Бен Ладен өлген үйдің орнынан «киелі су» тапқандар бар

Бен Ладен өлген үйдің орнындағы сынық құбырдан шығып жатқан суды ішіп отырған жігіт. Абботтабад, 26 сәуір 2012 жыл.

Усама бен Ладеннің АҚШ әскерінің қолынан қаза тапқанынан бері бір жыл өткен соң Азаттық радиосы Пәкістан қызметінің тілшісі «Әл-Қаида» жетекшісі Абботтабад қаласында жасырынған үйдің орнына барып қайтты.
Бен Ладен жасырынған зәулім үйді Пәкістан үкіметі екі ай бұрын тас-талқан етіп бұздырып тастаған. Қазір оның орны жергілікті балалар үшін крикет ойнайтын алаңға айналды. Бірақ бұл орынға келіп, жерден шығып жатқан су ішіп кететін «зияратшылар» да бар болып шықты. Кейбіреулер ол суды киелі деп санайды. Ал Абботтабадта әлі күнге дейін бен Ладен расымен де осында тұрды ма екен деген күмән тарамай тұр.

ТҮК ҚАЛДЫРМАЙ КҮРЕУ

АҚШ әскері Усама Бен Ладенді бір жыл бұрын, 2011 жылы 2 мамырда жасырынған жерінде өлтірген кезде Пәкістанның солтүстігіндегі мамыражай Абботтабад (ағылшын офицері Джеймс Абботтың құрметіне аталған курорт қала – ред.) қаласына бүкіл әлемнің назары ауған болатын.

Оның өліміне бір жыл тола бергенде «Әл-Қаиданың» бұрынғы жетекшісін еске түсіретін заттай айғақтар түгел жойылды. Бірақ бұл әрекеттер ол жайында айтылатын гу-гу әңгімені тоқтата алмады.

Усама Бен Ладеннің әскерилер тұратын Абботтабад қаласындағы бекінісінің

Бен Ладен өлтірілген үйді құлатып жатыр. Абботабад, 26 ақпан 2012 жыл.

орнында тастар ғана шашырап жатыр. Ол 2011 жылғы мамырдың 2-сі күні АҚШ-тың арнайы жасағының шабуылы кезінде қаза тапқан соң «Бен Ладен балаларымен және үш әйелімен бірге тұрды» деп хабарланған зәулім үйді биылғы ақпан айында Пәкістанның қауіпсіздік күштері бұздырып тастады.

Бен Ладеннің осында болғандығын әйгілеп тұратын заттай айғақтардың көбісі жойылып болған кезде зияратшылар, жергілікті халықтың наразылығына қарамастан, оның өмірі жайлы естеліктерді тірілтіп алды.

«КИЕЛІ СУ»

Ғұлам Нәби есімді сақалды жас жігіт қираған қабырғаның төмен жағындағы сынық құбырға еңкейіп, екі алақанымен көсіп алып су ішіп жатыр.

Жақын маңдағы егіс алқабындағы жұмысынан демалуға келіп отырған Нәбидің айтуынша, ол осы орыннан бірнеше минуттық жерде тұрады. Ол бір кездері бұл жерде

Бен Ладен тұрған үйдің орнындағы құбырдан шығып жатқан су. Абботабад, 26 сәуір 2012 жыл.

бетон дуалмен қоршалып, қақпасы күзетіліп, айналасы тікен сымдармен өріліп, камерамен бақыланатын екі қабатты зәулім үй болғанын айтады.

Cоңғы 8 айдан бері Абботтабадта тұратын 20 жасар жігіттің айтуынша, күн сайын келіп жататын кейбір адамдар үй орнында қалған құбырдан аққан суды «қасиетті» деп санайды.

- Көптеген адамдар қорғанға күн сайын келіп зиярат жасайды. Тіпті кейбіреулері Лахор мен Карачиден де келеді. Олармен жақын кездескен емеспін, бірақ шатырдан бақылап тұрам. Олардың көбі бұл суды қасиетті деп санайды. Бірақ өз басым бұған сенбеймін. Бұл - жай ғана сынық құбырдан ағып жатқан су. Қорғанға зиярат жасап келетіндер үшін бәрібір. Сондықтан да олар осы суды ішіп, аулада өсіп тұрған шөптерді жейді, - деді ол.

