Сот белсенді Оқасовтың қамаудан босату туралы арызын қанағаттандырмады

Орынбай Оқасов

Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы белсенді Орынбай Оқасовты 15 тәулікке қамау шешімін күшінде қалдырды. Олар бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгертуге негіз жоқ деп тапты.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488-бабының 11-тармағы ("Бейбіт жиналыс ұйымдастыру тәртібі туралы заңнамада белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілген митингіге бір жыл ішінде қайталап қатысу") аясында құқық бұзғанын жоққа шығарған Оқасов апелляциялық инстанцияға шағымданған.

Адвокат Айсұлу Биялиева сотта Оқасовтың кінәсі дәлелденбегенін, себебі ол іс материалында айтылғанындай, 26 маусымда Оралдағы Мәншүк Мәметова алаңында өткен митингіге қатыспағанын жеткізді.

— Орынбай Оқасов митинг өткен кезде алаңда болғаны рас, бірақ ол шараға қатыспаған. Сотқа берілген видеоматериалдарда оның қолында ешқандай плакаттың жоқ екені байқалады, ол ешқандай сөз сөйлемеген, тек жиналысты өзінің мобильді телефонына түсірген, — деді Биялиева сотқа.

Оқасов қорғаушысының сөзін растап, бірінші инстанция сотында айтқан сөзін қайталады. Ол алаңнан өтіп бара жатқанда митинг болып жатқанын көріп, кідіріп қалған. Содан соң жақын келіп, болып жатқан жайтты телефонға түсіруді жөн деп тапқан.

Сот Оқасовтың шағымын қанағаттандыратын негіз таппай, оған тағайындалған жазаны күшінде қалдырды.

Орынбай Оқасов "заңсыз жиынға бір жыл ішінде қайталап қатысқаны үшін" 5 шілдеде 10 тәулікке қамалған. Қамаудан шығуға бірнеше сағат қалғанда оған сол баппен тағы да айып тағылып, белсенді қайтадан 15 тәулікке қамауға алынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Адвокат: Оралда аштық жариялап жатқан тағы екі белсенді қамалдыОралда ҚДТ мен "Көше партиясына" шыққан шешімді жоюды талап етіп, аштық жариялаған белсенді ұсталды Оралда үш адамды митингіге қатысқаны үшін әкімшілік қамауға алды