Орталығы Алматыда орналасқан Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы (ДҚҚ) мен түркиялық қазақ диаспорасының бірқатар өкілдері арасында «Самұрық Қазына» қоры бөлген демеушілік қаржысы мен ұйымдастыру мәселесіне қатысты келіспеушілік туып, дәстүрлі түрде қазақтар тұратын елдерде ұйымдастырылып келген кіші құрылтай шарасы биылғы жазда Стамбулда екі бөлек өткен еді. Біріншісін ДҚҚ Түркияда жаңадан құрылған «Түркия қазақтарының білім және зерттеу қоғамының» атынан ұйымдастырған, ал екіншісін Стамбулда бұрыннан бар «Түркия қазақтарының қоры» атты ұйым өткізген. Бұл дау қазақстандық әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-тарда қызу талқыланды. Моңғолиядағы «Қазақ» қорының, Моңғолия мұсылмандары ұйымының төрағасы Сайран Қадыр ДҚҚ-ның қазіргі қызметіне көңілі толмайтын шеттегі қазақтардың балама құрылтай шақыру идеясын талқылай бастағанын айтады.
Азаттық: - Кіші құрылтайға қатысты Стамбулда болған соңғы оқиға сізге тосын жайт болып көрінді ме, я әлдебір бұрыннан бар мәселенің пісіп-жетілуі сияқты байқалды ма?
Сайран Қадыр: - Стамбулдағы оқиғаның дәл қалай өрбігенін әлеуметтік желіде шыққан хабарлар мен мақалалардан білдім. Бөлінушіліктің болғаны өкінішті жағдай. Бүгінгі ең басты мақсат – қазақтың басының бірігуі деп түсінемін. ДҚҚ да бірлікті сақтауды негізгі мақсат етіп қоюға тиіс болатын. Бірақ қауымдастық өз миссиясын дұрыс түсініп, дұрыс іс атқарып келе жатыр дегенге күмәндімін. Мен ғана емес шетелдегі қазақ диаспорасына жататын кейбір ағайын да осындай пікірде. Сондықтан да Стамбулдағы оқиға мен үшін тосын жағдай болған жоқ.
Жалпы шеттегі біршама диаспора өкілдері қауымдастықты онша бір байыпты ұйым, қазақ диаспорасының мүддесі үшін атсалысқан ұйым деп бағаламайды, ашығын айту керек. Еуропада, я Моңғолияда өткен әрбір кіші құрылтайдан соң наразылық байқалып қалады. «Мәдени іс-шаралар жан-жақты өткізіледі» деп қағаз жүзінде жазылады. Бірақ ешқандай қомақты, нәтижелі іс байқалмайды. Кіші құрылтайлар көбінесе мынадай жаттанды екі бөлімнен құралады: бірінші бөлім - «Қазақстан-2030» немесе «Қазақстан-2050» деген саяси бағдарламаны таныстыру, екіншісі – шенеуніктердің қыдыруы. Ал шеттегі қазақтар үшін ең үлкен мәселелер – жастарының білім алуы, мәдениеті, қазақ тілінің қолдану аясын кеңіту.
ДҚҚ деген не?
ДҚҚ ДЕГЕН НЕ?
- Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы - 1991 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапары кезінде идея ретінде айтылып, келесі жылы ресми түрде құрылған қоғамдық ұйым.
- Мақсаты - дүниежүзіндегі қазақ диаспоралары мен олардың тарихи отаны - Қазақстан арасында мәдени-әлеуметтік байланыс орнату.
- Құрылтайлары - ДҚҚ 1992 (Алматы), 2002 (Түркістан), 2005 және 2011 (Астана) жылдары үлкен құрылтай өткізіп, барлығында президент Назарбаевты ұйымның төрағасы етіп сайлаған. Соңғы жылдары ДҚҚ "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының қаржылық жәрдемімен ірі қазақ диаспоралары бар шет елдерде кіші құрылтай өткізуді үрдіске айналдырған.
- Құрылымы - Ұйым Қазақстанның кейбір шекаралық облыстарында филиалдар ашқан. ДҚҚ-ның орталық кеңсесі Алматыда орналасқан, "Атажұрт" атты баспасы бар.
