Қытайдың түркітілдес, мұсылман халықтарға қарсы қуғын-сүргініне жауап ретінде құрылған “Атажұрт” қозғалысы өзін оппозициялық күш деп таныстырған емес. Бірақ Пекинге жақын Қазақстан билігі ұйымды ата жауындай көреді. Енді партия құруға бекінген белсенділер үкімет әртүрлі кедергілер ойлап тауып, аяқтан шалып жатыр дейді.
2017 жылы күзде Гүлжан Тоқтасынның досы шұғыл шаруамен Қазақстаннан Қытайға кеткен. Ол құрбысынан өзі жоқта бір аптадай балаларына қарай тұруды өтінген.
Бұл оқиғадан бір жыл бұрын Пекин қатаң саясатты қолдайтын Чэнь Цюаньгоны Шыңжаң-Ұйғыр автономды өңірі коммунистік партиясының хатшысы етіп тағайындаған. 2017 жылға қарай Цюаньгоның түркітілдес, мұсылман халықтарға қарсы қуғын-сүргін шаралары белең ала бастады.
2016 жылы тарихи отанына қоныс аударған Гүлжан Тоқтасын Чэнь хатшы болып тағайындалардан бірнеше ай бұрын өңірдегі ахуалдың өзгере бастағанын байқап, Шыңжаңнан кетуге бел буған. Цюаньгоның бұған дейін Тибетте қырғын салғанын бәрі білетін.
Қытайға бір аптаға кеткен Гүлжанның досы 3 ай өткен соң да оралмады. Қытай шенеуніктері оған Қазақстанға оралуға тыйым салған.
Шыңжаңда қалуға мәжбүр болған әйел өңір халқын жаппай ұстап жатыр деген қауесетті растаған. АҚШ мемлекеттік департаментінің дерегінше, 2 миллионға жуық қазақ, қырғыз, ұйғыр және басқа да түркітілдес ұлт өкілдері Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлеріне жабылған.
Қазақстанда қалған Гүлжанның да жағдайы мәз емес еді. Ол әлі Қазақстан азаматтығын алмаған болатын. Алматыдағы Қытай консулдығы Гүлжанды төлқұжатындағы қатені түзету үшін Қытайға қайтуға көндіруге тырысқан.
Алматыдағы мектеп директоры оған құрбысының екі баласын "сенімхатсыз заңсыз қарап отырсыз" деп шүйліккен.
Гүлжан Тоқтасын қайтерін білмей, “Атажұрт” ұйымының көмегіне жүгінген. Бұл қозғалыс Шыңжаңда туыстары қысым көріп, қамауға алынған азаматтарға қолдау көрсетумен айналысатын.
“Атажұрт” құқық қорғау ұйымы Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы 10 мың видео жазып алған. Қозғалыс бұл жағдайға әлем назарын аудару үшін көп еңбек етті.
— Ол кезде “Атажұртқа” жақындары қамауға алынған немесе Шыңжаңдағы ахуалға байланысты туыстарының болашағына алаңдаған адамдар баратын. Олар осы арқылы Қазақстан үкіметі мен халықаралық ұйымдардан көмек сұрағысы келді, — дейді Тоқтасын.
2017 жылдың екінші жартысында ұйғыр, қазақ және басқа да ұлт өкілдерін жаппай лагерьге жауып жатқаны туралы алғашқы ағылшынтілді есептер жарияланды.
Тоқтасынның туыстары қамауға алынбаған. Бірақ Гүлжанның ағаларын қайта тәрбиелеу лагерьлерінде сабақ беруге мәжбүрлеген.
“Атажұрттың” қызметі туралы ақпарат тараған сайын кеңсеге келушілер көбейген.
Басында өз мәселесін шешу үшін жанталасқан Гүлжан уақыт өте келе басқа адамдарға да пайдасы тиіп жатқанын байқаған.
— Кеңседе отырып, келген адамдардың тізімін жасайтынмын. Олардан келу себебін сұрап, әртүрлі кабинетке жөн сілтеймін. Қысқасы, офис менеджер болдым, — дейді Тоқтасын.
Қозғалыс қарқынды жұмыс істеп, Қытай билігінің сынына ұшыраған соң, ұйымға Қазақстан билігі де назар аудара бастады. Бірақ белсенділер биліктің назарын басқаша елестеткен еді.
