Лука Анчески: Мәсімов сотталса да, Қаңтар оқиғасының беті жабылған жоқ

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі төрағасы Кәрім Мәсімовтің Қытайға барғанда түскен суреті. 2019 жылғы сәуір

ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовті ұзақ жылға соттау қанды Қаңтар оқиғасына нүкте қойды ма? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікті қолына шоғырландырған соң жариялаған "жаңа" Қазақстандағы әдістердің "ескі" Қазақстандікінен айырмасы бар ма? Тоқаевтың жүйесі ел ішіндегі қарсылық пен шиеленістерге қалай жауап береді? Сахна сыртындағы элитааралық күрестің астарында не жатыр? Азаттық бұл туралы Ұлыбританиядағы Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша профессоры Лука Анческимен сөйлесті.

МӘСІМОВТІ СОТТАУ ЖӘНЕ ЭЛИТАЛАРДЫҢ КЕЛІССӨЗІ

– Қаңтар оқиғасынан кейін "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды" деп айып тағылған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталды. Билік осымен Қаңтар оқиғасының бетін жапты ма?

Ұлыбританиядағы Глазго университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша профессоры Лука Анчески

– 2022 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан элитасының жік-жікке бөлінгені анық. Pegasus тыңшы бағдарламасы телефонына орнатылды делінген шенеуніктер тізімінде Тоқаев болғаны (2021 жылы шілдеде Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы Pegasus тыңшы бағдарламасының көмегімен Қазақстанда 2 мың телефон тыңдалғанын, оларда арасында президент, үкімет мүшелері, бизнесмендер, журналистер мен белсенділер бар екенін жаздыред.) қауіпсіздік қызметі президент күн тәртібіне қойған мақсатты емес, өзге міндетті көздегенін көрсетеді.

Кәрім Мәсімовті Тоқаевқа қарсы элита тобының басында тұрғандардың бірі деп қарастыру шындыққа жанасса да, бұл ол міндетті түрде Қаңтар оқиғасына дем беруші болды дегенді білдірмейді. Режим оның ісінің көп деталін құпиялағандықтан, бұл Мәсімовтің әділ сотқа жүгіну құқығы қаншалық сақталды деген сұрақты ғана тудырып қоймайды. Ол Мәсімовтің Қаңтар оқиғасындағы рөлін түсіну үшін бізге жеткілікті ақпарат берілді ме деген де мәселе тудырады.

Алайда ҰҚК-нің бұрынғы төрағасына ұзақ жыл түрме жазасын кесу режимге қанды Қаңтар оқиғасының бетін жабуға мүмкіндік бермейді. Оқиғаның анық-қанығына жетіп, Алматыдағы көп адамның қазасына кім жауапты екенін анықтау үшін тәуелсіз тергеу жүруі қажет.

– Бұрын "ескі" Қазақстанда жұмыс істеген шенеуніктердің кейбірі көзден таса болды, Мәсімов пен орынбасарлары жауапкершілікке тартылды, енді біреулер жаңа жүйеге қосылды. Экс-президенттің ет жақын туыстары, інісі мен үлкен қызы жауапқа тартылмады. Қудалау науқаны неліктен таңдамалы түрде жүрді, олар неге нысанаға алынбады?

– Меніңше, Назарбаев төңірегі мен Тоқаев айналасы арасында келіссөз жүріп, транзит келісілді. Қазақстанда ықпалды адамдардың бірі болған Кәрім Мәсімовтің түрмеде отыруы ескі режим сегменті тек Тоқаевтың бақылауында дегенді білдіреді. Экс-президенттің кей туыстары қудаланды, бірақ отбасының өзі нысанаға алынбады. Дариға [Назарбаеваға] ештеңе болмады.

