Түркі елдері ортақ латын әліпбиін енгізбек, бірақ оған Қырғызстан әлі дайын емес. Неге?

Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері арасында Қырғызстан ғана ортақ латын әліпбиіне дайын емес.

Түркі мемлекеттері ұйымы ортақ латын қарпін енгізу туралы келісімге келді. Бірақ Қырғызстан кириллицадан бас тартуға әлі дайын емес.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше бес мемлекет 34 әріптен тұратын бірыңғай латын әліпбиін бекітпей тұрып, қаріптер мен диакритикалық белгілерді келісе алмай, бірнеше жыл уақыт жұмсады.

Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) латын әліпбиі мәселесінде ұзақ жылға ұласқан келіспеушіліктен кейін ақыры 34 әріптен тұратын ортақ нұсқаға тоқтады.

Латын әліпбиіне әлдеқашан өтіп қойған Әзербайжан, Түркия және Өзбекстанға, сондай-ақ латын әліпбиіне көшу процесін бастап қойған Қазақстанға ортақ әліпбені қолдану салыстырмалы түрде оңай болмақ.

Бірақ Қырғызстанда ғалымдар мен саясаткерлердің пікірталасын тудырған бұл мәселе әлі даулы. ТМҰ-ға мүше бұл ел латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдамаған.

9-11 қыркүйекте Бакуде өткен бірыңғай әліпби бойынша жиынға Қырғызстанның атынан барған лингвист Сыртбай Мұсаев "Латын қарпіне негізделген қырғыз әліпбиінің жобасы дайын, тек президент пен парламенттің саяси шешімін күтіп отырмыз" деді.

ТМҰ-ға мүше елдердің өкілдері ортақ латын әліпбиін талқылау жиынында.

Бірақ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров кезінде Совет Одағы құрамында болған елдерге Мәскеудің ықпалымен тараған "кирилл қарпінен бас тартуға әлі ерте" деп отыр.

"Қырғыз тілін латын қарпіне көшіру туралы айтуға әлі ерте", – деді Жапаров. "Бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ; мемлекеттік тілді дамыту кирилл қарпінде жалғасуы керек".

Жапаров былтыр мемлекеттік тіл және тіл саясаты жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Каныбек Осмоналиевпен кездесуде осыны айтқан.

Осмоналиев парламентке "депутаттар мен президент [кирилл қарпіне ауыстыру туралы] саяси шешім қабылдаса, қырғыз халқы мен ғалымдар латын қарпіне көшуге дайын" деп түсіндірді.

Сыртбай Мұсаев

Мұсаевтың сөзінше, Қырғызстанда әліпби "саяси мәселе" саналады. Лингвист ортақ әліпбені бейімдеу жөніндегі жұмыстар Қырғызстан латын әліпбиіне көшкеннен кейін ғана басталады деді.

"[Латын әліпбиіне көшуге] рұқсатты президент береді", – деді Мусаев.

"Біз, ғалымдар, тек ұсыныс айта аламыз. Ұсынысты қабылдау немесе одан бас тартуды президенттің өзі шешеді", – деді ол.

Мұсаев 28 латын қарпінен тұратын қырғыз әліпбиін ұсынды. Оның пікірінше, бұл жоба қырғыз тілінің фонематикалық құрылымын толық сақтайды.

Бұл жоба қырғыз лингвисті әрі саясаткер Касым Тыныстанов бейімдеген, Қырғызстанда 1927-1940 жылдар аралығында қолданыста болған әліпбиге негізделген.

Бішкектің кирилл қарпінен бас тарту жайлы шешімі оның жақын одақтасы Мәскеуге ұнамауы мүмкін. Мәскеу мұны Қырғызстанды уысынан шығарып алу деп түсінеді.

Ресейлік саясаткерлер Бішкекті бірнеше рет орыс тілінің мәртебесін сақтап қалуға шақырған. Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл саналады.

ОРТАҚ ӘЛІПБИ

Ортақ әліпби туралы пікірталас 1990-жылдардың басында Түркия бауырлас мемлекеттер – Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен тығыз байланысқа ұмтылып, түркі әліпбиін енгізбек болғанда басталды.

Ғалымдар 34 әріптен тұратын ортақ әліпби дайындап, ол әліпби түркі тілдерінің бар ерекшелігін сақтайды деді.

Бакуде қабылданған ортақ латын әліпбиі.

"Ұсынылған әліпбидегі әр әріп түркі тілдерінде кездесетін әртүрлі дыбысты білдіреді", – делінген Бакудегі кездесуден жарияланған мәлімдемеде.

Әр мемлекет өз тілінің фонетикалық талаптарын бұзбау үшін латын қарпіндегі кей әріптерді өзгерткен.

Түркия араб жазуынан латын әліпбиіне 1928 жылы көшті. Басқа түркі халықтары Совет Одағы жаңа орнаған кезде араб әліпбиінен латын қарпіне көшіп, кейін кирилл қарпіне өтті.

Әзербайжан 1991 жылдың желтоқсанынан бастап он жыл бойы латын қарпіне көшумен болды. Қазіргі әліпби латын қарпіне негізделген және онда 32 әріп бар.

Түркі мемлекеттер ұйымына кірмейтін Түркіменстан ұйымға бақылаушы мәртебесіне ие. Ашғабат латын әліпбиіне 1993 жылы көшті. Түркімен әліпбиінің жаңа нұсқасы 30 әріптен тұрады. Әліпбиге бірнеше мәрте түзету енгізілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Әріп ауыстыру – реформа емес". Билік ұсынған латын әліпбиін сынайтын ғалымдар не дейді?

Өзбекстан латын әліпбиіне 1993 жылы кирилл қарпін қатар пайдалана отырып, біртіндеп оралды.

Өзбек әліпбиінің латын қарпіне негізделген, 29 әріптен тұратын, жуандық белгісі, кей дыбыстар мен интонацияларды апострофпен беретін соңғы жобасы 2019 жылы таныстырылды.

Қазақстан латын қарпіне 2025 жылы толық көшуге тиіс.

Көп жылға созылған пікірталастан кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы кирилл қарпінен латын әліпбиіне біртіндеп көшу туралы жарлыққа қол қойды.

Бұл әліпбиде 32 әріп бар, кей дыбыстар апостроф қою арқылы жазылады.

Орталық Азиядағы түркі елдеріне жатпайтын Тәжікстан әлі де кирилл қарпін пайдаланады. Кей ғалымдардың араб әліпбиіне көшу туралы ұсынысы қолдау таппаған.

Түркі мемлекеттер ұйымына Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Әзербайжан мүше. Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің мақаласына сүйеніп әзірленді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта Ресейдің орнын баса ала ма?