ЖЕҢІМПАЗДЫ ШЕТЕЛДЕН ДАУЫС БЕРГЕНДЕР АНЫҚТАДЫ
Молдова Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел президентін сайлаудың екінші кезеңінде сайлау учаскелерінен алынған хаттамалар толық өңделгеннен кейін қазіргі президент Майя Санду жеңгені мәлім болды. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 55 пайыздан астамы Молдованың болашағын Еуропа Одағымен байланыстыратын 52 жастағы саясаткер Сандуды қолдаған.
Оның бәсекелесі, елдің бұрынғы бас прокуроры, ресейшіл Молдова социалистік партиясының кандидаты, 57 жастағы Александр Стояногло 45 пайыз дауыс жинаған.
Майя Санду сайлауда озғаны жөнінде алдын ала деректер белгілі болғаннан кейін Х-тегі парақшасына: "Молдова, бүгін сен жеңдің. Біз бірлігіміздің, демократиямыздың және лайықты болашаққа деген адалдығымыздың күшін бірге көрсеттік", – деп жазды.
Сайлауда кім жеңіске жеткені хаттамалардың кейінгі 10 пайызы, соның ішінде шетелдегі сайлау учаскелерінен түскен хаттамалар саналып болғаннан кейін белгілі болды. Шетелдегі учаскелерде дауыс берген диаспора түгелге дерлік Сандуды қолдаған.
Ел ішінде 51 пайыз нәтижемен Стояногло алға шыққан. Дауыс санау басталғаннан кейін ол жұрттың бәрін "сандарға қарамастан сабырлы болуға" шақырды және Молдовада "осы сәттен бастап жеккөрушілік пен бөліну аяқталады" деді.
СЫРТТАН КИЛІГУ
Санду бәсекелесінен озғаны жайлы ақпарат елдегі сайлауға сырттан Ресей килігіп жатқаны айтылып жатқан тұста жария етілді.
NewsMaker басылымының жазуынша, Майя Санду "Молдова мұқым Еуропа тарихында бұрын-соңды болмаған шабуылға тап болды: лас ақша, дауыс сатып алған заңсыз іс-әрекеттер, сайлау процесіне қылмыстық топтардың килігуі, біздің қоғамда өшпенділік пен үрей тарату сияқты нәрселерге кезікті. Бірақ халқымыз бірігіп, азаматтарымыз жеңді" деп мәлімдеген.
Молдованың қазіргі президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Станислав Секриеру Молдовадағы дауыс беру процесіне Ресей араласып отыр деп мәлімдеді.
"Бұл сайлау қорытындысын бұрмалау әрекеті болуы ықтимал", – деп жазды Секриеру X платформасында.
Мәскеу мұндай айыптауды бірнеше рет жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Молдовада сайлаудың екінші туры Ресейдің килігуі туралы мәлімдемелер тараған шақта өтіп жатыр3 қараша кешке Азаттықтың Молдова қызметі Promo-LEX құқық қорғау миссиясының бақылаушылары 220-дан астам заң бұзу фактісі болғанын айтты деп хабарлады. Сол уақытта полиция 190-нан астам жайт болған деп көрсетті.
Promo-LEX тіркеген заң бұзу фактілерінің көбі – жасырын дауыс беруге байланысты, мысалы, бюллетенді суретке түсіру, сайлаушыларды тіркеу жүйесі жұмысындағы кемшіліктер.
Молдова президентін сайлаудың екінші кезеңіне дауыс беру күні құқық қорғау органдары Молдованың өзінде де, одан тыс жерде де ұйымдасқан түрде сайлаушыларды тасымалдады деп күдіктенуге негіз бар деп мәлімдеді. Билік Ресейден Беларусь, Әзербайжан мен Түркиядағы сайлау учаскелеріне ұшқан Молдова азаматтарын зерттеп жатыр.
РЕСЕЙШІЛ КҮШТЕР ҚОЛДАҒАН КАНДИДАТ
20 қазанда өткен президент сайлауының алғашқы турында Санду сайлаушылардың 42 пайызының қолдауына ие болып, Александр Стояноглодан басым түскен.
Ресейшіл Молдова социалистік партиясының кандидаты, 2019-2021 жылдар аралығында елдің бас прокуроры болған Александр Стояноглоны сайлаушылардың 26 пайызы қолдап дауыс берген. Санду "қылмыстық топтар шетел күштерімен бірге" 300 мың дауысты сатып алуға талпынғанын айтты.
Бірінші турда өзгелерден озған Санду мен Стояногло сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие бола алмағандықтан, екеуі сайлаудың екінші кезеңіне өткен.
Оппозициялық ресейшіл социалистер партиясының жетекшісі, Молдованы 2016-2020 жылдар аралығында басқарған бұрынғы президент Игорь Додон өз жақтастарын Стояноглоға дауыс беруге шақырған. Бірақ социалистер өз кандидатына дауыс беруге өзге партиялардың ешбірін көндіре алмады.
2020 жылы Майя Санду сайлаудың екінші кезеңінде бәсекелесі Игорь Додонды жеңіп, Молдова президенті болып сайланғаннан кейін Кишинев Еуропа Одағына қосылуға бағдар ұстанатынын мәлімдеді. Бұл мәселе әсіресе 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін маңызды бола түскен. Кремльшіл саяси партиялар Сандуды "Мәскеумен араға от жақты" деп айыптаған.
Ресейлік көңіл-күй анық байқалатын Гагаузия автономды өлкесінен шыққан Александр Стояногло сайлауалды кампаниясы кезінде басты тақырып ретінде тәртіп сақтау мәселесін таңдады. Оны бас прокурор болып тұрған кезде "жоғарыдағы жемқорлықты ауыздықтай алған жоқ" деп сынайтындар бар. Стояногло өзін "Мәскеу адамы" деп атайтындар жалған сөйлеп жүр дейді.
Додон сияқты, Стояногло да Молдовада бірнеше қылмыстық іс бойынша айыпталушы болып танылған. Бұрынғы президентке – жемқорлық және мемлекетке опасыздық жасау, бұрынғы бас прокурорға жемқорлық және билік өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айыптар тағылған. Екеуі де өздерне қарсы істердің саяси астары бар деп мәлімдеп, істі қозғауға тапсырма берген деп президент Сандуды айыптаған. Санду оны жоққа шығарды.