Қабырғаның орнына мұнда инедей шаншылған дөңгелек бөренелер мен арқалық ағаштарды көресіз. Ертеректе осындағы үйлерді тіреп тұрған олар қазір жартылай алқапқа түсіп кеткен. Дағыстанда бұл жерді осы маңдағы ірі елді мекеннің атауымен Корода дейді. Бірақ жергілікті аварлар оны Кхюрдабак – «жартастағы ауыл» деп атайды.
Бұрын ауыл тұрғындары ұлдары үйге келін әкелген кезде жас шаңыраққа үйді көшенің нақ төбесінен – жар үстіне қарай көтеріп сала беретін. Ауылда жер көлемі шектеулі болғандықтан жаңа үй салудың жалғыз амалы сол еді. Бұл қорғануға да ыңғайлы болатын әрі мал жаюға да жер қалатын. Қазір ауыл өмір сүруге қолайсыз боп қалды: үйлер ескіріп, тозған, оларға коммуникациялық желілер тарту мүмкін емес. Сол себепті тұрғындары бұл ауылды тастап, алқапқа көшіп кеткен. Жұрттың айтуынша, 1960-1970 жылдары мұнда әлі де болса тұрғындарды кезіктіруге болатын.
Ал қазір жұрттың бәрі көшіп кеткен ауылда тек жалғыз отбасы – Патимат әже ғана қалған. Әже принципті түрде ешқайда көшпей осында тұрып жатыр. Осы ауылда шаруа отбасында дүниеге келіп, өмір бойы осында еңбек еткен Патимат дәм-тұзы таусылар болса өз ауылында топырақ бұйырғанын қалайды. Оның нақты қанша жасқа келгенін ешкім білмейді: біреулер оны 77 жаста десе, енді біреулер әжей 89 жасқа келген дейді. Патимат орыс тілін білмейді.
Патиматтың басты жұмысы – осы ауылға бас-көз болу. Дағыстанда осы тәрізді тұрғындар тастап кеткен ауылдарда (олардың саны жеткілікті) әдетте сол елдімекенге ие болып бір отбасы қалады. Тірі жан тұрмаған соң тас үйлер тозып, әр тұсы құлай бастайды. Әрбір көшкін жүрген немесе қатты нөсер жауған сайын ескі үйдің қабырғасы сөгіліп, шөге бастайды.
Көрші ауылдардың тұрғындары Патиматты біледі, мүмкіндігінше оған жәрдем беруге тырысады.
Патиматпен қызы және немересі бірге тұрады. Алтыншы сыныпта оқитын бала мектепке екі шақырым жердегі көрші ауылға барады. Оған үй шаруасын толық өз міндетіне алуға әлі ерте, сондықтан көп жұмысты Патимат өзі істеуге мәжбүр.
Ол ас-су дайындайды, малға қарайды, иесіз қалған ескі үйлерде орналасқан ешкі мен тауық ұстайтын орындарды жөндейді.
Қызы да қолынан келгенінше анасына көмектеседі. Патиматтың үйі тар көшенің ең түкпірінде орналасқан. Күн сайын олар құлаған тас, тіреулер мен қоршаулар басып қалған жолмен өтеді.
Отбасында ересек ер-азамат жоқ: қайтыс болған немесе әйелдері, яғни Патиматтың қыздарымен ажырасып кеткен.
Аварлар көбінесе діни наным-сенімге байланысты ауылды сақтап қалуды маңызды санайды. Дағыстанда жұрт ондай ауылдарды кие тұтады және әлі күнге дейін діни мейрамдар кезінде тәу етуге барады. Кхюрдабахта қасиетті саналатын бір шейхтің үйіне де Патимат бас-көз болып отыр.
Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары аймақ үкіметі тарихи ескерткіштерге аса мән бермейді және егде әйелдің шамасы жоқтығына қарамастан оны электр қуатын пайдаланғаны үшін ақы төлеуге мәжбүр етеді деп шағым айтады.
Бірақ, Патимат әже биліктің үстінен шағым айтпауға тырысады. Ол негізінен күнделікті күнкөрісі, шаруашылығы мен сиырларын әңгімелегенді жөн көреді.