NBC News: Трамптың айналасындағылар оған Путинге хбарласпауға кеңес береді

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағылар Ресей президенті Владимир Путин Украинада атысты толық тоқтатуға келіспейінше оған хабарласпауға кеңес береді. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген NBC News сайты жазды.

Басылым дереккөзінің айтуынша қазіргі кезде екі ел басшыларының телефон әңгімесі жоспарланбаған. Алайда олар Трамп аяқ астынан Путинмен сөйлесемін деуі мүмкін екенін жеткізді.

Америка басшысының өзі NBC News арнасына жексенбі күні Путинмен сөйлесуге оқталып отырғанын айтқан. Ол сонымен бірге Украина басшысы Владимир Зеленскийдің легитимділігіне күмән келтірген Путинге "қатты ашулы" екенін айтқан еді.

Американың үш шенеунігі NBC News арнасына кеше Ресей президентінің инвестиция-экономикалық әріптестік бойынша арнайы уәкілі Кирилл Дмитриев Ақ үйде республикашыл-конгресмендермен кездескенін айтты.

Басылым дереккөзінің айтуынша, ол сенаторлар Линдси Грэм және Маркуэйн Маллинмен кездескен. Кездесу Трамптың бастамасы бойынша өткен. Дереккөздің айтуынша, Дмитриев және сенаторлар Украинада атысты тоқтату шарттары мен Путиннің талаптарын талқылаған.

  • Дмитриев – бұл Ресейдің Украинадағы басқыншылығы басталғалы бері Вашингтонға барған бірінші жоғары лауазымды ресейлік шенеунік.
  • Телеарнаның жазуынша, Дмитриевке виза беру үшін Америка санциясын уақытша алып тастаған. АҚШ мемлекеттік департаменті өкілдері бұл құпия мәселе болғандықтан виза мәселелеріне түсініктеме берген жоқ.