27 наурызда Қырымда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), ішкі істер министрлігі мен Росгвардия қызметкерлері Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" діни ұйымының қызметіне қатысқан деген күдікпен бірнеше тұрғынның үйін тінтті.
Ресейлік күш құрылымдары "Қырым ынтымақтастығы" қозғалысы өкілдері, қоғамдық белсенділер, азаматтық журналистер мен блогерлер тұратын 25 үйді тінткен. Олардың кейбірінен Ресейде тыйым салынған діни әдебиет табылғаны хабарланды.
Тінту жүргізіліп жатқан үйдің жанында тұрған ресейлік күш құрылымдары қызметкерлері.
Жергілікті тұрғындар мен белсенділер күш құрылымдары тінтіп жатқан үйлердің жанында тұр. Қырым, 27 наурыз 2019 жыл.
Белсенділер үйлерін тінтуге ресейлік күш құрылымдарының үшеуі - федералдық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі және Росгвардия қызметкерлері келді.
Кей үйлер мен көліктерден Ресейде тыйым салынған діни әдебиет табылғаны хабарланды.
"Қырым ынтымақтастығы" өкілдері тыйым салынған заттарды өздеріне "әдейі тастаған" деп мәлімдеді."Барлық кітаптарды әдейі тастаған, өйткені үйде ондай әдебиеттің ешбірі болмаған" делінген "Қырым ынтымақтастығы" бірлестігінің Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған хабарламасында. Бұл туралы адвокат Емил Курбединов те айтты.
Ресей 2014 жылы көктемде Қырымды аннексиялағаннан кейін түбекте жергілікті ондаған мұсылман "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысы бар деген күдікпен қудалауға ұшыраған.
Ресей 2003 жылы "Хизб ут-Тахрир"-ді террорлық ұйым деп танып, тыйым салған. Украинада бұл ұйым емін-еркін әрекет қылады. "Хизб ут-Тахрир" халықаралық ислам саяси ұйымының өкілдері террорлық іс-әрекеттерді қолдамайтындарын, ұйымды Ресей мен Қырымда билік негізсіз қудалап жатқанын мәлімдейді.
Биыл 22 ақпанда Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі "билікті күштеп басып алмақ болған" деген айыппен Қырымда жергілікті сегіз тұрғынның үстінен іс қозғаған.
Ресейшіл Қырым үкіметінің басшысы Сергей Аксенов "күш құрылымдарының әрекетін толықтай қолдаймын, репрессия туралы айтылған кез келген әңгіме - жалған" деп мәлімдеді.
Мәскеу аннексиялап алған Қырым соты Ресейде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" діни ұйымының қызметіне қатысқан деген күдікпен ұсталған тоғыз Қырым татарын 15 мамырға дейін қамауға пәрмен берді. 27 наурызда қабылданған сот шешімі туралы ресейлік журналист Антон Наумлюк хабарлады. Ұсталғандардың бірі Рустем Сейтхалиловтің адвокаты Константин Рустемовтің сөзінше, Сейтхалиловтің ісі бойынша сот отырысы бірнеше минутқа ғана созылған.
28 наурызда тағы 11 қырымдық белсендіге бұлтартпау шарасын тағайындау жайлы сот өтпекші. Билік төрт азаматқа іздеу жариялаған.