Меніңше, не болып жатқанын түсіну үшін 10 жыл кезеңді алып қарау керек. Назарбаев кететінін білдік, бірақ қашан кететінін білмедік. Бірақ әр қадам, әрбір әрекет режимді сақтап қалу үшін жасалды, соның ішінде Тоқаев сияқты адамды орнына әкелу де бар. Тоқаевтың өзі де – жаңа адам емес, бірақ ол элитаның бір бөлігіне Назарбаевпен байланысты сақтауға мүмкіндік берді. Артынша 2022 жылғы ауыр оқиғалардың ұшқынынан Назарбаевтан арылу басталды. Осы себепті отбасы нысанаға алынбағаны – таңғалатын дүние емес, меніңше, Назарбаев элитасы мен Тоқаев элитасы арасында келіссөз жалғасып жатыр.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақтан екінші), оның қызы Дариға Назарбаева (сол жақтан екінші) және Назарбаев өз орнына президент етіп қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) "Нұр Отан" партиясының съезінде тұр. 23 сәуір, 2019 жыл.

"ЖАЛҒАН ПЛЮРАЛИЗМ" ЖӘНЕ "БИЛІКТІҢ АЙТҚАНЫМЕН ЖҮРЕТІН" ПАРЛАМЕНТ

– Тоқаевтың реформалары туралы сөз болғанда, Батыс сарапшылары "белгілі бір нақты көрсеткіштерді күтейік, іске асыруға уақыт берейік" дегендей пікір айтатын. Енді көрсеткіштер бұрынғыға қарағанда нақтыланған тәрізді. Парламент сайлауынан кейін Тоқаев "бұл − саяси жаңарудың соңғы қадамы болды" деп мәлімдеді. Бірақ бұрынғы мәжіліс төрағасы, премьер-министр орнында қалды, үкіметте тек аздаған өзгеріс болды. Мұны саяси жаңару деуге бола ма?

– Менің бұл жайлы пікірім (басқа сарапшылардікінен) өзгеше. Мұның себебі Тоқаев өзгеріс жасайды дегенге сенгендіктен емес, мұны 2019 жылғы 19 наурызда Назарбаев отставкаға кеткен соң басталған транзит бөлігі деп қарастырғандықтан. Бұл туралы зерттеу жасап жатырмын, ол Тоқаевтың жеке-дара режимінің кейбір элементтері 2019-2022 жылдар аралығында көріне бастағанын көрсетті. Соған қарап, үкімет, басқару әдістері мен саясат өзгермейді деген ойға келдім.

Өзгерістер іске асады деген үміт 2021 жылдың ортасында сөнді, өйткені Назарбаев дәуірінен айтарлықтай алшақтау болған жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін де Тоқаев пен оның төңірегі сол саясатты сақтап қалды. Элита сол қалпы қалды, дегенмен элитаның төменгі деңгейінде едәуір өзгеріс болды. Мысалы, мен [зерттеуге] жинаған деректерге сүйенсек, облыстардың көпшілігі мен республикалық деңгейдегі үш қала – Алматы, Астана мен Шымкент әкімдері кейінгі 12 айда ауысқан. Парламентте айтарлықтай ауыс-түйіс болды, көп жаңа адам келді. Әрине, олар негізінен [мәжілісте] бұрыннан отырған партия мүшелері болғандықтан, жаңа саясат жүргізетін адамдар емес. Сіз айтқандай үкімет те, мәжіліс спикері де бұрынғы, тек төмен деңгейде өзгеріс болды. Сондықтан элита ауыспаған жерде саясат та өзгермейді. Сол себепті саяси тұрғыдан алғанда, мен үшін бұл − бұрынғы Қазақстан.

– Тоқаев президент қызметіне келгелі төрт жылға жуық уақыт өтті. Ол президент қызметіне кіріскенде өзін "реформатормын" деп атаған. Қаңтар оқиғасынан кейін де парламентті күшейтіп, президент билігін әлсірететін саяси өзгерістер мен конституциялық реформалар іске асады деп уәде етті. Қазір мәжілісте бұрынғыдай үш емес, алты партия отыр. 29 депутат бірмандатты округтерден сайланды. Партиялық тізімде жастар мен әйелдерге квота берілді. Мұның бәрін реформа деуге бола ма?