Қазір Тоқтасын — әділет министрлігі тіркемей қойған партияның ықтимал мүшелерінің бірі.
— Партия болып құрылуға дайынбыз. Ұйымға мүше болуға дайын адам саны жетерлік, командамыз мен тәжірибеміз де бар, — дейді ол.
Бірақ Қазақстанда партия құру оңай емес.
БИЛІК НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?
“Атажұрт мүшелері” билікке қарсы болғысы келмегенін, бірақ режимнің өзі оларды жау көре бастағанын айтады.
— Өздерін өте сыпайы ұстады. Мені он шақты рет шай-кофеге шақырды, — дейді қазір АҚШ-та тұратын, “Атажұрт” ұйымының қуғындағы құрылтайшыларының бірі Серікжан Біләш. Оны Алматы қалалық ішкі істер департаменті “шайға шақырған”.
— Мақсатымызды білгісі келді. Шыңжаңдағы геноцидті тоқтатқымыз келетінін айттым. Олар “Мұхтар Әблязовті танисыз ба?” деп сұрады.
Ол кезде бұрынғы энергетика министрі, тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) ұйымының жетекшісі Мұхтар Әблязов халықты Қазақстан үкіметіне қарсы наразылыққа шығуға үндеп жүрген.
Біләш Әблязовті танымайтынын айтқан. Бірақ қала билігі Қытай геноцидіне қарсы қозғалыстан қауіптенетінін жасырмаған.
2018 жылдың екінші жартысында “Атажұрт” шекараны заңсыз кесіп өтіп, депортация қаупіне іліккен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың сотынан хабар таратып, кеңінен таныла бастады.
Жаркентте өткен кезекті сот отырысынан кейін “Атажұрт” белсенділері Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы өкілдерін соңынан қуып, сұрақтарына жауап беруді талап етті.
Сауытбай Шыңжаңда қайта тәрбиелеу лагерьлері (Пекин бұл нысандарды кәсіби оқыту орталықтары деп атайды) барын растап, ашық сотта түсініктеме бергеннен кейін тамызда бостандыққа шықты.
“Атажұрт” ұйымы Қазақстанның жақын серіктесі — Қытайдың шамына тиді ме, әлде қазақстандық шенеуніктер Серікжан Біләштан аяқ тартты ма, әйтеуір, қозғалысқа қысым күшейді.
ФОКУСТЫҢ ӨЗГЕРУІ
“Атажұрт” ұйымы коммерциялық емес ұйым ретінде тіркеле алмады. Дегенмен кейін Біләштің сөзінше, өзінің "қарсыласына айналған" бұрынғы одақтастары еш кедергісіз ұйым құрып алған.
Ұйым кеңсесінің дәлізінде штаттық киімдегі полицейлер көп жүретін.
2019 жылы наурызда Біләш ұсталып, ұшақпен Астанаға жеткізілді. Оған экстремистік мәлімдеме жасады деген айып тағылды. Белсенді өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп, кінәсін мойындамады.
Ұйымның компьютерлері тәркіленді, демеушілердің көбі белсенділердің жұмысын қолдаудан бас тартты.
“Атажұрт” кеңсесі Шыңжаңдағы туыстары қамауға алынған немесе хабарсыз кеткен адамдарға құқықтық көмек беретін орталыққа айналды. Қазақстанға келген шетелдік ақпарат құралдары да Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы материал дайындау үшін әуелі “Атажұртқа” баратын.
Халықаралық журналистер 2019 жылдың басында Қытай мәжбүрлі еңбектен босатып, Қазақстанға кетуге рұқсат берген Гүлзира Әуелхан, Шыңжаң лагерьлеріндегі азаптау туралы айтқан бұрынғы тұтқын Орынбек Көксебектен сұхбат алды.
Осылай Біләш халықаралық ақпарат құралдарының назарына ілікті.
Ол кінәсін мойындап, қажет құжаттарға қол қойып бергеннен кейін бірнеше айдан соң, босатылды. Біләшқа 7 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Біләш Қазақстаннан кетіп, Түркияда тұрды. Кейін қауіпсіздік мақсатында АҚШ-қа қоныс аударды.
Бостандыққа шыққаннан кейін де ол өзін «оппозиционер, биліктің қарсыласы» деп атаған жоқ.
