Оңтүстік Кореяда 30 мың қазақстандық бар - СІМ

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 4 желтоқсан 2024 жыл.

Саяси дағдарыс орнаған Оңтүстік Кореяда шамамен 30 мың қазақстандық бар. Әзірге ешқайсысы көмек сұраған жоқ, көмек сұраған жағдайда қамтамасыз етеміз. 4 желтоқсан күнгі брифинг кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев осылай деп мәлімдеді.

"Ешқашан өзге елдің ішкі ісіне араласпаймыз. Сондықтан Оңтүстік Кореяда болып жатқан оқиғалар сол елдің өз шаруасы. Қазіргі кезде біздің негізгі міндетіміз – Қазақстаннан тыс жерде жүрген, оның арасында Оңтүстік Корея да бар, қазақстандықтардың құқықтарын қамтамасыз ету. Оңтүстік Кореяда болып жатқан оқиғаларға қарамастан бүгінгі күнге дейін елшілікке Қазақстан азаматтары көмек сұрап хабарласқан жоқ. Мұндай ақпарат жоқ. Егер қайырылса, сөзсіз елшілік көмек береді" деді Бақаев мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, қазіргі кезде Оңтүстік Кореяда шамамен 30 мың қазақстандық бар. Оңтүстік Кореяда көп қазақстандықтың жүруіне визасыз режим әсер еткен. Ол кейде қазақстандықтардың виза режимін, Оңтүстік Кореяның көші-қон заңнамасын жиі бұзатынын айтып, соның салдарынан түрлі мәселелер пайда болатынын жеткізді.

"Қажет болса, Оңтүстік Кореядан қазақстандықтарды әкелу үшін ұшақ ұйымдастырасыздар ма?" деген сұраққа ол "онда әскери жағдай жоқ қой, Украина, Газадағыдай соғыс болып жатқан жоқ" деді.

Оңтүстік Кореяда саяси дағдарыс орнады. Президент Юн Сок Ел сейсенбі күні әскери жағдай енгізуге тырысқанмен парламент шешімнің күшін жойған. Егер президент отставкаға кетпесе, депутаттар оған импичмент жариялауы мүмкін. Түнгі оқиғадан кейін президент әзірге жұрт алдына шықпаған.