Азаттық: - ДҚҚ шеттегі диаспораларға өздері тұрып жатқан елдерде қазақ тілінде білім алу мәселесіне қатысты барынша ақпарат беріп жатқанын айтады. Өткен жолғы Стамбулда өткен кіші құрылтайда да қауымдастық өкілі мұның себебін түсіндіріп жатты. Түркиядағы қазақтарға ана тілінде білім алу орындарын ашу мүмкін емес жағдай екенін, диаспораның тым шағын екенін айтып жатты. Бұған қатысты не дейсіз?
Сайран Қадыр: - Ұзаққа бармай жалғыз мысал айтайын. Моңғолиядағы Баян Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бір қайырымдылық ұйымының көмегі арқылы 600 орындық шетелдегі алғашқы жекеменшік қазақ халықаралық мектебін салдырып бітірдім. Биыл күзде осы мектепті ашқалы жатырмыз. Осы мектепке оқулық пен құрал-жабдық сұрап былтырғы қараша айынан бастап Астанаға үш рет бардым. Биліктегі жоғары лауазымды азаматтармен, министрлермен, қайырымдылық ұйымдарымен, бизнесмендермен кездестім. Бұдан шыққан нәтиже өте аз. Көп адам: «Мұның керемет екен, дұрыс екен. Көмек жасайық, қолдайық. Қазақстан - бай мемлекет. Шеттегі қазағымыз үшін немізді аяймыз» дейді де, соңғы сәтте әңгімелері сиырқұйымшақтанып кетіп жатыр.
ДҚҚ құрылғаннан бері 23 жылда шеттегі қазақ диаспорасы үшін Қазақстанның қолдауымен мектеп тұрмақ, жеке бір класс ашылған жоқ.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: - ДҚҚ өзі өткізген құрылтайлар туралы ресми хабарламаларында қазақ диаспоралары үшін мәдени-ағарту шараларын барынша жан-жақты өткізуге тырысып жатқанын жазады. Құрылтай кезінде биліктің саяси бағдарламаларын да насихаттайтынын ашық көрсетеді. Сіз мұндай ағарту мен саяси насихат аралас қызметке қалай қарайсыз? ДҚҚ-ның қандай мәселелерге көбірек көңіл бөлгенін қалайсыз?
Сайран Қадыр: - Саяси үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін арнайы ресми ұйымдар бар ғой. Мысалы, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатын таныстыру үшін елшіліктер де іс-қызметін атқарып жатыр, саяси партиялар да шұғылданып жатыр. Ал енді ДҚҚ-ның негізгі іс-әрекеті шеттегі қазақ диаспорасының мәдени, әлеуметтік, экономикалық жағдайына көңіл бөлу болса екен деймін. Бірақ соңғы кезде бұл қауымдастықты Қазақстан президенті әкімшілігінің аясындағы бір мемлекеттік ұйым қылу туралы әңгімелер де шығып жүр. Қандай түрде құрылса да, шеттегі қазақ диаспорасына нақты көмегі тиетін ұйым қылған дұрыс деп есептеймін.
Қауымдастық шеттегі қазақ диаспораларының көңілінен шықпағандықтан балама құрылтай ұйымдастыру туралы ойды ақылдасып, пікір алмастым.
Азаттық: - Шетелдегі қазақ диаспораларының кіші құрылтай өткізу кезінде ДҚҚ-дан ресми қолдау сұрауы оларды қаржылай және басқа да тәуелділікке түсірмей ме? Мысалы 1986 жылы құрылған Түркия қазақтарының қоры қауымдастықтың қолдауынсыз-ақ көптеген игі мәдени іс-шаралар атқарып келген екен. Қазір сол үрдісті ары қарай Түркияның өзінде, Еуропа елдерінде немесе Моңғолияда тәуелсіз түрде жалғастыра беруге не кедергі?