Бірақ қазақстандық шенеуніктердің «Атажұрт» азаматтық топтан саяси партияға айналады деген "қаупі" шындыққа айналды.
— Бар назарымыз – Қытайда болды. Кейін Қытайдағы қазақ халқының басына келген жағдайға Қазақстан режимі жол беріп отыр деген ойға келдік. Бір қызығы, Әблязовтің ҚДТ қозғалысы серіктес болуды ұсынды. Өзара ақылдасып, оларды құрметтейтінімізді, бірақ автономды болғымыз келетінін айттық. Қазақтілді азаматтар арасында ҚДТ-ға қарағанда біздің топ әлдеқайда танымал, — деді Біләш.
Белсендінің айтуынша, жыл басында партияны тіркеу туралы өтінішке қол қойған 700 адамның 90 пайыздан астамы — қандастар емес, Қазақстанда туған қазақтар.
— Қандастардың көбінің саяси белсенділігі төмен. Біздің топ туыстарын босатуға көмектескен адамдар кейін ештеңе болмағандай қалыпты өміріне оралды. Кейде оларға қысым көрсетеді. Қытайдағы туыстарын ойлап, үндемейтіндер де бар, — дейді Біләш.
"ҰЛТШЫЛДАР"
Біләш шетелде жүргенде “Нағыз Атажұрт” партиясын тіркеу ісімен оның одақтасы Бекзат Мақсұтханұлы айналысады.
Көктемде әділет министрлігі өтінішке қол қойған 700 адамның кейбірі басқа тіркелген партияларға мүше деген сылтаумен партияны тіркемей қойды.
Мақсұтханұлының айтуынша, “Атажұртты” қолдағандарға қысым көрсетіп, қорқытып-үркіте бастаған.
Қарашада Ақмола облысының тұрғыны, “Атажұрт” партиясын тіркеу туралы өтінішке қол қойған Қапар Ахатқа Facebook парақшасындағы “Атажұртқа қосылыңдар!” деген жазбасы үшін 4 мың доллар көлемінде айыппұл салған.
Ахаттың айтуынша, полиция тіркелмеген партияны жарнамалауды заңсыз деп тапқан.
“Атажұрт” өкілдері партия тіркеуге қайта өтініш бермек. Максұтханұлының айтуынша, партияның қаржылық мәселелері бар. Ұйымның осал тұсын билік те біледі.
Мақсұтханұлы жаңа партиясын “ұлтшылдар, бірақ жақсы ұлтшылдар” деп сипаттайды.
— Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің теңдігін мойындап, конституциялық құқығы мен экономикалық мүддесін қорғаймыз, — дейді ол.
"Атажұрттың" ұлтшылдығы "қазақты ұлт ретінде құтқаруға" негізделеді. Бұл кейінгі уақытта маңызды миссияға айналған: 2022 жылы қаңтарда болған жаппай наразылық кезінде кемі 238 адам (көбі — бейбіт тұрғын) қаза болды.
Бірақ партия болуға ниетті ұйымның алғаш көтерген мәселесі Қытаймен байланысты.
Мамырда Мақсұтханұлы Қытаймен визасыз режим туралы келісімге қарсы наразылыққа шығатынын мәлімдеген соң, 15 тәулікке қамалды.
Ол қала билігіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен кездесу үшін Сиань қаласына барған күні митинг өткізетінін ескерткен.
Мақсұтханұлы “демографиялық колонизация” қаупі туралы айтып, бұл келісім көші-қон саласындағы екіжақты әріптестікті күшейтіп, Қытайда туған қазақтар туралы ақпарат алмасуға көмектеседі деп алаңдаушылық білдірді (Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз алдында қытайлық CCTV телекомпаниясына сұхбат беріп, Қытайды “қазақстандықтарға еш зияны тимеген досы” деп атаған).
"Атажұрт" елдегі демократияны дамытуға күш салғысы келеді.
— Сонда Қытайға нағыз диалог жүргізуге тура келеді. Бірақ қазіргі режимге тәуелсіздік керек емес. Оларға Қазақстан Қытайдың бір өңіріне айналып кетсе де бәрібір, тек өз билігін сақтап қалса болғаны, — дейді Мақсұтханұлы.