Әскерилер көтеріліске шыққан халықты басып-жаншып жатыр. Мьянмадағы жағдай ушығып барады
8 наурызда Мьянмада халықтың әскерилерге қарсы наразылығы жалғасты. Нейпьидо қаласында полиция наразыларға көзден жас ағызатын және өрт сөндіретін газ шашып қуды. Демалыстарда Мьянмадағы кәсіподақтар халықты 8 наурызға митингіге шақырған.
Елде 1 ақпанда әскери төңкерістен соң халық генералдардың билікті басып алып, ел лидері Аунг Сан Су Чжиді қамауға алғанына қарсы шығып жатыр.
Наразылық алғашында тыныш өткенімен, кейін әскерилер мен полиция наразыларға оқ атып, басып-жанши бастады.
Әскерилер наразыларды тарату үшін оқ, көзден жас ағызатын газ, су шашатын көліктерді қолданып жатыр.
Наразылар су шашу арқылы көзден жас ағызатын газдың күшін жоюға тырысып жатыр.
Наразылар құм толтырылған қаптарды баррикада ретінде пайдаланады.
Наразылар полицияның газ шашқанына қарсылық білдіріп тұр.
Наразылар әскери төңкерістен соң билікті қолына алған Мин Аунг Хлайнге қарсы.
Наразы жұрт әскерилерден ел лидері Аунг Сан Су Чжиді босатуды талап етеді. Олар әскерилер билікке келсе демократия жойылады деп қауіптенеді.
1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аунг Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.
Төңкеріс жасағандар елде бір жыл төтенше жағдай жариялап, билік әскер басшысы Мин Аунг Хлайнның қолына өтті.
75 жастағы Аун Сан Су Чжи 1989-2010 жылдары үйқамақта болған. 1991 жылы, үйқамақта отырған кезде, ол еліндегі адам құқығы мен демократия жолындағы күресі үшін бейбітшілік саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Халықаралық қауымдастықтың қысымынан соң 2010 жылы Мьянма әскерилері оны үйқамақтан босатты. 2015 жылы оның партиясы елдегі сайлауда жеңіске жеткен. Бірақ Су Чжи балалары шетел азаматы болғандықтан елдің президенті бола алмады, бірақ ол елдің де-факто лидеріне айналды.
Суретте: Әскерилер наразылардың бірін ұрып жатыр.
2017 жылы Мьянмадағы әскеи операция кезінде елдің Ракхайн провинциясындағы мыңдаған мұсылман рохинжа қаза тапқан соң Су Чжидің халықаралық беделі түсе бастады. Мьянма әскері операцияның мақсаты экстремистермен күрес деп атағанымен, құқық қорғау ұйымдары Мьянма билігін рохинжалардың көзін құртпақ болды деп айыптады. Аунг Сан Су Чжидің халықаралық беделіне нұқсан келгенімен, ел ішінде беделі жоғары.