– Жоқ. Себебі сайлауға түсетін кандидаттар мен партиялар алдын ала іріктелді. Сайлауға қатысқан партиялардың барлығы Тоқаев пен оның төңірегі таңған саясатқа сай болды, демек, нағыз оппозиция мен балама болмады деген сөз. Тіпті бірмандатты округтерден түскен азғантай тәуелсіз кандидаттардың ешқайсысына жеңіске жетуге мүмкіндік берілмеді. Демек, жалған плюрализм бар. [Парламентте] көбірек партияның болуы және әйелдер мен жастарға берілген квота – билікке қарсы адамдардың онда баруына рұқсат етілді деген сөз емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Парламентке ұжымдық "Аманат" өтті". Ақорда "Нұр дәуірінің динозаврларын" пайдаланудан неге жалықпайды?

Былайша айтқанда, режим сайлауды өткізу тәсіліне бірқатар өзгеріс енгізді. Алайда нәтижесінде режимнің айтқанымен жүретін жаңа парламент құрылды. Жаңаөзендегі наразылық − мұның жарқын дәлелі. Мұнай саласында шешілмеген проблемалар бар. Депутаттар назарды басқа жаққа бұру үшін шетелдікке тұрмысқа шыққандарға салық салатын заң қабылдауды ұсынды. Олар елде күн тәртібінде тұрған негізгі проблеманы көтермей, жоғары жақтан түскен тапсырманы орындап, кейде тіпті шектен тыс ұсыныс жасап, [билікке] адал екенін көрсетуге тырысты.

– Депутаттар мұнайшылар мәселесін шешпей, басқа дүниелерді көтерді. Бірі ЛГБТ тақырыбын көтеретін фильмдерге тыйым салуды ұсынды, бір депутат не ұсынғанын жоғарыда айтып өттіңіз. Мұның бәрі нені көрсетеді?

– Парламент атқарушы биліктен тәуелсіз емес, атқарушы билік бұйырғанды орындайтынын көрдік. Бұл – парламенттің режим рұқсат етпеген тақырыпты көтерген немесе саясатқа өзгеріс енгізуге талпынған кезін еш уақытта көрмейсіз деген сөз.

Маған реформа идеясы мүлде жойылғандай көрінді. 2019 жылы болған серпін, "еститін үкімет" тәрізді дүниелер жоқ болып кетті. "Жаңа Қазақстанды" құру үшін жасалып жатқан өзгерістердің белгісі жоқ. Былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін байлықты қайта бөлу, биліктің жаңа жүйесін құру жайлы көп мәлімдеме естідік. Бірақ мұның бәрі бос сөз болып шықты. Бұған көз жеткізу үшін елдің батысында әлеуметтік ахуал ушығып, мұнайшылардың еңбек дауы қайталанғанда, режим қалай әрекет еткеніне үңілейік. Олар Жаңаөзенде дағдарысты басудың ымырасыз, репрессияшыл әдісіне жүгінді. Осы себепті маған атқарушы билік, яғни президент, премьер-министр мен парламенттің қарым-қатынасында баланс сақталған болып көрінеді. Депутаттардың ешқайсысы жұмысшыларды қорғамады. Олар [Астанаға Жаңаөзеннен келген жұмыссыз қалған мұнайшыларға] үйге қайтыңдар деді немесе мүлде үндемеді. Сондықтан парламент режим қолындағы құрал болып қалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ақорда іріктеген депутаттар". Мәжілістің жаңа құрамынан не күтеміз?

ЖАППАЙ НАРАЗЫЛЫҚ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?

