Минскіде "Халық ультиматумы" шеруіне полиция күш қолданды
Айырым белгісі жоқ күш құрылымының қарулы жасағы.
Милиция арнайы жасағы (ОМОН) мен өзге де күш құрылымы өкілдері Октябрь алаңына баратын жолды жауып тұр.
Қарулы жасақ Тәуелсіздік даңғылынан Октябрь алаңына баратын жолды да жапты. Мұны көрген демонстранттар Жеңімпаздар даңғылына бет алды.
Милиция жасағы наразыларды Тәуелсіздік даңғылына өткізбеу мақсатында Ленин көшесін де жауып тастады. Демонстранттар жапсарлас Жеңімпаздар даңғылына қарай ойысты.
Ондаған мың адам Жеңімпаздар даңғылымен "Минск - қаһарман қала" стелласына қарай беттеді.
Наразылық шеруіне шыққандар "Трибунал!", "Ереуіл!" деп ұрандады.
"Минск – қаһарман қала" стелласының төңірегіне тосқауыл қойылмағанымен, ескерткішке баратын баспалдақты күш құрылымдары өкілдері бақылап тұрды. Билік өкілдері дауыс зорайтқыш құралдан жұртқа акцияның заңсыз екенін ескертумен болды.
Беларусь астанасындағы "Минск – қаһарман қала" стелласы сайлаудан кейін наразылық акциялары өтетін негізгі орынға айналған.
Минскідегі Машеров көшесі адамға толды – жаяулар жүретін жерде де, көлік жолында да ине шаншар орын болмады.
Жеңімпаздар даңғылына баратын жол жабық. "Граница" жүйесі, су шашатын екі көлік, милицияның арнайы жасағы наразылардың жолын кес-кестеп тұр.
Демонстранттар милицияның арнайы жасағы құрған тосқауылға 5 метрге дейін жақын келіп, "Шық!" деп айқайлады.
Демонстранттарды ары қарай қуып тастауға тырысқан милиция жасағы (ОМОН) резеңке оқ қолданды. Наразы жұрт "Нацистер!" деп айқайлады.
Күш құрылымы қызметкерлері шеруге шыққандарға қарсы резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданды.
Нақты қанша адамның зардап шеккені белгісіз. Оқиға орнына он шақты жедел жәрдем көлігі келді. Зардап шеккендерді Минскідегі үш ауруханаға жеткізді.