Патронат отбасы
42 жасар Валентина Шитикова балалар үйіне қыз асырап алуға барғанын, бірақ алдымен Артем есімді ұл баланы жолықтырғанын, кейін Кристинаны да бауырына басқанын айтады.
Валентина күйеуі ұшқыш болғанын, әлемнің түрлі елдеріне ұшқанын айтады. Соңғы жылдары Африкада жұмыс істеп жүріп, емделмейтін сырқатқа ұшырайды, содан дүние салады.
"Ұзақ уақыт өмірдің мәні туралы ойлана келе балалар үйінен бала асырап алуды ұйғардым" дейді Валентина Шитикова.
Валентина күйеуімен 15 жыл тұрған. Жұбайлардың балалары болмаған.
Оның айтуынша, балалар үйіне ұзақ уақыт барған, оларды бақылап жүрген, солайша 2011 жылдың соңында патронат ана болу туралы шешім қабылдаған. Кристина ол кезде - бесте, Артем он жаста болған. Олардың ағалы-сіңлілі екенін ол кейін білген. .
Балалар мен «жаңа ананың» бір-біріне үйренісуіне біраз уақыт кетті, шиеленісті жағдайлар да болды, кейде тіпті мүлдем түсінісе алмаған кездер де бастан өтті. Бірақ бәрі тез қайтатын: бөлмелеріне тарап кетіп, сәлден соң татуласатын дейді Валентина.
Биыл Кристина - үшінші, ал Артем сегізінші сыныпты бітірді.
Кристина Валентинаны мама деп атайды, ал Артем атын айтады.
Туыстары басында Валентинаның таңдауын құптамайды, тек біраз уақыт өткен соң ғана ержүрек әйелге көмектесе бастайды.
Бос уақытында отбасы тауға шығып, саябақтар мен желекжолдарды аралағанды ұнатады.