Сайран Қадыр: - Тәуеліз түрде жалғастыратын мүмкіндік бар. Диаспора өкілдерінің өз тірлігін өздері жасай бергендері абзал. ДҚҚ-ға қол созу жақсы әдет емес. Кіші құрылтайларды ұйымдастыру үшін Қазақстаннан бөлетін ақша төңірегіндегі тартыс – қауымдастықтың да, диаспора ұйымдарының да үлкен мәселелерден ойын бөліп әкететін ұсақ мәселе. 1990 жылдары дүниежүзі қазақтарының ұйымын құру туралы Қазақстан президенті алдында алғаш ұсыныс айтқан адамдардың бірімін. Кейін құрылған қауымдастық шеттегі қазақ диаспораларының көңілінен шықпағандықтан балама құрылтай ұйымдастыру туралы ойды Еуропадағы, Түркиядағы, Моңғолиядағы, Қытайдағы, Ресейдегі қазақтардың өкілдерімен ақылдасып, пікір алмастым.
Азаттық: - Мұндай балама құрылтай құру қаншалықты мүмкін шаруа, егер құрыла қалған жағдайда одан не өзгермек?
Сайран Қадыр: - Егер бұл сұрақ маған Украинадағы дағдарыстан бұрын қойылған болса, мен басқаша жауап берер ме едім. Бүгінгі жағдайда қазақтардың бас қосуы, бірігуі өте-мөте керек болып тұрған жағдайда, балама құрылтай құруды сәл кейінге қалдыра тұру жөн бе деп те ойлаймын. Бірақ шеттегі бас көтерер қазақ диаспорасының өкілдерінің ойында балама құрылтай құру бар. Дәл қандай нәтижеге жете қоярын басып айта алмаймын. Бұл туралы ақылдаса беру дұрыс деген пікірдемін. Ал ДҚҚ-ның ісін жақсарту, жетілдіру мен өзгерту де бүгінгі күннің талабы деп есептеймін.
Шамасы келсе, қазіргі жағдайда қауымдастық пен шеттегі диаспоралардың тіл табысқаны дұрыс, қауымдастықты нығайтып, бірақ өзгерту керек.
Азаттық: - Егер балама Құрылтай құрыла қалған жағдайда оның қызметіне Ресей мен Қытайдағы қазақтарды қатыстыру, тіпті сол Түркия, Моңғолия мен Еуропадағы қазақтарды тарту қиынға соқпай ма?
Сайран Қадыр: - Балама құрылтай құру туралы әңгіме шығатын болса, шеттегі қазақ диаспораларына ортақ бір жер тауып өткізетін мүмкіндік бар. Стамбулда, Уланбаторда, Еуропаның қандай да бір қаласында өткізетін мүмкіндік бар. Соның бастамасын жаңағы Стамбулдағы қазақ ағайындар (Түркия қазақтарының қоры – ред.) жасады деп ойлаймын. Бірақ шамасы келсе, қазіргі жағдайда қауымдастық пен шеттегі диаспоралардың тіл табысқаны дұрыс, қауымдастықты нығайтып, бірақ өзгерту керек деген пікірдемін.
Азаттық: - Стамбулда кіші құрылтайды қауымдастықтан бөлек өткізген қазақ диаспорасы ұйымының өкілдерінде реніш пайда болғаны байқалады. Мұндай жағдайда олардың қауымдастықпен қарым-қатынасы қалай нығаюы, дамуы мүмкін?
Сайран Қадыр: - Екі жолмен дамуы мүмкін. Біріншіден, бұл оқиға шеттегі қазақ диаспоралары үшін өз құрылтайларын жеке өткізе бастауға себеп болуы мүмкін. Мысалы Моңғолия қазақтары «өз құрылтайымызды өзіміз жеке өткізейік, ешкімге қол созбай, «Қазақстан-2050» туралы айтпай, жергілікті қазақтардың өз проблемаларын, өз мүмкіндігін, атажұртпен қалай қатынас жасайтынын өзіміз ақылдасып көрейік» деген пікірлер айтады. Екіншіден, Қазақстандағы дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан диаспоралар ішінде бөлініс жасағанымыз дұрыс болмады, олармен тіл табысуымыз қажет екен деген идея шығатын болса, әңгімені басқаша өрбіту үшін мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Азаттық: - Сұхбатыңыз үшін рақмет!