Навальный тобы "Путин сарайын" америкалық дронмен түсірді. Мұның астарында не бар?

Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі деген сарайдың әуеден көрінісі.

Алексей Навальныйдың Жемқорлықпен күрес тобы (ФБК) түсірген "Путин сарайы" зерттеу фильмі Youtube-те 110 миллионнан астам көрілім жинады. Фильмде бірнеше секундқа жалт еткен тоқсары квадрокоптер көптеген көрерменнің көзіне түсті.

Навальный фильміндегі Autel дроны түсірген кадрлардың скриншоты.

"Біз Краснодар өлкесінде, Қара теңізде жағасында, Путиннің танымал сарайынан 3 шақырым жерде тұрмыз" дейді ФБК мүшесі Георгий Албуров фильмнің 29-минутында. "Бұл сарайды дроннан әлі ешкім көрген жоқ. Оны құпия ұстап отыр. Оның құпиялығы сондай, оны Федералды күзет қызметі күзетеді".

Осыдан кейін бірнеше секунд бойы әуеде қалқып жүрген тоқсары түсті квадрокоптер көрсетіледі.

Autel компаниясының дроны.

Бұл дронды Autel Robotics дейтін шағын америкалық комания өндірген. Бұл дрон туралы түрлі пікір бар. Кейбірі оны кірпіш сияқты ұшады, ұшу кезіндегі бағыттан айниды деп сынаған.

Autel квадрокоптер нарығындағы ең ірі өндіруші емес. Оның қытайлық бәсекелесі DJI 2020 жылы АҚШ-та сатылған дрондардың 77 пайызын өндірген. Өзге компаниялардың үлесі 4 пайызға да жетпейді.

Бірақ Навальный тобы Autel өнімін таңдады. Мұның себебі неде?

Фильмде Навальный зерттеу тобының "Путин сарайын" түсіруге төрт рет талпынғанын, тек бір рет қана жолы болғанын айтады. Бұдан сарай аумағына геозона орнатылғанын ұйғаруға болады. Ал DJI дрондары секілді сенімді құрылғылар ондай аумақтарға өте алмайды.

Геленджиктегі сарайдың дроннан түсірілген суреті. ФБК тобы бұл сарай Ресей президенті Владимир Путинге тиесілі дейді.

Геозона – жерден жоғары бағытталған фантом "қабырға" секілді. Ол шектеулі аумаққа дрондарды өткізбейді. Дрон мұндай аймаққа жақындағанда оның басқару панеліне ескерту келеді. Осыдан кейін дрон шектелген аумақтың шекарасынан өте алмай, қалқып тұрып қалады.

2015 жылы DJI дроны Вашингтондағы Ақ үйдің аумағына өтіп, жерге құлаған. Содан бері үкімет құрылғы өндірушісінен дронға шектеу орнатуды талап етті. Шағын, танымалдығы төмен өндірушілер бұл талапты айналып өте алады.

Дрон фотографы америкалық Хизер Холл Уильямс Азаттыққа берген сұхбатында осы геозона шектеулеріне байланысты DJI дронынан бас тартып, Autel өніміне өткенін айтты.

"Путин сарайы" айналасындағы ұшуға болмайтын аумақ.

Autel компаниясының сайтында геозона шектеулеріне тек "өндірушілердің шектеу орнатуын заңмен талап ететін елдердің аумағында ғана бағынатыны", тек Қытайдың ғана сондай заң шығарғаны жазылған. Ал DJI дрондары геозона шектеулеріне бөле-жармай бағынады.

"Путин сарайы" аумағында GPS "бұғаттау" орнатылған-орнатылмағаны белгісіз. Орнатылса, Autel дронының оны қалай айнайлып өткені де түсініксіз.

Мәскеудегі дрон сатушысы Азаттыққа Autel дрондарының Ресейдегі геозона шектеулерін ұстанбайтынын, бірақ "Путин сарайы" фильмінен кейін жақын арада шектеулердің енгізілетініне сенімді екенін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жемқорлықпен күрес қоры "Путин сарайы" туралы зерттеу жарияладыНавальныйдың "Путин сарайы" жайлы зерттеуіндегі Болат Закариянов кім?"Навальный Путиннен сарайын тартып алды ма?" Ресей және АҚШ сарапшыларымен сұхбат