– Энергетика министрлігінің алдында түнеп шыққан күннің ертесіне Жаңаөзеннен Астанаға келген "БерӘлі Маңғыстау Company" жұмысшыларын полиция ұстап әкетті. Түн ортасында босатылған соң, таңғы пойызбен Жаңаөзенге кетуге мәжбүр болды. Әлеуметтік жарылыстың алдын алу жүйесі бұрынғы қалпында қалған ба, қалай ойлайсыз?

– Қазақстан экономика және саясат мәселелерін көтеретін наразылықты бір-бірінен бөліп қарайтыны анық. Саяси наразылыққа тыйым салынған және оны жіті бақылайды. Ал экономикалық саясат, өмір сүру деңгейі тәрізді мәселені көтеретін митингілерді аз-маздап, амалдап өткізуге мүмкіндік береді.

Дегенмен билік бұрынғы әдіске салып жауап бергендіктен, бұл проблемалар неліктен қайталана береді деген сұрақ қойған орынды. Жаңаөзен мен Батыс Қазақстандағы жұмысшылар неліктен кейінгі 10 жылда бірнеше мәрте көтерілген мәселені қайта-қайта күн тәртібіне шығара береді? Себебі экономикалық саясат өзгерген жоқ, халыққа 2011, 2016, 2019 жылдары уәде етілген реформалар іске аспады. Экономикалық саясат, оны жүргізу, шешім қабылдау режимнің қолында, бұл шын мәнінде байлықты бөлуге мүмкіндік бермейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жетібайдың зары

Қазақстанда байлық әділ бөлініп, әділ Қазақстан орнайды деген сөз көп айтылды, бірақ ол іске аспады, орта тап жойылып жатыр. Билік халықпен жаңа экономикалық, әлеуметтік келісім жасай алмады.

Теңсіздік, экономикалық проблемалар мен аймақтарға табыстың теңдей бөлінбеуі наразылықтың қайталануына алып келді. Ал оған үнемі репрессия немесе созбалаққа салып, кейінге қалдыру әдісімен ғана жауап береді. Уақыт өткен сайын теңсіздік күшейе береді, бірақ режим бұрынғы әдістен таймайды.

– Мұның арты неге апарып соқтырады? Режим мен саяси тұрақтылыққа төнетін қауіп бар ма?

– Бұл ретте 2019 жылы айтқан мына пікірден айныған жоқпын: Қазақстан халық көңілінен шығатын қандай да бір өзгеріс жасамаса, одан сайын авторитар, репрессияшыл ел бола түседі. Өзбекстан мен Қазақстандағы биліктің ауысуын салыстырсақ, 2016-2018 жылдары Өзбекстанда энтузиазм байқалса, Қазақстанда Тоқаев келген кезде мұндай көңіл-күй болған емес. Тоқаев алғаш сайланғанда, халық көшеге наразылыққа шықты. Мұндағы мәселе тек легитимдікке келіп тірелмейді. Қазақстан өзгерістерді желеу етті, бірақ шын мәнінде ештеңе өзгермегенін, ескі саясат сақталып қалғанын көрдік.

Шын мәнінде, сырттан ғана емес, іштен қарасаң да, экономика ахуалының нашарлауы – елде өзгеріс болмағанын көрсететін сигнал. Бұл ретте плюрализм де емес, авторитар тұрақтылықты сақтап қалу үшін халық ынтасын оятатын аз-маз экономикалық өзгеріс жасау жеткілікті болар еді. Бірақ экономикалық саясатта өзгеріс болмады, саяси өмір өзгермеді, наразылық қайта туды, биліктің қолынан келетін жалғыз нәрсе – қуғын-сүргін жүргізіп, басып тастау.

Әрине, плюрализм жоқ жерде тұрақтылық тек уақытша болады. Бірақ Өзбекстан мысалында экономиканы басқару әдісіне өзгерістер енгізіп, қоғамды араластыру саяси режимге легитимдік беретінін көрдік.

