Интернетта тараған видеода ер адам тізесімен транссексуал әйелдің бетін төсекке жанши басып, белдікке ұқсайтын затпен қара санынан сабайды. Жәбір көрушінің қиналып ыңырсыған, ауырсынып айғайлаған дауысы естіледі.
Басқа бір адам пәкістандық әйелдер киетін қызыл сарилі жанды сабап жатыр. Бұдан басқа біреудің қолын қайырып тұрған адам да көрінеді. Видеода бұл көріністерге қарап тұрған бірнеше ер адам мен транссексуал әйелдердің сұлбалары да байқалады.
Полицияның сөзінше, бұл оқиға Пенджаб провинциясының шығысындағы Сиалкот қаласында болған. Қарашаның 14-і күні қамауға алынған бес күдіктіге қорлық-зомбылық пен бопсалау жасады деген айып тағылған, қалған төртеуіне қатысты тергеу ісі жүріп жатыр.
Пәкістан трансгендерлерінің құқығын қорғаушы топ өзін "Джули" деп таныстырған транссексуал әйелдің сұхбатын жариялады. Джули интернетте тараған видеодағы оқиғада соққыға жығылып, қорлық көргенін айтады.
"Бізді түні бойы ұрып-соғып, қорлады" дейді Джули Facebook-те тараған видео сұхбатында. "Аяқ киіммен ұрды, бетімізге түкірді, зәрлерін ішуге мәжбүрледі" деген Джули "бұл елде бәрі заңмен қорғалады. Жануарларды қорғайтын да заң бар. Ал бізге келгенде [заң] жоқ. Бізді де Құдай жаратпады ма?" дейді.
Пәкістанда ресми түрде "үшінші жыныс" ретінде танылған трансвестит, транссексуал, әтек, гермафродиттерден құралған топқа шабуылдау, күш көрсету, олардың құқықтарын таптау, қорлау жиі болып тұрады.
Жергілікті трансгендрлердің құқығын қорғаушы топтың есебінше, урду тілінде "хиджра" деп аталатын "үшінші жыныстылардың" қатары 500 мыңға жетеді.
Дәстүрлі этникалық, діни ғұрыптарын қатаң ұстанатын Пәкістанда соңғы уақыттары сексуалдық азшылықтың құқықтарын қорғаудың әлсіз болсын алғышарттары орныға бастаған. Соның бір белгісі – транссексуалдар көретін күнделікті қорлықтардың қоғамға ашық хабарлана бастағаны.
Пәкістанда көптеген транссексуалдар өздерін "кәсіби той бишісі" ретінде таныстырады. Олар отбасылық мерекелерге шақырусыз келіп, той иесінен ақша мен сыйлық алғанша ән айтып, би билеп жүреді. Транссексуалдар мұндай мерекелерді табыс көзі көреді. Алайда елде жезөкшелікпен немесе қайыр тілеп табыс табатын транссексуалдар да көп. Қызыл сари тағып, бетін опалап, көшеде қайыр тілеп жүрген транссексуалдар көп жағдайда қорлау мен бопсалауға, басқа да зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
Пәкістанның Жоғары соты 2011 жыл транссексуалдарды ресми түрде "үшінші гендерлік топ" деп танып, президентті сайлауға және президенттік сайлауға түсуге құқық берген. Елдегі транссексуалдардың тарихы бірнеше ғасырға, Моғол империясының заманына дейін созылады. Транссексуалдар сарай гаремдерінде күтуші, тәрбиеші, көңіл көтеруші қызметтерін атқарған. Қожайын сеніміне кірген кейбір транссексуалдар мемлекет басқару, сот істеріне де араласқан.
Моғол империясы құлап, 19-ғасырда Ұлыбританияның отаршыл билігі орныққан соң транссексуалдардың мәртебесі төмендеп, кейін олар мүлдем қоғамнан шеттетілген әлеуметтік топқа айналған.
(Фруд Бежанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды).