Пентагон: Солтүстік Корея әскері Украина күштеріне қарсы шайқасқа жақында кіріседі

АҚШ Ресейде жүрген мыңдаған солтүстіккореялық сарбаз Украина әскеріне қарсы шайқасқа жақында шығады деп санайды. Пентагон жетекшісі Ллойд Остин осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінен "Америка дауысы" үзінді келтіреді.

Остиннің сөзінше, солтүстіккореялық әскер Ресей жасағымен бірігіп қимылдауды үйренген.

Украинаның барлау қызметіндегі CNN дереккөзінің хабарлауынша, Солтүстік Корея әскері Ресей басып алған Мариупольде де бар. Оларды сол жаққа жіберудің мақсаты белгісіз, алайда кейбірі ресейлік әскери форма киініп, жекелеген казармаларға жайғастырылған.

Дереккөздің айтуынша, Украина күштерінің Курск облысындағы командалық пунктіге жасалған ракета соққысынан солтүстіккореялық генерал жараланған, оның жағдайы белгісіз. Бұл жөнінде Wall Street Journal да жазған.

Дегенмен Украина қарулы күштерінің "Харьков" жедел-тактикалық тобы солтүстіккореялықтардың Харьков облысында жүргені жөнінде ақпаратты терістеген.

Бұған дейін Оңтүстік Корея мен АҚШ барлау қызметі Ресей Курск облысындағы әскери қимылдарға 10 мыңнан астам солтүстіккореялық сарбазды жібергенін хабарлаған еді. Олардың бір бөлігі Курск облысындағы шайқастарға араласып та үлгергені айтылған.