– Сайлау алдында кей сарапшылар "Сайлау нәтижесі саяси реформалардан халықтың көңілін одан бетер қалдыруы мүмкін, Тоқаев отпен ойнап отыр. Билік пен халықтың қарым-қатынасы бұрын-соңды бұлай шиеленіскен емес" деген. Сіз билік егер аздаған экономикалық өзгерісті іске асырса, бұл уақытша тұрақтылықты қамтамасыз етеді дедіңіз. Олар мұны істемесе, не болмақ? Саяси тұрақтылыққа төнетін немесе үлкен толқуға алып келетін қаупі бар ма?

– Біріншіден, "Тоқаев отпен ойнап отыр" деген әріптестерімнің пікіріне келіспеймін. Меніңше, қазір авторитар билікті қолына шоғырландырғанын көрдік. Қаңтар оқиғасынан соң билікті күшейтіп, халық қамын ойлауды кейін қалдырды. Шын мәніндегі оппозиция да, саяси партиялар да жоқ, белсенділер өте аз. Біріккен қозғалыс жоқ. Сондықтан олар отпен ойнап отыр деп ойламаймын, себебі от тұтата алатын ешкім жоқ.

Үлкен толқу болады деген қауіп көріп тұрған жоқпын. Меніңше, Қаңтар оқиғасына элитааралық күрес түрткі болды, көшедегі наразылық – сол күрестің ашық көрінісі. Бұл элемент (элитааралық күрес) күштірек және біртұтас режим құру арқылы жойылды. Қазір бұл − Тоқаев бастаған элита. Олай болса, оқиғаның қайталану қаупін көріп тұрған жоқпын, саяси алаңда оппозиция жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талпыныс пен тосқауыл. Ақорда партия тіркеуді жеңілдету жайлы уәдесін орындауға асығар емес

– Жақында әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевтың "некесіз туған ұлы" энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызына үйленді" деген видео тарады. Видео фотосуреттер мен видеокадрларды құрап-жамап жасалған. Кейін энергетика министрлігі бұған жауап беріп, "министрдің қызы видеодағы сыныптасымен жеке қатынаста емес, ал министрдің экс-президентпен туыстығы жоқ және бұрын-соңды болмаған" деді. Мұндай видео тарағаны кездейсоқтық па? Мұның артында не тұр?

– Шынын айтқанда, бұл видеоны көрген жоқпын. Бірақ элитаны тазалау қалай жүргеніне қарап, Назарбаев жанында жүрген кей кадрларға қалуға рұқсат етілді, енді бірі шеттетілді деуге болады. Мәсімов пен күш құрылымдары – соңғы топқа жатады. Тегіс тазалау науқаны жүрмеді, бұл тек косметикалық сылап-сипау. Сондықтан мұндай қауесет тарағанына таңғалмаймын. Оның үстіне, Назарбаев 30 жыл бойы билік басында болды, елді біреу осылай ұзақ уақыт басқарғанда жеке өмірге мұндай қызығушылық болатыны түсінікті.

Меніңше, элитаның жоғары деңгейінде Тоқаевтың тобына қосылғысы келмейтіндер яки күмән тудыратындар шеттетілді. Көп келіссөз жүрген сияқты, оның анық-қанығын, Назарбаев не айта алатынын, не айта алмайтынын, не істей алатынын, не істей алмайтынын, отбасына неге иелік етуге рұқсат берілгенін білмейміз. Бұл – зерттеу арқылы дәлелдеуге келмейтін нәрсе.

Кезінде Назарбаевтың төңірегінде жүрген бизнес-элитаға Тоқаев қалай қарайтыны қызық. Назарбаев саясат пен бизнес-элита арасында күрделі қарым-қатынас қалыптастыра алды. Тоқаев ол адамдармен қарым-қатынасты қалай реттеп жатқанын білмеймін, себебі бұл тақырыпты зерттемедім. Бірақ бұл алдағы екі-үш жылда белгілі болып қалады.