаудың алдын ала мәліметі шықты. Оған сәйкес, дауыс берген азаматтардың 42 пайызға жуығы президенттікке кандидат әрі қазіргі президент Майя Сандуға қолдау білдірген, ол алда келеді.

Молдова президенттігіне кандидат әрі қазіргі президент Майя Санду дауыс берудің алдын ала қорытындысы жарияланғаннан кейін брифингте сөйлеп тұр. Кишинев, 21 қазан, 2024 жыл.

Елдің бұрынғы бас прокуроры, қазіргі кезде сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалану баптары бойынша тергеліп жатқан Александр Стояногло 26 пайыздан сәл астам дауыспен екінші орында тұр. Осы екеуінің қайсысы президент болатыны енді сайлаудың екінші кезеңінде анықталады дейді бақылаушылар.

Молдова президенттігіне кандидат, елдің бұрынғы бас прокуроры Александр Стояногло дауыс беріп тұр. Молдова, 20 қазан, 2024 жыл.

Үшінші орындағы Бельцы қаласының бұрынғы мэрі Ренато Усатый 14 пайыздан аз дауыс жиған.

Биылғы президент сайлауына барлығы 11 саясаткер түсті.

Осы жолы Молдова азаматтары президент сайлаумен қоса елдің Еуропа одағына қосылу мәселесі жөніндегі референдумға дауыс берді.

Дүйсенбі күні таңертең референдумға дауыс беру қорытындысы туралы хаттамалардың 98,29 пайызға жуығы саналып бітті. Ондағы мәліметтер бойынша, дауыс беруге қатысқан Молдова азаматтары арасында елдің Еуропа Одағына қосылуына қарсылар мен Еуроодаққа кіруді қолдаушылар саны бірдей болып тұр.

Оған дейін референдум бюллетеньдерінің 90 пайыздайы саналғаннан кейін жарияланған алдын ала мәліметтегі көрсеткіш бұдан айтарлықтай өзгеше еді. Яғни, онда Еуроодаққа қосылуға қарсы дауыс бергендер үлесі анағұрлым көп болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Молдовадағы президент сайлауы: Майя Санду алда келеді

Алайда түнімен хаттамалардың қалған он пайызын санау барысында ол көрсеткіш біртіндеп өзгере берді: хаттамалардың 92 пайызы саналғаннан кейін Еуроодаққа қосылуды қолдайтындар мен қарсылар арасындағы айырма алдымен 5 пайыз, ал хаттамалардың 95 пайызы саналған соң үш пайыздан төмен, ал 97 пайызы саналып біткенде – 0,7 пайызға түсті, кейін 0,2 пайыз болды.

Мұның себебі кейінгі алынған хаттамалар шетелдегі дауыс беру учаскелерінен келумен байланысты деп түсіндірді ОСК. Шетелде, әсіресе Еуропада тұрып жатқан Молдова азаматтарының басым көпшілігі Еуроодаққа қосылуды жақтаған.

Референдумға дейінгі сауалнама қорытындылары оған қатысқандар арасында Молдованың Еуроодақ құрамында болуын құп көретіндер өте көп екенін көрсеткен.

Жексенбі күні Молдовадағы президент сайлауы мен референдумға дауыс беруге 1,5 миллионнан астам адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың жартысынан көбі қатысқан. Молдова заңы бойынша, тізімде тіркелген сайлаушылардың кемінде үштен бірі дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткен болып саналады.

Ресми мәлімет бойынша, 20 қазанда Молдова президентін сайлау мен референдумға 1,5 млн астам адам, яғни тізімдегі сайлаушылардың 50 пайыздан көбі қатысқан.

Бұған дейін бақылаушылар Сандумен бірге сайлаудың екінші турына Стояногло шығуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Стояноглоны оппозициялық Социалистік партия қолдап отыр. Партия жетекшісі, Молдованың бұрынғы президенті Игорь Додон бұл сайлауға түскен жоқ, ол жақтастарының бәрін Стояноглоға дауыс беруге шақырған. Алайда социалистер өз кандидатын қолдауға басқа ешбір партияны көндіре алмады.

Додон сияқты, Стояногло да бірнеше іс бойынша қылмыстық тергеуге тартылған, ал бірнеше ісі сотта қаралып жатыр. Бұрынғы президент сыбайлас жемқорлық пен мемлекетке опасыздық қылмыстарына араласы бар деп айыпқа қалса, бұрынғы бас прокурорға сыбайлас жемқорлық пен билікті асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Екеуі де бұл істердің саяси астары бар, ол істер президент Сандудың нұсқауымен ашылған деп мәлімдеген. Санду мұны жоққа шығарды.

Молдова билігі, бірқатар Батыс елі, соның ішінде АҚШ, сайлауға дейін Ресей Молдовадағы саяси науқанға араласып отыр және бұған елінде сырттай сотталған, қазір шетелде тұратын молдовалық кәсіпкер Илан Шордың қатысы бар деп мәлімдеген.

Promo-LEX миссиясының бақылаушылары дауыс беру процесі кезінде мыңнан астам заң бұзу фактілері болғаны туралы хабар алған. Оның 200-ден астамы расталған. Олардың басым бөлігі дауыс беру құпиялығына, соның ішінде сайлаушылар жіберген қатеге байланысты болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кремль 2024 жылы сайлауларға араласқанда қолданатын бес амал