«БЕН ЛАДЕН СТАДИОНЫ»

Нәби отырған жердің ар жағында үш жас бала осы елдің ұлттық спорты деп саналатын крикеттің қызығына кіріп кетіпті.

Атын айтудан бас тартқан балалардың біреуі «қорғанның қираған орнын ойын алаңына айналдыру керек» деді.

- Біз Усаманың бекінісінде крикет ойнап жүрміз ғой. Бұл жер «Усама атындағы

Қираған үйдің орнында крикет ойнап жүрген балалар. Абботабад, 26 сәуір 2012 жыл.

крикет стадионы» деп аталуы керек (әзілдеп күледі). Бұл қорғанның орны – біз крикет ойнай алатын жалғыз жер. Бұл маңайда егіс алқаптары мен тұрғын үйлер тым көп. Сондықтан да олар бұл жерді ойын алаңына айналдырулары керек, - деді әлгі бала.

Бұл балалар қорғанның орнын ойын алаңына айналдыруды армандаса, басқа балалар пайда табу үшін үйдің орнынан металл мен бетон сынықтарын жинап-теріп, жергілікті базарға апарып сатумен әлек.

Кейбір балалардың өткізген материалдары үшін алған ақшалары олардың үй-ішінің күн көрісіне кәдімгідей көмек.

ЖАҢА АҢЫЗДЫҢ АВТОРЛАРЫ

Ақпанның 25-і күні Пәкістан үкіметі Бен Ладен тұрған үйді бульдозермен күреткен кезде жергілікті адамдардың көбі «тіршілік енді тыныш арнасына қайта түсетін шығар» деп жеңілдеп қалғандарын айтқан.

Арнайы операциядан соң қауіпсіздік шаралары қатты күшейтілген кезде ел-жұрт қаланың ішінде қаптаған тексеру бекеттерінен өтуге мәжбүр болып әбден шаршаған.

Жергілікті әскери басшылық үшін қаңырап қалған үйдің орны Пәкістанның ең даңқты әскери академиясының дәл түбінде білдіртпей тұрып жатқан

Бен Ладен өлтірілген үйдің маңына жиналған халық. Абботабад, 3 мамыр 2011 жыл.

«Әл-​Қаиданың» бұрынғы жетекшісін өлтірген америкалық біржақты әскери операцияны еске түсіріп тұратын ыңғайсыз белгіге айналды.

Көптеген жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін Бен Ладен жайлы әңгіме айтылса, үнсіз қалады. Бірақ ол жайлы батыл айта беретіндер оның тіпті Абботтабадта тұрғанына да күмәнданады.

Қаланың орталығындағы шаштараздың бірінде бір топ адам Бен Ладеннің өліміне қатысты конспирациялық теорияларды қызу талқылап жатыр. Шай сораптап отырған қария кісі «Бен Ладен батыр еді» деп қойды. Ал атын айтпаған бір адам «Бен Ладен бұдан бірнеше жыл бұрын өлген және ол ешқашан Абботтабадта тұрмаған» деді.

- Усама бұдан үш немесе төрт жыл бұрын қаза тапқан. Қорғанға жасалған соңғы шабуыл жәй әншейін көз алдау, спектакль. Біз (Абботтабад тұрғындары) оның осында тұрғанына сенбейміз де, - деді ол.

Әлгі қария егер Бен Ладенді шынымен де АҚШ әскері өлтірген болса дәлел, айғақтар елдің бәріне көрсетілген болар еді деген пікір айтты.

Ол не себепті Бен Ладеннің денесін ешқандай да суретке түсірместен ашық теңізге тастады деп сұрады. Оның айтуынша, бұлтартпас дәлелдер ғана оның және тағы басқа толып жатқан адамдардың күмәнін сейілте алады.

(Материал Азаттық радиосы Пәкістан қызметінің журналистері Халид Хан мен Фруд Бежан жазған мақала негізінде әзірленді)