"Есік" қорық-мұражайы ғимараты алдында мерекелік шараға жиналған жұрт.
"Есік" қорық-мұражайы 2010 жылы құрылған. Мына схемада мұражай нысандарына кіретін мұражай ғимаратымен қоса "Есік қорғандары" қорымы, ежелгі сақтардың Өрікті, Рахат қалалары, орта ғасырдағы Талхиз қаласы көрсетілген. Қорық-мұражайдың жалпы аумағы 422 гектардан асады.
Қорық-мұражайдағы қорым аумағындағы екі қорған. Қорымда 80-нен астам осындай қорған бар. Олардың көбі бұған дейін бірнеше рет (әсіресе 17-18 ғасырларда) қазылып, тоналғанын байқауға болады. 2016 жылғы мамырдың 25-інде түсірілген сурет.
Қаланың шекарасына жақын орналасқан қорған. Сурет 2016 жылғы мамырдың 25-інде түсірілген.
Есік қорымын әйгілі еткен тарихи-мәдени жәдігер – осы жерден табылған сақ дәуіріндегі жауынгер - "Алтын адам" ескерткіші. "Алтын адам" кейін тәуелсіз Қазақстанның символдарының біріне айналды. Есіктегі қорық-мұражайдың бірінші қабатына қойылған "Алтын адам" көшірмесін 1995-1997 жылдары Қырым Алтынбеков дайындаған. 2016 жылғы мамырдың 25-інде түсірілген сурет.
Есік қорымындағы әйгілі "Алтын адам" табылған қорған сақталмаған. Ол жерге кейіннен құрылыс түскен. Тарихи жәдігер табылған тұста қазір мынадай жазуы бар белгі қойылған. Археолог Кемал Ақышевтің пікірінше, "Алтын адам" біздің дәуірімізге дейінгі 5-4 ғасырларда өмір сүрген.
"Алтын адамды" Кемал Ақышев (1924-2003) жетекшілік еткен археологиялық экспедиция тапқан. Мұражай экспозициясындағы мына фотода ғалым жоғарғы қатарда ортада көзілдірік тағып тұр. "Алтын адамды" тауып, қазба жұмыстарын жүргізген археологтар тобында сол кезде кіші ғылыми қызметкер болып істеген Бекмұханбет Нұрмұханбетов те болған (суретте ол төменгі қатарда малдас құрып отыр).
Бекмұханбет Нұрмұханбетов (1935-2016) өз бастамасымен құрылған "Есік" қорық-мұражайында өмірінің соңына дейін ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Мұражайда ол жұмыс істеген кабинет мемориалдық орынға айналған. Кабинет зерттеушінің көзі тірісіндегі қалпы тұр. Жұрт "Бекен-аға" атап кеткен Бекмұханбет Нұрмұханбетов қайтыс болғаннан кейін кабинетіне оның мүсіні қойылған.
Бастапқы кезде мұражай экспозицияларының жартысы Бекмұханбет Нұрмұханбетов жинастырған жәдігерлерден тұратын. Мысалы, олардың арасында "Алтын адам" табылған қорғаннан шыққан мына ыдыстар да болған. Бұл қорғаннан шыққан заттардың әрқайсысы әр жаққа кеткен. Алтын бұйымдар қазір Астанада сақтаулы. "Есік" мұражайында тек тұрмыстық зат-бұйымдар ғана бар. Мұражай қоймасында жақында Алматыдан кездейсоқ табылған "Алтын адамның" сүйектері сақтаулы тұр, ал бас сүйегінің қайда қалғаны белгісіз.
"Алтын адам" қорымынан табылған белгілі заттардың бірі – сыртына 26 таңба екі қатар жолға ойылып жазылған күміс тостаған. Алақанға сыйып кететін кішкене ыдыстағы жазудың мағынасы туралы осы уақытқа дейін жиырмаға тарта түрлі болжамдар жасалғанымен, жазудың сыры әлі күнге толық ашылмаған. Табылған орнына байланысты бұл жазу үлігісін "Есік жазуы" деп атайды. Сырттай қарағанда ол көне түркі жазба тарихи-мәдени ескерткіші – Орхон-Енисей жазуына ұқсайды. Осындай жазу үлгілері археологтар Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан жерлерінде тапқан қыш ыдыстарда да кездеседі.
"Есік" мұражайы негізінен қола дәуірі кезеңі мен сақ тайпалары тарихына арналғанымен, мұнда сонымен бірге олардан кейінгі заманға жататын археологиялық жәдігерлер туралы деректер де бар. Мысалы, біздің дәуіріміздің 3-ғасырында өмір сүрген мына бір сармат көсемінің сүйектері Батыс Қазақстаннан табылған.
Суретте: "Музейдегі түн" шарасына қатысушылар мұражай экспонаты алдында фотоға түсіп жатыр.
"Музейдегі түн" шарасы кезінде мұражай қызметкерлерінің археологиялық экспедициялар кезінде тапқан тың дүниелермен танысуға мүмкіндік болды. Негізінен бұл заттар 2015-2017 жылдары Есік қаласы маңындағы біздің заманымызға дейінгі 5-4 ғасырларға жататын Өрнек қорымынан табылған. Олардың арасында көне дәуір адамының сүйегі де бар.
Бұл фотоны автор 2017 жылғы маусымның 1-і күні көне дәуірдегі Өрікті қаласының жұртына барғанда түсірген. Бекмханбет Нұрмұханбетовті еске алуға арналған халықтық археологиялық экспедициясы құрамындағы еріктілердің қазба жұмыстарына "Есік" мұражайы жетекшілік еткен.
Өрікті қаласына қарсы, Рахат өзені алабының екінші бетінде көне Рахат қаласының орны жатыр. Бекмханбет Нұрмұханбетов ол жерде сақ патшаларының орталығы орналасқан болуы ықтимал деген жорамал айтқан. Археолог академик Карл Байпақов ол жерде керуен жолы бойындағы бекініс болған деп санайды. Сурет 2016 жылғы маусымның 5-і күні түсірілген.
2016 жылы қарашаның 3-і күні автор көне Рахат қаласының орнында болып қайтқан. Ол жерде "Есік" қорық-мұражайы қытай археологтарымен бірге екінші жыл бойы қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның алғашқы нәтижелері бұл жердің мәдени қабаты тас дәуірінен басталып, орта ғасырларға дейін жалғасатынын көрсетті. Қазба жұмыстары барысында табылған орта ғасырда салынған пештерді жаңғырту жұмыстарымен қазір қытай зерттеушілері айналысып жатыр.
"Есік" қорық-мұражайы мен Дания, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея ғалымдарының бірлескен ғылыми жобалары бар. Маусымның 2-і күні Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы "Жібек жолы бойынша достық пен ынтымақтастық" құрметіне осы белгі орнатылған. Оның ашылу рәсіміне Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Оңтүстік Кореяның Кенсанбук-до провинциясының губернаторы Ким Кван Ен және өзге ресми тұлғалар қатысты.
Мына суретте "Музейдегі түн" бағдарламасының соңындағы оттан секіру сәті көрсетілген. Бұл әртүрлі халықтарда көне заманнан бері келе жатқан салт-дәстүр. Мысалы, беларусь, орыс және украин халықтарында көне замандардан бері тойланатын Иван Купала мерекесі (7 шілде) кезінде оттан қарғитын осындай дәстүр әлі бар. Тарихшылардың болжауынша, бұл мереке мәжусилік және христиандық дәстүрлерді ұштастырған. Сол тәрзіді, түркі халықтары мен парсылар да Наурыз мерекесі кезінде оттан қарғитын болған. Ырым бойынша, от пәле-жаланы жояды.